Өнерлі ұстаз
2023 ж. 22 наурыз
6172
0
Өскелең ұрпаққа суретшілік пен қол өнерін үйретуде үлкен еңбек сіңіріп жүрген Кеңдала ауылындағы №42 жалпы білім беретін орта мектептің көркем еңбек пән мұғалімі Ғалымжан Сатанбаевты ұжым қашанда мақтаныш тұтады. Жас маман Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетті бітіріп, еңбек жолын осында бастаған. Аз уақыт ішінде шәкірт тәрибелеуде өзінің біліктілігі мен білімділігін және жаңашылдығымен көрінеді.
Оқушыларға тек сурет салудың сыры мен қырын үйретіп ғана қоймай, қол өнерінің алуан түрлерін жасаумен шұғылданады. Бала қиялын тани білген үстаз олардың талпыныстарына қанат байлайды. Сондықтан болар мектеп оқушылары Ғалымжан ағайларының төңерегінде топтасып, көп нәрсе үйренуге жақсы қадамдар жасайды. Бірі сурет салса, енді бірі түрлі мүсіндер жасауға уақыттарын арнайды.Ұстаз шәкірттерінің қолдарынан шыққан төлтумаларынан көрме ұйымдастырып, аудандық, облыстық байқауларға да қатысып, өздерін танытқан кездерін де тантқан. Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы мұражайда өткен «Бабалар аманаты» атты республикалық көрмеде білім мекемелері арасында ұйымдастырған сында «Үздік шығармашылық мектеп» деген атақты иеленуі Ғалымжан Сатанбаевтың еңбегі десе артық емес. Өзі де облыстық, республикалық байқауға туындыларын қойып бағында сынағанда «Шығармашыл ұстаз» номинациясы бойынша марапатталып еңбегі мен ізденісі жоғары бағаланып, білім саласындағы жеткен жетісіктері, шәкірт тәрбиелеудегі елеулі еңбегі мен өз мамандығы алдындағы адал қызметі үшін «Дарынды ұстаз» деген төс белгісін иеленсе, Мұқағали Мақатаевтың «Жырлайды жүрек» атты республикалық байқауында «Үздік ұстаз» атты төс белгісімен марапатталуы да тегін емес.
Жақында қос бірдей төс белгінің иегері, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Ғалымжан Сатанбаев Кендала ауылында «Дала дүбірі» атты жеке көрмесінің тұсаукесер рәсімін жасады. Көрменің мақсаты өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беру жолында ұстаз мәртебесін көтеру, көркем мен бейнелеу өнерінің мәртебесін арттыруға бағытталған. Көрменің ашылуына Алматы мамандар кәсібін дамыту институтының көркем еңбек әдіскері, білім беру ісінің үздігі Махмуд Жәленов, Абай атындағы ҚазҰТУ-дың профессоры Серғазы Жаманқараев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ұстаз Қанағат Көдек және басқа өнер мен мәдениет саласының тұлғалары, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты. Мұнда суретшінің отыздан аса композициялары қойылып таныстырылды. Оның ішінде кесіндеме жанрындағы тың көркем туындылар, ағаштан жасалған мүсіндер, табиғи материалдардан жасалған бейнелер және де басқа бұйымдар қойылған.
Көрмеде сөз алған Ғалымжанның ұстазы Қанағат Көдек: « Ғалымжан біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық унверситеттің түлегі. Мектепте педагог болу бір басқа да, суретші болу да бір басқа. Шәкіртіміз екі тізгінді қатар ұсап келе жатқаны бізді қуантады. Жас та болса да мектепте шәкірт тәрбиелеп, бейнелеу өнерін оқушыларға үйретуі ұстаздығы. Ал өзінің жеке шығармашылығына келсем өскендігін, жетістігіне риза болып отырмын. Біздер Түркия мен АҚШ-та жас таланттардың еңбегін шетелге таныстыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Солардың ішінде Ғалымжанның туындылары да бар. Бұл көрме Ғалымжанның жан-жақтылығын дәлелдейді» десе, көрменің құрметті қонақтары -Махуд Жәленов, Серғазы Жаманқараев жас таланттың еңбегін жоғары бағалай келе оның алар асуы әлі алда деп бағаларын берді.
Жексен Сағымбекұлы
Алматы облысы, Талғар ауданы.