Кел, Жаңа жыл!

0
2689

Ақсүттеніп анау-қырат, мынау-бақ,

Жаңа жылда қар жауып тұр қылаулап.

Көк зеңгір де мерекеде көңілді,

Көлдің бетін көмкереді сыр аулап!

 

Ажарына  таға алмайсың,тегі,мін,

Мамық қардай мен де бүгін ерідім.

Кел, Жаңа жыл, Зеңгі баба,жарылқап,

Құтқа толып,сүтке толып желінің!

 

Ұшқындайды мың-сан ұлпа ақ қанат,

Кел,Жаңа жыл,жалғап уыз баққа-бақ.

Жақсылықтың бәрін төрге шығаршы,

Жамандықтың жазасын бер тақтан ап!

 

Сұлулық пен сәуле тарап бар маңға,

Ән байқадым бетке түскен қардан да!

Кел,Жаңа жыл,ақ таңдармен арайлы,

Айлы түнмен сүйейтұғын арманға!

 

Кел,Жаңа жыл,сыйлап бойға,ойға әдеп,

Әрбір үйге көп кідірмей қойда кет!

Қарттың жасын,

қосып басын қос жастың,

Төріме шық,нан ауыз ти,тойға кеп!

 

Таңдар сайын жерге тимей табаным,

Барлық елдің күтем жылы хабарын!

Кел,Жаңа жыл,қабағыңды ашып кел,

Күлкісіндей ақ пейілді баланың,

Түр-түсіндей бейбіт, дархан даланың!

Кел,Жаңа жыл!..

 

Нұрғали Ибрайым.

Педагог-ақын.

Шардара қаласы.

22.12.2020-жыл.

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз