АТПАЛ АЗАМАТ, ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ДОС ЕДІ...
2021 ж. 31 наурыз
19949
2
Төбемізден жай түскендей ауыр хабар болды. Атпал азамат, ақкөңіл ер еді. Нағыз нартұлға болатын Нарзулла досымыз!
Өткенде елге келгенде оның жұмысбастылығы, менің уақытымның тығыздығынан кездесе алмай кетіп едік. Әттең, дүние жалған-ай деп өкінудемін енді өзегім өртеніп...
Өмірден ерте кеткен жазушы досымыз Есжан Айнабекті елжірей еске алып, көп айта беруші еді...
Біз Есжан, ақын Темірғали Көпбай үшеуміз Алматыда "Жас Қазақ" газетінде жұмыс істеп жүргенде елден Нарзулланың бізді іздеп келіп-кетуі бір қызық серуенге ұласатын... Жалын атқан жастық дәурен екен ғой шіркін бәрі... Енді Есжанның артынан Нарзулла досымыз да іздеп кетті... Пейіште нұры шалқи бергей.
Бәрі аяқ астынан болып, кеш хабар алғандықтан, астанадан шұғыл ұшып баруға, топырақ салуға мүмкіндік болмағанына өкініп отырмын...
Алла ісіне амал жоқ!
Нарзулла Садықұлы Оразымбетов табиғат қорғау мен орман саласына зор еңбек сіңірген кәсіби маман, білікті басшы еді. Қатардағы орманшыдан Облыстық басқарма басшысы орынбасарлығына дейін талай табиғат пен орман мекемелерінің директоры болды. Жоғары оқу орындарына орман шаруашылығына арналған арнайы оқулықтың шығуына да мұрындық болды.
Жақсы көретін ағасы, белгілі жазушы Сәбит Досановтың да кітаптарына да демеуші болғаны бар. Ақын-жазушыларға жақын жүретін еді.
Не жұмыс болсын, жапырып істейтін іскер еді. Абыройлы, адамгершілігі зор, әділ еді.
Алды пейіш, арты кеніш болғай! Алла алдынан жарылқап, арты қайырлы болғай. Жатқан жері жайлы болсын.
Отбасына, асыл жары Ләззатқа, Нұрдәулет бастаған алтын асықтай ұл-қыздарына, бауырлары мен туған-туыстарына көңіл айтамыз!. Құдай ұрпақтарына ұзақ ғұмыр бергей.
Иманы саламат болсын!
Хош, абзал азамат, асыл досым Нарзулла!
Қазыбек Иса,
Қазақ үні