АҚ ОТАУҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕЙМІЗ!

АҚ ОТАУҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕЙМІЗ!

Талдай таранған Талдықорған өңірі, сарша бел Сарыөзектегі достарымыз Гүлзира Рахметоллақызы, келін түсірген тойларың құтты болсын! Осы күнді армандап кеткен жаны жайсаң жақсы досымыз Ғазиз екеуің мәпелеп өсірген сүйікті тұңғыш ұлдарың Дарханды үйлендіріп, Жаңылдай өзіңнен айнымай қалған аққу келінді алақанға қондыруыңмен құттықтаймыз! Ғазиз марқұмның әруағы тербеліп, бір аунап түсіп жатқан шығар. Пейіште нұры шалқи бергей. Алла ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін!


Шаңыраққа ие болып қалатын, үміт артқан ұл Дархан мен жүзінен нұр төгілген инабатты келініміз Жаңыл қол ұстасып, Ақ отау құрып отыр! Қадамдарың құтты болып, алдарыңнан арайлы күн ашылсын! Екеуіңе ел тілегі шашу болып шашылсын! 


Тәуелсіздікке 30 жыл толған мерекелі жылда бой көтерген Ақ отау егемен елімізге қосылған құтты шаңыраққа айналсын!


Ақ келінге құшақ жайып, қош санап,

Қуануда ағайын мен дос қарап.

Алла дәйім бақ пен бақыт сыйласын,

Зор қуаныш бітіреді қос қанат!


Арман тауға аттандыңдар ат мініп,

Алдарыңнан шықсын күліп сәттілік!

Тәтті болсын, өмірлерің әрдайым

Дастарxанға жайылған соң тәттілік!


 Шаңырақты көтеріңдер сәнді ғып,

Әлдилерің жүрсін ішін ән ғылып.

Ақ отауға Ақ жол біздер тілейміз,

Жұлдыздарың жарқырасын мәңгілік!


Ізгі ниетпен, ақ тілек білдіруші достарың Қазыбек Иса - Жәннат Мырза