Ізгі ісімен ел есінде қалған қайраткер еді

Ізгі ісімен ел есінде қалған қайраткер еді

Ақтөбедегі белгілі қоғам қайраткері, бұрынғы ҚР Жоғарғы Кеңесі депутаты Ізімғали Көбенов ағамыздың дүниеден өткені туралы суық хабар бәрімізге ауыр тиді.

Ізімғали Көбенов «Ақ жол» партиясы құрылған 2002 жылдан бастап, Ақтөбе облыстық филиалын құрып, 2012 жылға дейін он жылдай басқарған қадірлі де, қайратты әріптесіміз еді.

«Ақ жолдың» Ақтөбе өңірінде кеңінен танылып, қоғамдық-саяси өмірде белсенділік көрсетуіне үлкен үлес қосты.

Сонымен бірге Ізімғали Көбенов – «Невада-Семей» Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры болып келді. Ол ҚР Денсаулық сақтау жөніндегі комиссиясының мүшесі және еліміздің орталығын қазіргі Астана қаласына көшіру туралы ҚР Жоғары Кеңесінің қаулысын шығаруға белсенділік көрсеткен депутаттарының бірі болған. Ізімғали Әбдірахманұлы тәуелсіз қазақ елінің көптеген проблемаларын шешуге бел шеше атсалысты.

«Невада-Семей» Халықаралық ядроға қарсы қозғалысының белсенді мүшесі. Семей ядролық сынақ алаңын жабуға белсене қатысқан. Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың 70-80 жылдық мерей тойларын өткізу жөніндегі ҚР Мемлекеттік Комиссиясының мүшесі болды. Батыр қыздың ескерткішін қоюға елеулі еңбек сіңірген азамат. Сондай-ақ ол Қобда ауданы «Әлия ауылының құрметті азаматы» атанды. 1994 жылы Дания астанасы Копенгаген қаласында өткен бүкіл Дүниежүзілік ядроға қарсы қозғалыс конгресінің делегаты болды.

Ізімғали Әбдірахманұлының ізгі істерін ел жақсы біледі және ұмытпайды.

«Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы Ұлттық Кеңесі Президиумы марқұмның отбасына, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Алды пейіш, арты кеніш болғай.

Иманы саламат болсын!

Азат ПЕРУАШЕВ,

«Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

qazaquni.kz