СЕРІК СЕРІ
2023 ж. 17 қыркүйек
11635
0
Біздің елдің ұлт зиялыларын сөз зергері, академик Бауыржан Омарұлының сыйқырлы қаламына ілінгендер мен ілінбегендер деп екіге бөлуге болады. Енді сондай құрметке Serik Zhanbolat бауырым да ие болыпты!
Иә, Серік сері қандай құрметке де лайықты!
Тарлан Шерағаңнан бастап, талай қаламгердің газеттен телеарнаны барып түлеткенін білетінбіз. Ал мен білгенде, Серік телеарнадан газетке келіп, алғашқы бас редакторы ретінде басылымды басты
газеттердің біріне айналдырып, “Айқынның” айқын үнін танытқан талант!
Қазір “Алаш айнасы” сайтын айшықты етіп шығарып келеді.
Серіктің ел біле ме, білмей ме, білмеймін, мен білетін бір қыры - сазгерлігі. Ол менің екі өлеңіме ән жазды. Біріншісі, осыдан кемі он бес жылдай бұрын “Қазақ әдебиеті” газетіне шыққан топтамамнан “Қоштасамыз бір күні” атты ғашықтық ғазалыма жазылған әсем ән. Екіншісі “Ақ етік киген аппақ қыз” деген өлеңіме жазған әдемі ән! Оны қайдан тапқаны есімде жоқ, бәлкім фейсбуктен болар…
Бір өкініштісі, екеуінің де әншісі табылмай тұр!
Серік анда-санда бізге “Ақ жолға”, курстас досы Арман Сқабылұлына келіп жүреді. Екеуінің емен-жарқын әзілдері жараса кетеді. Жарқылдап, жарқын күліп отырады риясыз таза ақ көңілмен!
Серік достыққа адал, айтқан сөзінде тұратын табанды жігіт. Кейбіреулердің кеше бір жерді жағалап жүріп, кейін сол жерді жалалап жүретін сужұқпас сумақайлығын суқаны сүймей, сүйкеп жіберетіні де бар!
Төл мерекең мол берекеңе жалғаса берсін Серік бауырым!
Шаңырағың шапағатқа бөлене бергей!
Алла жар болып, Жұлдызың жарқырай берсін!
Әрдайым Ақ жол тілеймін!
Ән айтсаң кетер елдің еріп шері,
Биіктерге шығарды ел сеніп сені!
Қуат ап күй тараған гитарадан,
Жасай бергін жалынды Серік сері!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні