Еңселі ең, елден ерек ең...

Еңселі ең, елден ерек ең...

                             немесе Есіркеп Әуесханұлы туралы бір үзік сыр

Өмірде алдыңғы толқын аға ретінде қарындасқа деген қамқорлығын аямаған абзал ағаларымның бірі – Есіркеп Әуесханұлы Тұрарбеков. Көзі тірісінде өнегелі ісімен көпке үлгі көрсете алған жаны жайсаң, арда азамат туралы өткен шақта айтудың өзі қандай ауыр десеңізші...

1970 жылы қаңтардың екінші жұлдызында Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Қарғалы ауылында дүние есігін ашқан Есіркеп Әуесханұлы бала кезде-ақ әкесінен айрылып, анасы Оразкүлдің қамқорлығымен ержетті. Гүлзада, Рая, Жарылқап, Зоя сынды бауырларының арасында ортаншысы болған ол әпке-қарындасқа да, ініге де ізетін аямай бауырмалдық таныта білді. 1977 жылы мектеп табалдырығын аттаған ол оқуын бітірісімен әскерге аттанып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып келеді. 1991 жылы еліміз Тәуелсіздігін алып, азаттық таңы атқан тұста өмірлік серігі Алтын жеңгемізбен бас қосып, шаңырақ көтерді. Араға жылдар салып, ұлы Бағдат, қызы Анар дүниеге келді.


1999 жылы алғаш рет Алматыға қоныс аударып, өзінің отбасылық кәсібін дөңгелете түсті.

Бәріне бірдей асқар таудай аға болып, Алматыға келген әрбір туысына құшағын ашып, саялы бәйтеректей пана болып еді.

Көзі тірісінде жан жары Алтын екеуі ұлы Бағдатты ұяға, қызы Анарды қияға қондырып, олардың бақытты да баянды ғұмыр кешуін тіледі. Әрі қолдан келген бар қолдауын жасады да. Көзінің ағы мен қарасындай Айбар мен Айсұлтандай немерелері өмірге келген кезде де аттарын өзі қойып, ерекше қуанғаны да көз алдымызда. Тұңғыш немересі Айбар бір жасқа толғанда ережесіз жекпе-жектің екі дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Ардақ Назаровқа тұсауын кестіріп, немересінің айбарлы, әрі батыр азамат болуын шын жүрегімен қалаған-ды.


Шындығында, адам бойындағы ерекше қасиеттің бірі – бауырмалдық десек, осынау ізгі қасиеттің шынайы үлгісін көрсетіп өткен жанның бірі – Есіркеп ағамыз. Өзге бауырларына деген ерекше ілтипатын айтпағанда, үлкен әпкесі Гүлзада екі аяқтан қалып, тағдыр тауқыметін тартқан қиын сәттерде де аяулы жары екеуі алақандарына салып аялап, бар күтімін жасап, баптағаны да нағыз бауырмал азамат екенін айғақтап тұрса керек.

Қазақты өзге ұлттан ерекшелеп тұратын басты қасиеті – қонақжайлық десек, Есағамыздың шаңырағы осынау ұлы қасиетті өте жақсы ұстанатын. Алматыға қандай да бір шаруаларымен келетін әрбір ағайын-туысқа құшақтарын айқара ашып, олардың әрбірін үйінің төрінде қонақ етіп күтіп жіберетін еді. Тіпті, өзінің бар шаруасын ысырып қойып, келген туыстың мәселесін шешу үшін барын салып жүгіріп жүретініне де талай рет куә болғаным бар. Есағамыздың осынау ізгі қасиетін бүгінде ұлы Бағдаттың бойынан көргенде, «орнында бар оңалар» деген сөзді жұбаныш етесің...


Осынау бес күн жалғанда сыйластықтан асқан қымбат дүние жоқ екенін жақсы білетін Есағамыз достарының арасында да қадірлі еді. Ауылға әрбір табан тіреген сайын сый-құрмет көрсететін дос-жарандары мен ағайын туыстарына дән риза боп қайтатын.

Ал қайынжұртына күйеу ғана емес сүйеу бола білгендігінен шығар, ол кісілердің де Есіркеп ағамызға деген құрметі ерекше-тін. Жан-жағына жылу шашып жүргендіктен, жарқын бейнесімен ел жадында қалды Есағамыз...


Асыл жары Алтын жеңгемізді де алтындай жарқыратып, аялап өтті. Жолдасы туралы бір ауыз естелік айтуын сұрағанымызда жеңгеміз: «Өмір бойы жан-жағына нұрын шашып жүрді. Көп ағайын-туғанымыз жырақта екеніне қарамастан, олардың әрбірінің қуанышын да қайғысын да бөлісуге асығатын еді. Осындай сәттерде жұмысты тастап, жол жүруге тура келетін. Қасында үнемі бірге жүруімді қалайтын. Балаларына да бар мейірімін төгіп өтті. Бірде-бір рет қаталдық танытқан емес. Ұл-қызы да, өзім де не айтқысы келетінін қас-қабағынан-ақ ұғатынбыз. Немерелеріне деген ықыласы тіпті алабөтен еді. Тұңғыш немеремізді қайда жүрсек те жанынан бір елі тастағысы келмей, ертіп жүретін.

Әрбір туған күнімде, әрбір мерекеде гүлін сыйлап тек ғана мені қуантқысы келіп тұратын. Қазір осының барлығы көрген түстей өте шыққанына әлі күнге дейін сене алар емеспін», – деп жанарына жас алды.

Иә, Есағамыз үшін бар туысы бірдей жақын-тын. Бірін кіші, бірін үлкен деп, бірін жиен, бірін нағашы деп, немесе туғаным деп, ағайыным деп бөліп жармайтын. Бәріне бірдей сый-құрметін аямайтын. Қолдан келген көмегін, қолдауын көрсетіп, үнемі қамқорлық танытатын.


Иә, ел-жұрт әлемнің бәрін жайпап келе жатқан мына бір індеттің қаhарынан сескеніп отырғанда Есағамызға қауіп ойда жоқта жол апатынан келді. «Апат айтып келмейді» десек те, ердің жасы елуге келіп, елағасы атанар шағында мезгілсіз өмірден өте шыққаны отбасы мүшелерінің ғана емес, әрбіріміз үшін орны толмас ауыр қаза еді.

Иә, мені жиен қарындас деп емес өзінің туған қарындасының біріндей көруші еді. Ол кісінің бар ізгі қасиетін бір естелікке сыйдыру әсте мүмкін емес, әрине. Десе де осыдан он екі жыл бұрын отбасын құрып, Алматыға алғаш табан тіреген сәтімізде шаңырағымызға арнайы іздеп келіп, қал-жағдайымызды біліп кеткені де кеше ғана сияқты еді. Алып қалада, ағайын-туысымнан жырақта жүрген мені жанына жақын тартып, маңдайымнан сыйпаған жаны жомарт, жүрегі жылы жандардың бірі – Есен ағамыз бен Алтын жеңгеміз-тін. 2014 жылы екінші ұлымыз Әлиханның тұсауын кесіп, «елінің арда азаматы, ел билейтін ханы болсын» деп ақ тілегін арнаған-ды.


Алғаш рет үйіміздің қазығын қағып, іргетасын қалар сәтте де жанымыздан табылып, осынау жолдардың бәрінен өткен азамат ретінде бар ақылын айтқанын да қалай ғана ұмытарсың...

Анам Алматыға келген кезде ең бірінші болып, қал-жағдайын білетін де, шаңырағына шақырып сыйлы қонағы ететін де Есіркеп інісі еді. Анам да ылғи «інісі бардың, тынысы бар» деп Есіркеп пен Жарылқап деп бір-біріне мейірімін төгіп, егіздей бірге жүретін қос бауырын аузынан тастамай, әрбір ісін бізге үлгі етіп айтып отырады.


«Жақсының аты өлмейді» демекші, өмірде атақ-даңқымен емес, нағыз адами болмысымен, адами келбетімен ел жадында қалатын, көзі тірісінде адамдықтың нағыз үлгісін көрсетіп өткен нар тұлғалы арда азаматтың бірі –ол менің ағам деп ауыз толтырып айтуға тұратын жан Есіркеп Әуесханұлы дер едім.

Иә, уақыт шіркінге тоқтау болсайшы... Өзіңізсіз бүгінде жылжып жыл да өте шығыпты. Төтеннен келген сұм ажалдың сізді жалмап кеткеніне сенгіміз келмесе де, Жаратқанның басқа салғанына төзбеске шарамыз жоқ. Артыңызда қалған ұрпақтарыңызға, аяулы жарыңыз бен бауырларыңызға Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін дейміз. Жатқан жеріңіз жайлы болып, жәннаттан жай бұйыртсын! Жадымызда қаласыз, жаны жайсаң Жақсы Адам, ел-жұртыңыздың есіндесіз, еңсегей бойлы Есағам!


Гүлмира САДЫҚ,

журналист.