ЕЛЖАНДЫ ЕР

Қасиетті Түркістан өлкесінің тумасы, Шырайлы Шымқаланың тұрғыны, фармацевтика саласының белгілі кәсіпкері Тұрақ-Серік Мұсабайұлын Алпыстың асқарына шығуымен құттықтаймыз! Тұрақ-Серік Төлжанов Мұсабайұлы 1960 жылдың 17 қарашасы күні Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Отырар ауданының Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Байтоғай ауылында, елге қадірлі Мұсабай ата мен Айзада апаның шаңырағында дүниеге келді. Тұрақ-Серік деген есімнің қойылу тарихының өзі қызық. Ол дүниеге келгенде бір әйгілі емші, әулие кісі Түркістанға зиярат етуге бара жатып, жолай Байтоғай ауылына аялдайды. Осында төсек тартып жатқан қария кісіні бір-екі күн емдеп, аяғына тік тұрғызған емшінің дақпырты ел ішін тез жайлап кетеді. Сол кезде Мұсабай ата мен Айзада ана да бір перзенттен тарығып жүрсе керек. «Ұлым тұяқсыз қала ма» деп уайымдаған Наз әже де осы емшінің шарапатынан үміттеніп, алдына келеді. Сонда әулие кісі қамкөңіл анаға: «Сіз уайымдап, тарығатындай ештеңе жоқ, әже, қамықпаңыз. Келешекте келініңіз бір ұл, бір қыз табады. Ұл немереңіздің атын Тұрақ-Серік қойыңыз, әрі тұрақты болсын, әрі өз-өзіне серік болсын. Қыз немереңіздің атын Сәуле қойыңыз, үйіңізге сәуле түсіп тұрғанын байқадым» дейді. Содан әулие ақсақалдың айтқаны келіп, Мұсабай ата елуге таяған шағында перзентті болып, оған анасы айтқан аманат есімді қояды. Тұрақ-Серіктің бақытты балалық шағы Байтоғайдың жұпар ауалы тораңғылды тоғайында, көктемде қызғалдағы кілемдей құлпыратын кең даласында, Сыр кемерінің ыстық құмында өтті. Ол Мәншүк Мәметова атындағы мектепте оқып, Сейдазым Сейдахметов, Ергеш Пашекеев, Ергеш Рысбаев, Әмет Әбдірайымов сияқты ұстаздардан тәлім-тәрбие алып, аталған білім ұясын 1978 жылы үздік бітірді. Сол жылы Алматыға аттанып, ел астанасындағы мемлекеттік институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсті. 1983 жылы оқуын бітіріп, еңбек жолын Шардара ауданындағы дәріханада бастады. Екі жыл осы салада біраз тәжірибе жинаған соң, 1985 жылы Шардара ауданынан «Ақ алтын» дәріханасының іргесін қалауға атсалысты. Жаңа дәріхананы барлық қажетті жабдықтармен, Польшада жасалған заманауи жиһаздармен жарақтап, халыққа қызмет көрсету сапасына баса мән берген оның еселі еңбегі өз мәуесін берді. Ұжымда терең білімі мен іскерлігінің арқасында сыйы артқан азамат көп өтпей Шардара аудандық дәріхана қызметкерлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1994 жылы Шымкент қаласына қоныс аударып, өз мамандығы бойынша жұмысын одан әрі жалғастырған Тұрақ-Серік Мұсабайұлы 1998 жылдан бастап елімізге кеңінен танымал, халықаралық стандарттарға сай 3 зауыты бар республикалық «Ромат» фармацевтикалық компаниясының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалын ашып, осы үлкен ұжымды басқарды. Облыс көлеміндегі дәріханаларды, емдеу-профилактикалық мекемелерін қажетті дәрі-дәрмек, медициналық және залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етумен айналысқан ол аз уақытта табыс биігінен көрінді. Алыс шетелдерден бастап, ТМД елдеріндегі және отандық тауар өндірушілермен тығыз жұмыс істеп, фармацевтика нарығында көш басына шыққан облыстық филиал ұжымы «Ромат» компаниясының республикалық жарыстарында бірнеше рет жеңімпаз атанып, компания президентінің марапаттарына ие болды. Осындай үлкен ұжымға білікті басшылық жасаған Тұрақ-Серік Төлжанов ҚР Денсаулық сақтау министрінің, ҚР Индустрия және сауда министрінің, Республикалық медицинаны және фармацевтиканы бақылау Комитетінің Құрмет грамоталарымен де марапатталды. Әуелі Алланың әмірімен, екінші әз ананың тілеуімен, үшінші әулие-емшінің сеп болуымен дүниеге келген қос перзент – Тұрақ-Серік пен қарындасы Сәуле өмірде де жұптары жазылмай, кәсіптің көп ауыртпалығын бірге көтерді. Сәуле осы «Ромат» компаниясының Оңтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары болып қызмет істеді. 2016 жылы жеке кәсіпкерлікке бет бұрған Тұрақ-Серік «Фарм Люкс KZ» ЖШС-нің іргесін қалап, бүгінде осы кәсіпорынды табысты басқарып отыр. Іскерлігіне қоса көпшіл, қамқор көңілімен қатар-құрбылары мен ағайын-достың арасында абыройы қашанда биік жүретін Тұрақ-Серік Мұсабайұлына деген жолдастарының ілтипаты да ерекше. Қызы Таңшолпанның туған күні мен өз мерейтойы қатар келгенде, елімізге белгілі ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық - "Алтын Күз" орденінің иегері Қазыбек Иса Тұрекеңе мына өлең жолдарын арнап, «Қазақ үні» газетіне жариялап еді: Дәрі болып жұмысы, Дәрідей әр сөзі де. Елдің болып ырысы Көрінеді көзіңе. Таңшолпаның таңдай боп, Жайнап өссін жарқырап. Тарта бергін нардай боп, Арта берсін бар қуат! Қашанда салауатты өмір салтын ұстанатын бұл азаматтың спортқа жанашырлығы өз алдына бір әңгіме. «Ағайын арасы үзілмесін, әсіресе қалада тұратын жастар бір-біріне жат болып кетпесін, бірге ойнап өскен балалар бір-бірін ұмытпасын, әрі спортпен айналыссын. Спортты серік етіп, онымен айналысуды әдетке айналдыру – кәрі-жасқа бірдей қажеттілік» деп есептейтін ол жүрген жерінде спортты, дене тәрбиесін насихаттап, ағайын арасында футболдан жарыстар мен достық кездесулер өткізіп жүреді. Бұдан бөлек, елжанды ер, абыройлы азамат Қоңыраттың Байлар-Жандар руының «Абат ата» қоғамдық қайырымдылық қорының қазынашысы қызметін атқара жүріп, ағайын арасындағы көптеген шаруаларға атсалысып, соның ішінде рудың шежіресін түгендеп, кітап етіп жарыққа шығару мәселесімен белсене айналысуда. Бүгінде мерейлі алпыс жасқа келіп отырған Тұрақ-Серік Мұсабайұлының өмірінің сан белесінен бірге өтіп, шаңырағының шам-шырағын жағып отырған жан жары Гүлмира Сапарбекқызы екеуі Алла берген перзенттерін парасат бастауынан сусындата тәрбиелеп, ағайын-туғанның ұйытқысы болып өмір кешуде. Алпыстың асуын асқан Тұрақ-Серікке мерекең берекеге ұласып, Алла шаңырағыңды шапағатына бөлей берсін деп тілейміз! Серік Бердібеков, Шымкент қаласы