Сансызбайға сансыз байлық тілеймін!

Сансызбайға сансыз байлық тілеймін!

Қадірлі Сансызбай дос 1979 жылы Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылындағы Сырдария мектебін бітірген кластастардың ішіндегі ең сабырлы, қарулы жігіттердің бірі болды. Артық сөзі жоқ, досқа адал, туралықты жақтайтын салмақты жігіт ретінде ағайын, туыс, ортасына абыройлы азамат!

Біздің үй Қоссейіт ауылынан Қызылқұм ауылына көшіп кетіп, 10-шы класты сонда оқығанда, артымнан іздеп келген екі достың бірі Батыр, бірі осы Сансызбай еді. Қызылқұмда қыдырып, біраз қызыққа батқанымыз күні кешегідей көз алдымда.

Кейін Сансызбай Шымкент қаласында шина зауытында жұмыс істеді. Сол кезде Алматыда студент болып жүрген біздер Шымкентке қыдырып келіп кететінбіз. Кейін мен Қызылқұмда ауылда мұғалім болып жүргенде де Шымкентке Сснсызбайға барып келіп жүретінбіз.

Сансызбайдың сансыз қызықтарын айтсаң, таңнан таңға дейін кетеміз.

Сансызбай дос қазір ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған өнегелі отбасы иесі. Бүгін асқаралы 63 жасқа, парасатты пайғамбар жасына толған тойы! Өмірдің ыстық-суығын бірге кешіп, қол ұстасып, қатар келе жатқан асыл жары Гүлзаһира да 63-ке толып отыр. “Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын” дегендей, сүйікті немерелері Ибраһим мен Омардың мұсылман болған сүндет тойы да болып жатыр.

Той тойға ұласа берсін қадірлі Сансызбай - Гүлзаһира!

Сансызбай деген атыңа сай сансыз байлық иесісің сен қазір! Ол байлық - мынау тойыңа келген қадірлеген қалың тілектестерің, ардақтаған ағайын-достарың, алтын асықтай балаларың мен немерелерің!

Бүгінгі пайғамбар жастарың Құтты болсын!

Ең бастысы Денсаулықтарың мықты болсын!

Төл Мереке мол Берекеге айналсын!

Босағаларыңа бақ пен құт байлансын!

Шаңырақта шапағат пен шаттық шалқи берсін!  

Үйлеріңде әрдайым әлди мен ән-күй болсын!

Көңілдерің келісті, өмірлерің жемісті де, жеңісті бола берсін! 

Жадыраған жаздың тамаша айы тамыздай ойларыңа шуақ, бойларыңа қуат тола берсін! 

Ұл-қыздарың жұлдыздарыңа айналып, жарқырай берсін!!!!

Немере-шөберелер көбейе берсін!

Керегелер кеңейе берсін!

Құдай қуат беріп, Алла жар болсын!

Әрқашан Ақ жол тілеймін!

Пайғамбар жас құтты болсын досым-ау!

Ақ тілегін айтуда ел осынау.

Құтты болсын балалардың сүндеті!

Бала тойы - ата-ананың міндеті!

Мұсылман боп атқа мінсін ұлдарың,

Жақсылыққа толы болсын жылдарың!

Алла қолдап жырын мендей сүлейдің,

Атың сай 

Сансызбай дос, сансыз байлық тілеймін!

Иман жолын жалғап жүрсің ізгі, ерек,

Жүзің жарқын күйде досым, Жүзге жет!

Құрметпен, кластас-достар атынан, Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері.

7 тамыз 2025 жыл