Алматының байлары қандай үйлер мен пәтерлерде тұрады?
2017 ж. 15 сәуір
6623
2
Алматыда баспананың бір шаршы метрі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сарапшылар ең қымбат үйлерді немесе пәтерлерді бір ғана санатқа жатқызу оңайға соқпайтынын айтады. Өйткені құны орташа бағадан жоғары тұратын нысандар базада жеткілікті екен.
Осы жайтты зерттеген "Крыша" сатуға қойылған ондаған мың баспананың 1 пайызына ғана тоқталуды жөн санапты.
Қазір Алматыда әрқайсысы 200 миллион теңге, яғни 640 мыңдай доллар тұратын 300 пәтер сатылымға қойылған. Мұндай нысандардың үлесі барлық ұсынылған баспаналардың 1 пайызынан сәл аз.
Алайда сарапшыларды олардан да сирек кездесетін, 500 миллион теңгеден бастап бағаланатын үй-жайлар қызықтырып отыр. Ондайлардың саны 20-дан сәл ғана асады.
Люкс санатындағы баспаналарды Медеу немесе Бостандық ауданындағы тұрғынүй кешендерінің арасынан қарауға болады. Онда үй қауіпсіздік жүйесімен барынша қамтамасыз етілген. Яғни ол қоршауы биік, күзеті бар аумақта орналасқан. Мұнда керемет бақпен қатар бассейн, футбол алаңы және басқа да спорт, көңіл көтеру алаңқайлары бар. Ондай кешендерді "қала ішіндегі қала" деуге болады. Өзінің SPA-салоны, мейрамханасы, тіпті көлік жуу орны бар.
Мұндай үйлердегі пәтерлер бірнеше қабатты пентхаус түрінде де жасалады. Осындай элиталық баспаналардың бір ерекшелігі - олардың көбінесе тау жаққа қарайтын үлкен террасасы болады. Бөлме саны әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бәрі де бесеуден кем емес: 7, 8, 10 және тіпті 12 бөлмелісі бар. Жалпы алатын жері 400 шаршы метрден кем емес. Ал негізінен олар 500-600 шаршы метр болып келеді.
Ал енді жеке үйлердің жайы - бөлек әңгіме. Алматыда миллион долларлық зәулім үйлер аз болмай шықты. Ондай нысандар 6 пайыздай. Және бұл әрбір 20-шы үй деуге болады. Тіпті жарты миллиард тұратын нысандармен де ешкімді таң қалдыра алмайсыз.
Мегаполисте бағасы миллиард теңгеден басталатын зәулім сарайлар нарықта 1 пайызды құрайды.
Кәдімгі миллиардер 10-14 бөлмелі үйде тұрады. Ал жалпы көлемі 800-ден 1500 шаршы метрге дейін жетеді. Жері де әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ орташа 50 сотық болып келеді. Онда міндетті түрде бассейн мен сауна болады. Аулада теннис корты немесе гольфке арналған шағын алаң тұрады. Ландшафттық дизайн, жасанды су қоймасы, ерекше тал-теректер зәулім үй ауласының көркін келтіреді. Аулада, сондай-ақ, гриль жасауға арналған және таза ауада уақыт өткізуге ыңғайлы түрлі орындар болады.
Мұндай зәулім үйлердің дуалдары да биік болады. Күзет қызметі күндіз-түні қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Әрине, бөлек үйлерде тұратын қызметшілері де жеткілікті. Сондай-ақ, мұнда көлікке де жайлы орын бар.