АТЫҢА САЙ АРТА БЕРСІН ҚАЙРАТЫҢ!
2026 ж. 08 шілде
63
0
Қадірлі Қайрат құдамыз, Алпыстың асқар асуына шыққан мерейтойыңыз құтты болсын!
Асыл жарыңыз, құрметті құдағиымыз Гүлнәр ханым екеуіңіз үлгілі етіп өсірген қос қызғалдақтарыңыз Іңкәр мен Шырыннан өрбіген шырын балалардың қызығына бөлене беріңіздер!
Туған күніңіз Құтты болсын!
Ең бастысы денсаулығыңыз мықты болсын!
Төл Мереке мол Берекеге айналсын!
Босағаға бақ пенен құт байлансын!
Шаңырақта шаттық пен шапағат шалқи берсін!
Әр күніңіз әлди мен ән-күй болсын!
Өміріңіз жемісті де, жеңісті болсын!
Көңіліңіз келісті болсын!
Осылай әрдайым Сіз дүниеге келген жайдары жаздың жарқын күніндей шуақты, қарқыны зор қайратты да, қуатты болып жүре беріңіз!
Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін!
Әрқашан Ақ жол тілейміз!
Құтты болсын құдеке, Алпысыңыз!
Алпысыңыз - асулы тал түсіңіз.
Шаңырағың шаттықпен шалқи берсін,
Жақсылыққа арналсын бар күшіңіз!
Құтты болсын құдеке, Алпысыңыз!
Мерейтой бұл тамаша, бізге ерек күн,
Асуларды алады сіздегі екпін.
Жарыңызбен жарасып, қол ұстасып,
Жүзің жарқын күйіңде Жүзге жеткін!
Ағайынға белгілі айбатыңыз,
Аламанға әрдайым сайлы атыңыз.
60 деген -екі 30, атыңа сай,
Арта берсін екі есе Қайратыңыз!
Құрметпен, құдалар атынан, Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдар депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.



