Мұқағалидың атышулы жерлесі БАХА-ФЕСТИВАЛЬ туралы не білеміз?!. (ФОТО)
2016 ж. 08 желтоқсан
8277
10
Қылмыс әлемінде «Баха-Фестиваль» деген лақап атпен танымал Бақыткелді Баясов кім? Қай жердің тумасы? Баха-Фестиваль жайлы жұрт нені біледі, нені білмейді? Біз бүгін осындай сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз…
Бұл туралы Abai.kz порталы жазыпты.
1990 жылдардың басында Қазақстанда алматылық Баха-Фестивальдің (Бақыткелді) дәурені жүрді. Бұл жігіт көпшіліктің есінде аса қатыгездігімен қалды. Өзімен санаспағандардың тақиясын теріс айналдырып жіберетін батырлығы жайлы да аңыз көп. Ол алматылық бауырларын ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстады. Алайда бұл тірлігі ресейлік «шіренушілерге» ұнамады. Ешкімнің алдында тізерлемеген Баха-Фестиваль небір мықтысымақтарды орнына қойды. Ол 1993 жылы жанындағы төрт көмекшісімен бірге көз жұмды. Қазақстандағы рэкеттерге жасалған ең бірінші қастандық та осы Бахаға бағытталды.
Баха-Фестиваль 1963 жылы Алматы облысындағы қазіргі Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген. Кіндігі қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың жырларына арқау болған әйгілі Қарасаздың топырағында кесілген. Райымбек батырдың тікелей ұрпағы. Ол кезде Қарасаз «Энгельс совхозы» деп аталатын. Сол Энгельстен бала Бақыткелді ата-анасымен 3-4 жасында көшіп, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына келіп тұрақтайды.
Бақыткелдінің әкесі Қаматай ақиық ақын Мұқағалидың досы болған. Екі отбасы аралас-құралас болыпты. Тіпті, Мұқағали сәби Бақыткелдіні көтеріп тұрып суретке де түскен екен. Бақыткелді дүниеден озған соң, осы үйге келген қонақтар естелік үшін Баха-Фестивальдің суреттерін алып кететінді шығарады. Бақыттың Мұқағали ағасымен түскен суреті сол кезде қолды болса керек.
1966 жылы Қарасаздан Шелекке көшіп келген соң, Бақыткелдінің балалық шағы қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының Сөгеті ауылында өткен. Бақыткелді өте алғыр бала болып өседі. 1-сыныпты Сөгетіде оқып, одан кейін оқуын Шелек ауылында жалғастырды. Математика мен физика пәндеріне деген қызығушылығының арқасында Алматыдағы О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне қабылданды. 8-сыныптан бастап, бір жарым жылдай сол мектепте оқиды. Бақыткелдінің білімі өз алдына, спорттық қабілеті де жоғары деңгейде болды. Ол спорттық сайыстарда көзге түсіп, артынша өз қалауымен спорттық мектепке ауысып кетеді.
Бақыткелді 17 жасында мектепті тәмамдап, қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетіне (Нархоз) оқуға түсті. 1-курсында әскер қатарына шақырылып, борышын өтеу үшін Ауғанстанға аттанды. 1981 жылы алғашқы лекпен Ауғанстандағы соғысқа қатысады.
Бақыткелдінің батыр болып қалыптасуына соғыстың ықпалы зор болды. Қылмыс әлемінің серкесіне айналуына да сол Ауғанстанда көрген тағдыры әсер етсе керек. Өзгелер бейбіт өмір сүріп жатқан кезде ол Ауғанстанда қан кешіп жүрді. Мұның бәрі Бақыттың санасына әсер еткен.
Әскердегі — Баха. Бірінші суреттегі оң жақтағы бірінші отырған жігіт Бақыткелді.
Екінші суреттегі көзілдірікті жігіт Бақыткелді Баясов.
Ауғанстаннан келе салып, Бақыткелді қайтадан оқуына қабылданды. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты оқуын бітіре алмай, баспаханада жұмыс істеп көреді. Сөйтіп жүргенде Одақ ыдырап, жатжұрттықтар елімізде тайраңдай бастады. Сол тұста қазақтың жүректі жігіттері саясат сахнасына көтерілді.
Бақыткелдінің ағасы Амангелді Баясов інісі жайлы сұхбат бергенде: «Мен сізге бір мысал айтайын. Қазақтың белгілі боксшысы Бекзат Сатарханов жиырма жасында өмірден озды. Сөйте тұра, ол өмірге келгендегі миссиясын толық атқарып, Сидней Олимпиадасында қазақтың туын көкке желбіретті. Меніңше, Бақыткелдінің де өмірге келгенде атқаруы тиіс өзіндік миссиясы болды. Ол сол миссияны адал атқарып, өз заманының батырына айналды. Көп азаматтарға көмек қолын созды. Күштілердің бәрі Бақыттан ығатын-ды. Оның жаны әділдікті қалайтын, тәртіпті жақсы көретін, айтқанын орындайтын, орындатқызатын. Мұның бәрі өнер. Бір ғана мысал, Бақыткелді Өскемендегі шешендер мен қазақтар арасындағы түйткілді мәселелерді шешті. Осы оқиғадан кейін оның абыройы қатты өсті» депті.
Рас. Сол тұста Бақыткелдінің абыройы қатты асқақтады. Грозныйдан қылмыс әлемінің жігіттері келіп Бақытқа: «Алматы бай қала екен. Осы қаладан бізге жұмыс істейтін бір аудан бер», – деп өтініш айтады. Олар өте үлкен дайындықпен келіпті-міс. «Жоқ» деп айтса, атыс болып, көп адамның өміріне қауіп төнеді. «Иә» дейін десе, «Қазақстандағы барлық мәселені өзіміз шешеміз» деген қағидасына қарсы болады. Бақыткелді әлгі жігіттерге: «Жарайды, Алматыдан бір аудан алыңдар. Бірақ бізге Грозныйдан дәл сондай аудан бересіңдер», – депті. Осы сөзден кейін астамсыған жатжұрттықтар не дерлерін білмей сасып қалады.
Бақыткелдінің осы бір сөзі қанатты сөзге айналып кетті. Бақыткелдінің жолдастары оның адал адамның бәрімен дос болатынын айтады. «Талай жігітке жәрдемдесіп, қолынан келген көмекті аяған жоқ» дейді олар. Баха-Фестиваль қазақтың белгілі қайраткер ұлы Асанбай Асқаровтың басына іс түскенде де қол ұшын созған. Түрмеден шыққан соң Асанбай ағаға «Волга» мінгізді. Асанбай Асқаров Бақыттың осы жақсылығына риза болып, әке-шешесіне алғыс айтып, арнайы келіп, қонақ болған көрінеді.
Кеңес Одағы ыдыраған тұста елімізде бейберекетсіздік басталды. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауы тиіс мемлекеттік құрылымдар өз құлқынының құлы болып кетті. Ешкім ешкімге сенбейтін, қазір жасалған келісім-шарт қазір бұзылатын… Бірін-бірі алдаған, бірін-бірі тонаған заманда кімнің ақшасы көп болса, прокурор да, сот та соның сөзін сөйлейді. Осындай әділетсіздікке Бақыткелділер шыдаған жоқ. Ұлтына, нәсіліне қарамай әділетсіздікке қарсы тұрды. Оның атының әлі аталуы, абыройының халық санасынан өшпеуі неліктен деп ойлайсыз? Бұл – әділдігінің арқасы.
Бақыттардың қызметіне шенеуніктердің де жүгінген кездері болды. Бір күні Бақытқа бір жақсы танысы келіп, туысының әлдекімнен алданып қалғанын айтыпты. Бақыт дереу екі жақты да шақыртып сөйлеседі. Бақыттың танысы арқылы келген адам асқақтап, ал екінші тараптағы жігіт қобалжып отырады. Бақыт екеуін беттестіріп, әділдік танысы жақта емес екенін біледі де, істі қобалжып отырған жігіттің пайдасына шешіп береді. Сонда ол таңғалып: «Бұл өмірде дәл осындай әділ адам бар деп ойламаппын», – депті.
Бақыткелді 1993 жылы 7 қазанда Алматыдағы Жандосов көшесінің бойында орналасқан №12 емханада көз жұмды. Қастандық Кеңсай жақтағы Асқар деген досының үйінде жасалған. Амал не, ауыр жараланған Бақыткелді 11 қазан күні, яғни 30 жасқа толған туған күнінде жер қойнына тапсырылды.
Бақыткелді Қаматайұлы Райымбектегі атындағы мешіт
Баха-Фестиваль қайтыс боларынан бір жыл бұрын достарына мешіт салу туралы ойын айтқан. Сол ойын іске асыру үшін Алмаарасанға барар жолдан жер де алады. Бірақ, бұл мешіт салынып бітпей жатып, Бақыткелді қаза тапты. Кейіннен бауырлары бірігіп, аталған мешіт бой түзеді. Қазір Бақыткелді Қаматайұлы Райымбектегі атындағы мешіт өзі ойлағандай рухани орталыққа айналып, жұмыс істеп тұр.
Автор: Шәріпхан Қайсар