Қазақстанда өткен ерекше үйлену тойлары
2015 ж. 07 желтоқсан
7098
0
Үйреншікті үйлену тойларының үлгілері кей жас жұбайларды мезі еткен сыңайлы. Олар бұл маңызды күнді елден ерекше ету үшін түрлі жаңалықтар енгізіп әлек. Тойын автосалонда, балалар үйінде, тіпті аспанда да өткізіп жатқандар баршылық.
Аспанда той өткізу
2011 жылы Алматыда ерекше той өтті. Қалыңдықтың әкесі жас жұбайларға тосын сый жасап, некелерін 13 мың метр биіктікте қиды. Ұшақ командирі қызметін атқаратын ер кісі қызының некесін өзі тіркеуге алған.
Subaru фанаттары тойын автосалонда өткізді
Тағы бір алматылықтар тойын автосалонда өткізіп, көпшілікті таңғалдырды. Subaru фанаттары қатарындағы жас жұбайлар той кортежіне де көк түсті Subaru көліктерін пайдаланған.
Той иелері Иван Кулебякин мен Юлия Дунчева салтанатты киімдерінен бастап, 10 көліктен тұратын кортежге дейін барлық таңдауды өздері жасаған.
Техникалық қызмет көрсету стансасындағы той
Тағы да Алматы тұрғындары Егор мен Анастасия Савченко өзгелерден ерекше той өткізді. Олар тойға өте ескі көлікпен шығуды жөн санаған. Кейін сценарий бойынша, жол полициясының қызметкері мұндай ескі көлікпен қала ішіне жібере алмайтынын ескертеді. Той иелері мен қонақтар жабылып көлікті бояуға кіріседі.
Ең қызықтысы, жас жұбайлар некесін тіркеу үшін қолдарын ресми АХАЖ құжатына емес, “отбасылық өмірдің техникалық құжатына” қойған. Ал неке сақиналары көліктің алтын жалатылған қақпақтарынан жасалған.
Лимузиннің орнына қалалық автобус
Ақтөбеде күйеу жігіт өз сүйіктісін лимузинмен емес, қоғамдық көлікпен алып кетті. Ол автобусты жүрекпен, фотомен және шарлармен безендіріп те қойған.
Егіз қыздарға үйленген егіз жігіттер
Ақтауда егіз жігіттер Төребек пен Жолдасбек егіз қыздар Асыл мен Айымға үйленді. Бұл туралы егіз жігіттердің ағасы Сұлтан Ұзақбаев хабарлады.
Жастар Орал қаласында танысқан. Жас жұбайлар көпшіліктің ерекше назарына ілікті.
Нұрсұлтан Назарбаевты тойға шақыру
Қостанайда жас жұбайлар тойына президенттің өзін шақырудан тайынбады.
Нәтижесінде тойға Қостанай облысының әкімі Нұрәлі Сәдуақасов келіп, жас жұбайларға президенттің құттықтауын жеткізді.
Балалар үйіндегі той
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ұйымдастырған той көпшіліктің мақтауына ие болды. Жас жұбайлар Мейірман мен Сәния дүркіретіп тойды мейрамханада өткізудің орнына ең маңызды күдерін балалар үйінде өткізген. Олар той дастарханын кішкентайларға жайып, қуанышын балақайлармен бөліскен.
Дереккөз: NUR.KZ