Ел азаматы - ер Берік
2021 ж. 19 маусым
13311
0
Бүгін әріптесіміз, Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсенбінов 50 жасқа толды!
Берік Сәлімжанұлы - Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданының тумасы, малшының баласы. Бала кезінде, әке-шешесімен бірге малды тауға шығарып, жазда жайлауда, жылқының үстінде өткізген, күзде интернатқа барып, білім жинап, мектептегі спектакілдерде Абайды ойнап, еркін күрес секциясына барған. Германияда әскерде болып, аталарымыздың жолымен танктерге қарсы артиллерия дивизионында сержант болды, сосын Шығыс Қазақстандық, біраздан кейін - Еуразия Ұлттық университеттерін тәмамдады, мұғалім және заңгер болып шықты. Полицияның жедел өкілі қызметінде біраз атышулы қылмысты ашты.
1998-2006 жылдары “Қазақстан Алюминийі” акционерлік компаниясы вице-президентінің көмекшісі болып маған келді.
Сол кезден бастап, Бекеңнің Жанұзақ ауылына жыл сайын барып, ауылдағы азаматтармен танысып, таудағы бұлақтың басында демалып жүрдік. Марқұм Сәлімжан аға сол ауылда менің үлкен ұлымды атқа мінгізді, талай басқа да қуанышты, әсерлі сәттер болды. Бекеңнің туған ауылына махаббаты соншама, Парламент депутаты болып сайланып, ауылдағы балаларды дұрыс жолға тартамын деп, өз қаражатына заманауи стадион салды. Стадионның сапасына қарай, қазір бүкіл Ұлан ауданнан футбол командалары жарыс өткізуге аудан орталығына емес, айдалада орналасқан Жанұзақ ауылына келетін болды.
Берік Сәлімжанұлы сегіз жылдық еңбегі үшін “Қазақстан Алюминий” АҚ-ден “Енбек сіңірген металлург” атағын алып, “Атамекен” палатасында басқарушы директор, төрағаның орынбасары болды. Ал, Берік Сәлімжанұлының білімі, мінезі, таланты, ұлтшылдығы толықтай тек “Ақ жол” демократиялық партиясының жетекшілердің бірі ретінде ашылды.
Қарапайым халыққа жанашырлығы, “Алаш” ұстанымдырын қорғау мен насихаттау, шағын және орта бизнес үшін атсалысу, үнемі жаңа бастамаларды шығару деген - Бекеннің күнделікті жұмысы болды.
Ширек ғасыр бұрын Құдай қосқан бауырым малшының баласынан - Мәжіліс депутаты, ірі саясаткерге айналғаны өз көзімнің алдында өтті. 20 жыл бұрын сол көмекшімді өзім “бойдақтықты қой” дедім де, Ақтөбедегі Қара Қобда ауылына құда түстік. Қазір Гүлнәз келініммен екеуі үлкен отбасының иелері, балалары әке-шешесін қуантып жүр. “Алаш” идеясы үшін құрбан болған Перуаш атамыздың НКВД архивінде құжаттары табылғанда, Беке бауырым Перуаш Кәрімұлын еске алуға арналған Ерейментаудағы асты дайындауды, әдемі құлыптас көтеруді, 40 шақты киіз үйді тұрғызуды, қазақша күрес, бәйге, көкпарды өткізу, мыңдаған қонақтарды тамақтандыру, т.б. жауапты жұмыстарды өз мойына алып, ұйымдастырды.
Ал, Бекеңнің қазақ тіліне қызығушылығы, сөзге шешендігі, білімі, Мөңке би, Абай бабамыздан бастап - бүгінгі ақындарға дейін жаттай білгені, сөйлегенде - оқтай сөйлеп, түсіндіргенде - тірідей елестетіп беретін таланты баршамызға мәлім. Бұл жігітте сөзбен адамды өлтіру де, тірілту де қабылеті бар.
Өзі ұлы Найман руының баласы болса, Қазақ халқының бірлігі үшін ештеңеден аянбайтын, нағыз Ел азаматы- біздің Берік.
Беке, мерей тойың құтты болсын! Денің мықты, басың аман-сау, өмірің ұзақ болсын!!
Шыңдарың биік, жолың ақ, жеңістерің тәтті болғай!
Зайымхан апамызға, сендей інімізді біздерге, бүкіл елімізге сыйлағаны үшін шексіз алғыс, бас ием!
Бақытты бол, бауырым, келінмен екеуін немере, шөбере, немене, шөпшек сүйіндер, Жаратушы соған жеткізсің!
Әрине, мәселе депутаттықта емес - адалдық пен енбекқорлықта, өз еліне деген сүйіспеншілікте.
Құдай бұйіртса, сенің басты жұмыстарын, жемістерің әрі алда!
Сен өз өмірімен, енбекпен, ерлігінмен, малшының баласы болу, бала кезден мал бағу - қазақ үшін ұялатын жәйт емес, керісінше, мақтан тұтатын тағдыр екенінді анық дәлелдедін. Сенің өміріңдегі ақ жолың - мыңдаған басқа да ауылдағы қазақтың қара балаларына үлгі болсын, ізбасарларың көп болғай!
Азат Перуашев,
Қазақ үні