Пейіштің төрі болсын тұрақ-жайың!..
2021 ж. 18 мамыр
17203
0
Асыл ана, аяулы жар, ұлағатты ұстаз, қимас құрбы Назым-Ай нағашымның рухына
Бітімің бөлек, дара, жарқын едің,
Намыссыз көп еркектен артық едің.
Қоңырсопы елінен жігіт таппай,
Нағашы етіп өзіңді тартып едім...
Күн сәулесі жүзіңе шағылатын,
Сөйлесең нақыл сөздер ағылатын.
Жақсы әйелге тән әдеп, мінез, қылық,
Бәрі де бір басыңнан табылатын...
Білім мен терең ойды тел емген ең,
Еңбегіңмен еліңе еленген ең.
Бір мектепте қырық жыл ұстаз болып,
Абырой мен құрметке бөленген ең!
Жақсыға – сеп, олаққа – еп едің, сен.
Жылытқан айналаңды от едің, сен.
Бес ұл-қыз бен жиырма немереге,
Аналық парызыңды өтедің, сен!
Нарбай қызы, өзің де нар едің, сен.
Қолда барын аямас жан едің, сен.
Өзім көрген әйелдің падишасы,
Қадірлей білген ерін жар едің, сен!
Топырағы таза жерден жаралып ең,
Өнегелі отбасыңнан нәр алып ең.
Қоңыраттың қызы қандай болатынын,
Паш етіп, елге үлгі боп таралып ең!
Дәм-тұзың таусылыпты-ау, Назым-Айым...
Жан едің Алла мол берген ақыл-пайым.
Сол таза топыраққа қайта оралдың,
Пейіштің төрі болсын тұрақ-жайың!..
Құда-жекжат, дос-жарандары атынан Өмірзақ Ақжігіт