Қош бол, балабақша!

Қош бол, балабақша!

Балалық шақтың балдәурен күндері артта қалып, арманға толы жаңа белеске қадам басар сәт те келіп жетті. Қаскелең қаласындағы «Айгөлек» балабақшасында «Рауан» тобының тәрбиеленушілеріне арналған «Қош бол, балабақша!» атты әсерлі мерекелік кеш өтті. 

Бұл күн – бүлдіршіндер үшін ғана емес, олардың ата-аналары мен тәрбиешілері үшін де толқынысқа толы ерекше сәт. Кеше ғана балабақша табалдырығын именіп аттаған даярлық тобының бүлдіршіндері бүгін қанаттанып, білім жолына қадам басқалы тұр.

Мерекеге жиналған ата-аналар мен қонақтар әсем безендірілген залда балалардың өнеріне куә болды. Салтанатты кеш барысында түлектер бірінен соң бірі ортаға шығып, тақпақтарын мәнерлеп оқып, әсем әндерін шырқап, мың бұрала биледі. Әрбір баланың сахнада көрсеткен өнерінен бақшаға деген сағынышы мен ризашылығы, мектепке деген құлшынысы анық сезілді.

«Айгөлек – тал бесік», «Біз мектепке барамыз», «Рахмет тәрбиеші апайға», «Бітіруші түлектер» әндері кештің сәнін келтіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал балалардың орындауындағы билер мерекенің ажарын аша түсті.

Кештің қызықты бөлімдерінің бірі – Білім ханшайымының келуі болды. Ол болашақ оқушылардың білімін сынап, түрлі жұмбақтар мен ойындар ұйымдастырды. Бүлдіршіндер тапсырмаларды мүдірмей орындап, мектепке толық дайын екендіктерін дәлелдеді. Санап, есеп шығарып, сөз талдаған балалардың білім деңгейі ата-аналар мен қонақтарды қуантты.

Сайқымазақ Еркетайдың қатысуымен өткен көңілді көрініс мерекеге ерекше шаттық сыйлады. Балалар оған мектепке қажетті құралдарды түсіндіріп, білімнің маңызын ұғындырды. Ал ата-аналар мен балалардың бірлескен ойындары мерекелік кештің көркін қыздыра түсті.

Ертеңгіліктің ең әсерлі тұстарының бірі – балабақшаның кіші топ тәрбиеленушілерінің құттықтауы болды. Аға-әпкелерін мектепке шығарып салуға келген кішкентай балапандар жүрекжарды тілектерін айтып, олардың алдағы оқу жолына сәттілік тіледі. 

Мерекеде балалар өздеріне тәлім мен тәрбие берген барша балабақша қызметкерлеріне алғыс айтты. Өлең жолдары арқылы меңгерушіге, тәрбиешілерге, музыка жетекшісіне, психологқа, медицина қызметкерлеріне, дене шынықтыру және жүзу нұсқаушыларына, тәрбиеші көмекшілеріне, асхана мен шаруашылық қызметкерлеріне деген ризашылықтарын білдірді. Балалардың шынайы ықыласы мен жүрекжарды сөздері ұстаздар қауымының еңбегіне берілген үлкен баға болды.

Кеш соңында «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Нұржігітова: 

– Бүгін біз үшін ерекше күн. Кеше ғана балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміз есейіп, мектепке жол тартып отыр. Осы жылдар ішінде балаларымыз білім алып қана қоймай, достықты, сыйластықты, үлкенге құрмет көрсетуді үйренді. Енді олардың алдында жаңа белес, жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр. Барша түлектерімізге сәттілік, таудай талап, зор денсаулық тілеймін. Әрқашан ата-аналарының мақтанышы, елінің абыройлы азаматы болып өссін. Ақ жол, жас түлектер! – деп ақ тілегін білдіріп, түлектерге дипломдар мен естелік суреттерін табыстады. 

– Перзенттеріміздің балалық шағының ең шуақты кезеңі осы балабақшамен байланысты. Осында олар алғаш достықты таныды, алғашқы әріптерді үйренді, өнер мен білімге қадам басты. Олардың әр жетістігіне қуанып, әр қадамын бірге бақылаған балабақша ұжымына ата-аналар атынан зор алғысымызды білдіреміз. Балаларымыздың қанаты қатайып, әрбір арманы орындала берсін! Әр балаға бақытты балалық шақ тілеймін! – деп ата-аналар да өз тараптарынан ізгі тілектерін айтты. 

Ата-аналар әсіресе «Рауан» тобының тәрбиешілері Жанар Сейдашева мен Әсел Қоныспаеваларға айрықша алғысын білдірді.

«Айгөлектің» түлектері енді мектеп табалдырығын аттап, білімнің кең әлеміне жол тартады. Әрбір балапан білімнің биігінде самғай берсін!

Гүлмира САДЫҚ,

«Рауан» тобындағы бүлдіршіннің анасы, «Айгөлек» балабақшасы

Қаскелең қаласы, Қарасай ауданы