ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ БИІК БЕЛЕСІ
2026 ж. 30 маусым
62
0
“Қариясы бар үйдің қазынасы бар” деп қазақ халқы тегін айтпаған.
Ерлерімен бірге тізе қосып, тірлік етіп, ала таңнан қара кешке дейін ешқандай сағатпен өлшенбейтін елдің ауылшаруашылығында бейнет еткен аналарымыздың еңбегін ардақтау біздің міндетіміз.
Мың айдың жүзін көрген аяулы ана, асыл әже Рәбиға Шоқпарқызын 85 жастың сеңгіріне шыққан мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!

Өмір жолы – адал еңбекпен, мейірім мен сабырлылықпен өрілген жандар қашанда ел құрметіне бөленеді. Сондай абзал жандардың бірі – ардақты ана Рәбиға тәтеміз.
Рәбиға Шоқпарқызы 1941 жылы Талдықорған облысы, Гвардия ауданының Шұбар ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, 1961–1991 жылдар аралығында Жер жәннаты Жетісу аймағында, жазиралы Жаркент өңірінде, қоңырсалқын Қоңырөлең ауылындағы қой шаруашылығында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Мал шаруашылығына маңдай терін төгіп, қандай жұмыстар болса да, адал атқарып, еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында ауылдастарының зор құрметіне ие болды.

“Бесеу тапқан ананы, бегім десе болады” дегендей, алты бала тәрбиелеп өсірген нағыз Рабиға бегім мен асыл жары, балалардың асқар тау әкесі Зейнеке ағамыз екеуі балалардың бойына адалдықты, еңбекқорлықты, адамгершілікті сіңіре білді. “Өмірдегі ең үлкен байлығым – отбасым.”-дейтін ананың бүгінде перзенттері еліміздің әртүрлі саласында абыроймен еңбек етіп, кәсіптерінің нәсіптерін көріп, ата-ана тәрбиесінің жемісін көрсетіп келеді. Ұрпағы өсіп-өніп, балалардың қызығына бөленіп отырған аяулы ана бүгінде үлкен әулеттің алтын қазығына, ақылшысы мен берекесіне айналды.
“Мырзаның мың жылқысы өзеннен су ішкенде төмендегі елге су жетпей қалады екен” деген аңызға айналған берекелі әулеттің үлкені болып отырған әзіз әжеге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасы амандығын тілейміз. Немере-шөбере, шөпшектеріңіздің қуанышын көріп, әрдайым ортамыздың шырағы болып, ақ батамен қуантып, той-думанда әдемі әніңізді шырқап қойып жүре беріңіз.

Деніңізге саулық, ғұмырыңызға ұзақ жас, шаңырағыңызға бақ-береке, ұрпақтарыңызға амандық тілейміз!
Өзіңізді сыйлаймыз бәріміз де.
Ақыл-кеңес керек қой әлі бізге.
Тойдың төрін толтыра беріңіздер,
Сәніңізге жарасып әніңіз де!
Алға тартып біздерді Сіздегі екпін,
Мерейтой бұл - ел үшін ізгі, ерек күн!
Алла қолдап, шаңырақ шадыман боп,
Жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жеткін!
Ізгі тілекпен, туыстар, күйеу балалар мен қыздар атынан Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин сыйлығының лауреаты.