Куәгер Баян Есентаеваны ұрып-соғу оқиғасының мән-жайын айтып берді (фото)
2016 ж. 11 маусым
7991
18
Куәгер Баян Есентаеваны ұрып-соғу оқиғасының мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Күдікті ретінде оның күйеуі тіркелгені белгілі.
Алдын ала мәлімет бойынша, Есентаева зардап шеккен қақтығыс 10 маусымда Құлжа тас жолында Еңбекші ауылының маңындағы жанар-жағармай бекетіне қарама-қарсы тұста болған. Tengrinews.kz тілшісі оқиға болған жерге барып, куәгермен әңгімелесті.
Болжам бойынша жанжал шыққан орын. © Tengrinews.kz
Куәгердің айтуынша, жанармай құю бекетіне қарама-қарсы тұста екі көлік тұрған. Олардың маңында ер адам мен әйел ұрысып жатқан. "Шулы орын болғандықтан олардың айғайы естілмеді. Ер адам көшеде тұрды, әйел болса көлікті айнала жүгіріп, терезесін қағып жатты. Бастапқыда назар аудармадық, қыз бен жігіт ұрысып жатқан шығар дедік те қойдық. Кейін ғана танымал адамдар екенін білдік", - дейді куәгер.
Қарсы бетте жанармай бекеті орналасқан. © Tengrinews.kz
Оның айтуынша, көліктер шамамен 15-20 минут тұрған. Есентаеваның соққыға жығылған сәтін ол байқамапты, бір уақытта екі көлік те кетіп қалыпты. Кейін оқиға орнына жедел жәрдем келген, бірақ куәгердің айтуынша, ол жақта ешкім болмаған. Ал Баян Есентаеваның ауруханаға қалай жеткені әзірше белгісіз.
© Tengrinews.kz
Сонымен қатар, тілші Талғар ауданындағы Орталық ауруханада болды. Мұнда болжам бойынша Есентаева жатыр. Ауруханадағылар продюсердің ауыр жағдайда келіп түскенін және жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.
Бұл дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті ретінде оның күйеуі тіркелген. Оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Бұл мәліметті ІІД өкілдері растап отыр.
Естеріңізде болса бұған дейін Баян Есентаеваны өз күйеуі соққыға жығып, ауыр қалде жатқанын айтқан болатынбыз.
Дерек көзі: tengrinews.kz