Маңғыстау облысынан Едіге қолбасшының мазары табылды (фото)
2016 ж. 22 қыркүйек
8163
8
Маңғыстау облысында тарихи мазар табылды. Тарихи ескерткіш Алтын Орданың беделді басшыларының бірі Едіге қолбасшыға тиесілі болуы мүмкін. Мазардың суреттері желіде тарап үлгерді. Бұл туралы stan.kz хабарлайды.
Едіге 20 жыл бойы Алтын орданы басқарды. 1399 жылы Литваның князі Витовт пен Литваға қашқан Тоқтамыстың әскерлерін құртып, 16 шайқастан кейін оларды жеңген. Мемлекетінің гүлденген шағында Едігенің қол астында 600 мың атты әскер болған. Ол кезінде Бату хан жаулаған жерлерді басқару әлеуетін Алтын Ордаға қайтарған басшы.
Едіге қайтыс болғаннан кейін Ноғай ордасын оның ұрпақтары басқарды. Кейін оны қазақ ханы Қасым өз мемлекетіне қосып алған. Едіге қожа руынан шыққан Қожа Ахмет Яссауидің тікелей ұрпағы болып табылады. Одан бөлек, Едіге түркі халықтарына ортақ «Қырымның қырық батыры» эпосының қаҺарманы.
Экспресс-К Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы басшысының орынбасары Марат Өтесіновпен тілдескен. Ол өз кезегінде мазардың табылғанын растады. Алайда бұл жерде расымен де Едіге қолбасшының жерленгенін әлі сараптама растауы тиіс.
«Мазарды зерттеу барысында араб тілінде «Едіге» деп қашалып жазылған тас табылды. Ал моланың өзі Маңғыстау облысының ескерткіштер тізіміне 2008 жылы енген болатын. Мазар өте қатты зақымдалған», – деп атап өтті Марат Өтесінов.
Айта кетейік, Едіге Тоқтамыстың ұлдарымен шайқас барысында Қазақстанның батыс аймағында мерт болған. Бұған дейін, жұрт қолбасшыны Қарағанды облысындағы Ұлытау тауына жақын маңда жерленген деп есептеген еді.