ӨТКІР МІНЕЗДІ, ӨТЕ БІЛІКТІ ЕР ЕДІ!..
2021 ж. 23 қазан
16319
0
Өмірден нағыз жалындап тұрған шағында мезгілсіз өткен Шералхан Әбішевтің өмірден өткеніне де жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Өмір деген осы!
Шерағаңды біз ең бірінші Қызылқұм ауылында мектепте жүрген кезімізде көрдік. Ауылдағы Төрехан көкеміздің үйіне келген інісі, сол кездегі сәнге орай шашы желкесіне түсіп, кең балақ шалбар киген, гитара алып ән айтатын қаршығадай жас жігіт көзге түспей қоймайтындай еді.
Кейін екінші рет Шәкеңді Алматыда оқып жүргенде көрдім, жақсырақ біле бастадым. Білімі өте зерек, өзі өткір Шәкең Шымкенттегі химия-технология институтында оқып жүріп, ол жердегі білімге көңілі толмай, тастап кетіп, Алматы сәулет-құрылыс институтына (қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) ауысып кеткен.
Ол институтта оқитын Аманжол Қайырбаев деген жігіт ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетінде менімен бір курста, бір бөлмеде бірге жатқан, қазіргі белгілі суретші, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, тележурналист Жанұзақ Мүсәпірдің кластасы еді. Ол Жанұзаққа келіп жүргенде бірде Шералхан да еріп келіпті “Шардарадан, сенің ақын інің бар екен” деген соң. Өте бауырмал еді марқұм. Содан олар келген сайын студенттік сейіл-серуен құрып қоятынбыз. Қызуқанды Шералхан кез келген отырыстар мен жиынды қыздырып, жандырып жіберетін. Інісі Ералхан Әбішев қазір белгілі әнші, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, Шералхан да жақсы ән салатын. Аманжол да әнші-сазгер, Жанұзақтың да ән айтатыны бар. Мен өлең оқимын дүрілдетіп. Сонымен біз отырған отырыс бір ғанибет болып шығатын…
Шералханның өткірлігін Аманжол бастаған бірге оқыған курстастары жыр қылып айтатын.
Шералхан институт бітіріп, Шымкентте істеп жүргенде де анда-санда кездесіп қалып жүрдік. Ондайда біраз құлашты кеңге сілтеп қайтатынбыз…
Жалпы, Шералханның қаршығадай қағылез қаралығы тура әкесіне Әлмахан атамызға тартқан еді… Әлмахан атамыз Қызылқұмға келгенде Төрехан інісінің үйіне өзімен жаны жақын, үндері үйлес менің әкемді шақыртып алатын. Ертеңіне біздің үйде болатын.
Мен кейін елге кеткесін, қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм орта мектебінде мұғалім әрі комсомол комитеті хатшысы болдым. Ол кезде Шардара ауданы комсомол комитетін қазіргі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, руханиятқа қамқор рухы биік меценат Ислам Әбіш басқаратын. Исекеңнің де отызда орда бұзып, жалындап тұрған кезі. Айына кемінде бір рет аудан орталығы Шардарада жиналамыз. Сөйтіп Исекеңмен тығыз байланысып, туған ағалы-інідей болып кеттік. Сол кезде ауылда мектепте жүрген менің астанамыз Алматыдағы республикалық “Жігер” фестивалына, республикалық жас қаламгерлер кеңесіне қатысып, жүлделі болып келуіме Исекең ықпал еткен еді. Кейін де тұңғыш кітабым шығып, “Қазақ үні” газетінің ашылуына алғашқы демеуші болып, ел тойлаған елу жасымды да ұйымдастырып, үлкен қолдау жасады.
Менің алғашқы кітабым “Керімсал” шығатын кезде демеуші болған Ислам көкемізбен тығыз араласып, Шымкентке көп барып жүрдім. Бір барғанда көп кездеспей кеткен Шералханды қасымдағы курстас досым, қазір кинорежиссер Дархан Қожахан екеуміз іздеп бардық. Үйінде ауырыңқырап, мазасы болмай жатыр екен. Маған: “Исекең көкеңді тауып алып, мені ұмытып кеттің ғой?!. Шымкентке қанша келіп жүріп, енді келдің?”-деп ағалық назын айтып қалды…
Жалпы, Шералханның мінезі қызуқанды, өте өткір ер еді. Ойына келгенін жасырып қалмайтын, кім болса да бірден бетіне айтатын.
Исекеңнің өзі ақынжанды болғасын Шардара ауданындағы “Жаушықұм” кеңшарында директор болғанда да, кейін табысты кәсіпкер болып жүргенде де, Ордабасы ауданына әкім болғанда да үйінен ақын-жазушылар арылмайтын.
Кейде олар келгенде үстінен түскен Шералхан да қонақ күтісіп қалады. Сонда көңілдері көтерілген ақын-жазушылардың артық айтып қалған сөздерін байқаса, сол жерде бірден жауап қайтаратын.
Шералханның біз Ералхан екеумізге ұнайтын, қай жер болса, үнемі айтатын бір сөзі бар еді. Ол: “Әлемдегі ең күшті әнші - Ералхан Әбішев, ең күшті ақын - Қазыбек Иса” дейтін.
Осындай ерекше мінезді, терең ойлы, өте білімді де, білікті Шералхан ағамыздың өмірден өткеніне де жиырма жылдың жүзі болып қалыпты! Өтіп жатқан өмір деген осы!
Артында қалған Шолпан жеңгеміз отбасының отын өшірмей, шаңырағының берекесін келтіріп ұстап отыр. “Орнында бар оңалар”-дегендей, бүгінде ұлдары ұяға, қыздары қияға қонып, өсіп-өніп, нәсіптерін кәсіптерімен теріп жүр. Ағамыздың тамыры тереңдеп, жапырақтары жайқала бергей!
Шерағаңның пейіште нұры шалқи берсін дейміз!
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты