ЗАМАНДАСТАР, ҚАРЛЫҒАШТАР ҚАЙДА ЕКЕН?..

ЗАМАНДАСТАР, ҚАРЛЫҒАШТАР ҚАЙДА ЕКЕН?..

Сұлу Сырдың бойында қазақы қаймағы бұзылмаған, береке-бірлігі мықты Байтоғай атты әп-әдемі ауыл бар. Бұрын Қызылқұм ауданы құрамында болған, қазір Арыс ауданына қарайды.

Байтоғайдың Сырдария жақ батыс беті шөбі шүйгін, жиде мен жыңғылының жұпар иісі аңқыған жанға жайлы тоғайлы болып келеді, ал шығыс жағы кәдімгі қазақтың көк майсалы, қызғалдақты кең даласы, жаңбыр жақсы жауған жылдары елден ерекше түрленіп, «Құдайдың кереметін көргің келсе көктемде Байтоғайға бар» деп айта алатындай сұлу сипатқа бөленеді.

Сол ауылда қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова атындағы мектеп түлектерінің (1968-1978), яғни менің қымбатты кластастарымның қырық бес жылдық кездесуі болып өтті.

Иә... біздің мектеп бітіргенімізге биыл 45 жыл болыпты. Арада сынаптай сырғыған уақыт өткен сайын, мүмкін біз есейген сайын ба екен, өткен күндерге деген сағыныш жүректі сыздата түседі. Алтын ұя мектебімізді бітіре салысымен жан-жаққа қарай бытырай ұштық. Әрқайсымыз өмірден өз орнымызды табамыз деп оқу оқыдық, отбасын құрдық, балалы-шағалы болдық. Осындай қым-қуат өмірмен жүргенде бір-бірімізді іздеуге мұршамыз болмады. Бірақ көрген жерде бір-бірімізге деген достық сезіміміз суыған емес. Бүгінде барлығымыздың балаларымыз өсіп, немере сүйіп, зейнетақы жасына жақындаған мамыражай өмірге ауыстық. Біздің кластың кешегі жігіттері ата, қыздары апа атанғанмен он жыл бойы бірге оқып, бауырдай болып кеткен сыныптастарымызды көрсек, кездесіп балалықтың бал дәурен күндерін еске түсірсек деген құштарлық барлығымызды мазалағаны рас. Тіптен, арамызда бірін-бірін көрмегелі қырық бес жыл болған сыныптастарымыз да бар екен.

Әрине, елдің қарыштап даму деңгейіне байланысты қазір Байтоғайдағы балалар жаңа салынған типтік мектепте оқиды, біздің білім алған мектеп ғимараттары балабақшаға айналдырылыпты.

Кездесуге дейін Жайлау Архабаев, Әбдінәсір Алтынбеков бастаған ұйымдастыру алқасы құрылды, осы азаматтардың еңбегінің арқасында ауыл ақсақалдарымен ақылдаса келіп, ауылға шағындау етіп «қонақкәде-саяжай-демалыс» орнын салып бердік.

Зымырап өтіп бара жатқан уақыт бірқатар кластастарымызды арамыздан алып кетіпті, солардың және дүниеден өткен аяулы ұстаздарымыздың аруақтарына бағыштап, сол азаматтардың туыстары мен ұрпақтарын қатыстыра отырып ас-құдайы берілді.

Кездесуде, әрине, көптеген естеліктер айтылды, бізді тәрбиелеген, білім нәрімен сусындатқан аяулы да ардақты ұстаздарымыз Сейдазым Сейдахметов, Әмет Әбдірайымов, Ергеш Пәшекеев, Гүлбала Әбдірахманова, Дүйсенбек Әуезов, Тұрсынбек Өмірзақов, Әмірхан Қалдаров, Шарипа Парменшеева, Ергеш Рысбаевтарды құрметпен еске алдық, кездесуге қатысқан ұстазымыз Ахмет Мақалбайұлы Жұмаділлаевпен өте үлкен ризашылықпен бірге болдық.

Батыр апамыздың атындағы мектептен түлеп ұшқан кластас достарымыздың бәрі бір-бір мықты мамандық немесе кәсіп иелері болып, елге аянбай қызмет етіпті, отау құрып, ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде бір-бір әулеттің төрінің сәні болып отырған жағдайлары бар екен.

Жайлау Архабаев, Қуатхан Мырзаев, Қалампыр Исаева сынды кластастарымыз бізге білім нәрін берген ұстаздарымыздың жолын қуып ұстаздық қызметтерді табысты атқаруда, ал кітапхана маманы Айша Әженова да елге білім нұрын таратудың нағыз майталманы болып істеп, зейнетке шықты.

 Ақ халатты абзал жандар атанып, медицина саласында қызмет еткен Раушан Қалтаева, Күлайхан Құлмаханбетова, Маржан Исатаева, Кәмилә Шырынбаева, Әсия Шұлғаубаева сынды мейірімді қыздарымыздың елге еткен еңбектері өте құнды деп білеміз.

Ақынжанды кластасымыз Марат Әбішевтің туған жер, балалық шақ туралы, ән болуға сұранып тұрған, сағыныш пен тәтті мұңға малынған «Бозторғай» атты толғауының үзіндісін аса үлкен ықыласпен тыңдадық:

Балалығым өткен жер,

Асау тайдай төккем тер,

Ғашықтықтың алғашқы,

Өлеңдері тізіліп,

Бір сұлуға жеткен жер...

Жасыл орман-тоғайым,

Аралайын, қонайын,

Құлазыған кезіңде

Мен бұлбұлың болайын...

Әнші құсым бозторғай,

Тұра тұршы қозғалмай,

Сипайыншы басыңнан,

Сағынттың ғой, ойпырм-ай!


Кездесу болған соң балалық бал дәуренмен байланысты неше түрлі тәтті естеліктер айтылды, әзіл-қалжың да молынан болды, өте мол позитивті күш қуат алдық!

Кездесуден түйген негізгі қорытындымыздың бірі – жалпы біздің құрдастарымыздың бәрінің жағдайлары жақсы, әрқайсысы өз кәсіптерін табысты жүргізіп, ұл-қыздарын заманға лайық мықты азаматтар етіп тәрбиелеп, ата-әже дәрежесінде немере-шөберелі болып, тіпті, кейбіреулері үлкен әулеттердің сөз ұстары болып жетіліп қалғаны байқалды.

Бұл бағалай білген адамға аса қанағаттанарлық жағдай, біздің еліміз, сүйікті отанымыз Қазақстандағы елдің жақсы тұрмысының, береке-бірлігінің, татулық пен сыйластығының бір жарқын көрсеткіші екендігінде дау жоқ.

Кластастас достарыма деген үлкен құрметпен, 

«класком» Төлжанов Тұрақ-Серік