АҚ ОТАУҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕЙМІЗ!
2024 ж. 13 шілде
10546
0
Жер жәннаты Жетісудың, жазиралы Жаркент өңірінде, қоңырсалқын Қоңырөлең ауылынан түлеп ұшқан қадірлі Бауыржан бауырымыз бен ақ пейілді ақмаңдай Лаура достарымыз, тұла бойы тұңғыштарың Дәурендей ұлды үйлендіріп, алақандарыңызға Дәмирадай ай дидарлы ақ келін қондырып отырғандарыңыз құтты болсын!
Баукеңе рахмет, Қорғаныс саласында басшылықта жүрген полковник елді ғана емес, тілді де қорғап жүрді. Әрқашан ұлттық мүддемізді қорғаған күресімізде бізге де қуат беріп, тілеулес болып келеді.
Құрметті мыңжылдық құдаларға қош келдіңіздер дейміз!
Әрбір шаңырақ көтерген жас отау - Тәуелсіз Қазақстанға қосылып жатқан құтты шаңырақ деп білеміз.
Ал Дәурен мен Дәмираның тойы - жадыраған жаз айында болып отыр екен!
Жүректері бірге соғып, Ақ отау құрып, көтерген шаңырақ шапағат пен шаттыққа бөлене беруін бір Алла нәсіп етсін!
Жас шаңырақ та, Тәуелсіз еліміздің шаңырағы да берік бола бергей!
Ақ отауға Ақ жол тілейміз!
Бақытты болыңдар!
Той-тойға ұлассын!
Жыр жолдарымен Ақ отауға Ақ бата - Ақ тілек жолдап отырмыз.
Бақыт құсы қонса баққа -саяға,
Қуанбайды қандай әке, қай ана?!.
Дәурен деген атыңа сен сай болып,
Дәмирадай аққуыңды аяла!
Ақ тілектер ақ қанатын жаяды.
Алашыңа ақ келін бол аялы.
Аналардың шашып елге шуағын,
Бабалардың салтын ұста саялы.
Болашаққа аттандыңдар ат мініп,
Алдарыңнан шықсын күліп сәттілік!
Тәтті болсын өмірлерің әрдайым,
Дастарханға жайылған соң тәттілік!
Шаңырақты көтеріңдер сәнді ғып,
Әлдилерің жүрсін ішін ән ғылып.
Ақ отауға Ақ жол біздер тілейміз,
Жұлдыздарың жарқырасын мәңгілік!
Құрметпен, достарының атынан, Қазыбек ИСА
13 шілде 2024 жыл.
Алматы қаласы