Ұзын ата құдығының суы көптеген ауру түріне дауа - Әбдімәлік Ағыбай
2020 ж. 23 қараша
10844
0
Қасиетті де киелі орындардың бірегейі - Түркістан облысы, Шардара ауданы аумағындағы Сырдарияның сол жағалауында орналасқан Ұзын ата мазары. Халық "Ұзын ата" атап кеткен әулиенің азан шақырып қойған есімі Шырмұхамбет Халипа Дурманұлы. Қазақтың ауызша тарихының дерегіне сүйенсек, Шырмұхамбет Халипа әйгілі Ақсақ Темірдің ақылшы- кеңесшісі ретінде танылған.
Ұзын ата құдығының суы көптеген ауру түріне дауа. Мәселен, денеге түскен түрлі қотыр, тері аурулары екі- үш жуынғаннан қалмайды. Мұнда зиярат етіп келушілердің қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде. Біреу науқасына ем іздесе, екіншілері перзент тілейді, тағы біреуі кәсіпкерлікте жолы ашылса деп ойлайды. Солардың ешқайсысы кейін "мұнда бекер келген екем" деп айтқан емес. Шын ниетімен келіп, жәрдем сұраса, Ұзын ата ешкімнің меселін қайтармаған.
Міне, осындай киелі жерге тағы бір барып, бүгінгі тыныс- тіршілігімен танысуға " Ұзын ата" мұражай-үйі ғимаратының салынып жатқандығы себеп болды. Жаңа ғимараттың ішкі жағының ұзындығы-13, ені 5,50 метр. Сыртқы әспеті жергілікті табиғи тас плиталармен қапталуда.
- "Ұзын ата" мұражай- үйі ғимаратының құрылыс жұмыстарын, Алла қаласа, желтоқсан айының орта тұсында бітіріп қоямыз, " - дейді белгілі кәсіпкер Кенжебай бауырымыз.
Сапарлас болып барған отырарлық тарихшы- археолог, өлкетанушы Серік Ахметовты Ұзын ата кесенесі мен құдығы, оның айналасындағы көне қорымдар мен ескі жәдігерлер қатты қызықтырды. Атақты жиһангез- тарихшы Н.В.Рудневтің 1900-1904 жылдардағы зерттеу жазбаларына арқау болған Ұзын ата кесенесі одан кейін де, 1950 жылдары А.Н.Бернштам, Г.И. Пациевич,1982 жылдары Н.П. Подушкин сынды атақты тарихшы- археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізсе де киелі орынның қойнауында бүгіліп жатқан сырлардың әлі де көп екендігі рас. Ендігі кезекте ғылыми саладағы жас пері саналатын Серік бауырымыз киелі жердің құпия сырын тереңдей білуге білек сыбана кіріспекші.
Топ басшымыз, көпті көрген көнекөз қария Бердіқұл аға әулие ата басындағы атқарылып жатқан көптеген игілікті істердің куәсі болып, Кенжебай інісіне ризашылық сезіммен ақ батасын берді.
Кесене шырақшысы Оралбай Нұралыұлы дүниеден озып, осы жерде жатқан әулие- әмбиелер мен мұсылман момын әруақтардың рухына бағыштап құран оқыды, дұға жасады.
Алда атқарылар ауқымды істерге біз де өз үлесімізді қоссақ деген ниетпен киелі мекеннен керемет сезіммен аттандық.
Әбдімәлік Ағыбай,
Қазақ үні