МЕРЕЙЛІ БОЛСЫН МЕРЕЙТОЙ!
2026 ж. 22 қазан
39
0
Қасиетті Түркістан өлкесінде Шардара ауданы Қоссейіт ауылындағы орта мектепті 1979 жылы бітірген кластастарымыздың ішінде Гүлзира (Гүлжар кейін болды))) озат оқушы, ерекше белсенді, ұлдардың өзіне есе жібермейтін, кез келгенімен алыса кететін өжет қыз болды.
Ол кезде қасиетті Рамазан айында оразада балалардың барлығы үй аралап, жарамазан айтамыз. Беретіндері кәмпит-күлше, құрт-бауырсақ, тиын-тебен.
Сонда мектепте бірінші кластан бірге оқып, бірге өскен, бір көшеде тұратын Батыр досым марқұм: “Анау Гүлзира Қарамырзаева тұратын көшеге бармаңдар, үйіне жоламаңдар, жарамазан айтып жүр” деп апайға айтып береді. Өткенде ләңгі ойнағанымызды айтып берген”-деп қатты сақтандыратын.

Ал кейін Алматыға оқуға түскенде ашқұрсақ студенттерміз ғой, Батыр екеуміз басымыз қосыла қалса, ол: “Жүр, Гүлзираға барайық, оның шәйі, тамағы дайын тұрады”-деп Қыздар институтына жиі баратын едік. Кейін мен айтып, күлеміз ғой, “Мектепте Гүлзираның үйі түгілі, көшесіне барма дейтін едік, енді институтта ең көп баратынымыз Гүлзираның жатақханасы болды ғой!”-деп.
Енді сол Гүлзира кластасымыз 1985 жылы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітіріп, "Қазақстанның Құрметті кітапханашысы" атағын алған, "Кітапхана ісінің шебері" медалының иегері. Түркістан облысы Мақтарал ауданының орталық кітапханасында 40 жылдан астам меңгеруші болған Гүлжар Жаныс Әбдіқадырқызы бүгінде асқаралы 65 жастың асуына шығып отыр.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың “Кітап оқитын зерделі ұлт қалыптастыру” бастамасы халықтық қолдауға айналғанда, ең алдымен озық оқырмандармен қатар өмірі кітаппен бірге өтіп келе жатқан кітапханашыларымызды да құрметтеу керек екені белгілі.
Гүлжар Жаныс Әбдіқадырқызы Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тумасы.
1969 жылы Шардара ауданы Қоссейіт ауылындағы мектепке барып, 1979 жылы бітірген.
1985 жылы Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітіріп, жолдамамен Мақтааралға келіп, аудандық орталық балалар кітапханасына меңгеруші болып қызметке тұрады. Сол салада , бір мекемеде 40 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Қызмет еткен жылдар барысында ҚР Президенті Жарлығымен "Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл" медалымен марапатталды. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының "Қазақстанның құрметті кітапханашысы" медалымен және "Кітапхана ісінің шебері" медалдарының иегері атанды.
ҚР Мәдениет министрінің Алғыс хатына ие болды.
Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысқаны үшін ҚР Ардагерлер ұйымының "Елеулі еңбегі үшін" медалымен марапатталды.
Зейнеткерлік демалыста жүрсе де, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мақтарал аудандық әжелер алқасының мүшесі.
Гүлжардың қырық жылдай қол ұстасып келе жатқан ері, Мырзашөлдің мырзасы Әлімжан Жаныс Намазұлы да жемісті жетпіс жасқа толып отыр. Біздің бәріміз қорқатын Гүлзира кластасымызға үйленген Әлекең де мықты екен! Ол 1985 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылық институтын бітіріп, Мақтааралға келіп инженер-механик болып қызмет етеді. Уақыт өте келе ұстаздық қызметке ауысып, 35 жыл ұлағатты ұстаз болып, еселі еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен, ҚР Ардагерлер ұйымының "Елеулі еңбегі үшін" медальімен марапатталды. Ұстаздар отбасы: өзі, ұлы, қызы, келіні ұстаздар қауымы.
Әлімжан мен Гүлжар үш перзент, екі келін, сегіз немере өсіріп отыр.
Сол алтын асықтай немерелерінің бірі Әлинұр баламыз да атқа мініп, сүндет тойын тойлап, атасы мен әжесінің тойын күшті қыздыруда! Әлинұр Алаштың ардақты азаматы бола бергей деп тілейміз!
Біздің бүгін достарымыз Гүлзира мен Әлімжанға айтар Ақ тілегіміз: Мерейтойларың құтты болсын!
Ең бастысы Денсаулықтарың мықты болсын!
Төл Мереке мол Берекеге айналсын!
Босағаңа бақ пенен құт байлансын!
Шаңырақта шапағат пен шаттық шалқи берсін!
Үйлеріңде әрдайым әлди мен ән-күй болсын!
Көңілдерің келісті, өмірлерің жемісті де, жеңісті бола берсін!
Ойларыңа шуақ, бойларыңа қуат тола берсін!
Алла жар болып, Жұлдыздарың жарқырай берсін!!!!
Ізгілікті әрдайым іздеп өткін,
Бүгінгі күн тамаша, бізге ерек күн!
Атқа мінер балалар азамат боп,
Жүздерің жарқын күйде Жүзге жеткін!
Әрқашан Ақ жол тілейміз!
Құрметпен, кластастар атынан Қазыбек ИСА.
22 қазан 2026 жыл