ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ОРНЫ ТОЛМАС ҚАЗАҒА ДУШАР БОЛДЫ

2020 жылдың 25 маусымында Түркістан облысының жұртшылығы орны толмас қазаға душар болды. 69 жасында Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Түркістан облысының және Жетісай ауданының Құрметті азаматы Үмбетаев Ибадулла ағамыз дүниеден озды. Ибадулла Үмбетаев 1991-1992 жылдары Шымкент облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары (ауыл шаруашылығы кешені бойынша) болып қызмет етті. 1992-1997 жылдары Жетісай ауданының әкімі болды. 1997 жылы Мақтаарал аудандық су шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне ауысты. 1997-1999 жылдары іріленген Мақтаарал ауданының әкімі болып тағайындалды. 1999 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Білім және ғылым министрілігінің, 2002 жылдың маусым айынан ҚР АШМ Мақтаарал ауылшаруашылық тәжірибе станциясының директоры. 2006 жылдың ақпан айынан бастап ҚР АШМ «КазАгроИнновация» АҚ Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры. 2016 жылғы қаңтар айынан ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» бас директоры болды. И. Үмбетаев ғылыми салада үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарын ғылыми-зерттеулермен шебер ұштастырып, мақта саласын зерттеуде қажырлы еңбек етіп келді. Өз жұмысын жақсы білетін ғалым ұстаз ретінде, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде елге танылған азамат. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Оксфорд академиялық одағының мүшесі, ҚР АШМ А.Бараев атындағы сыйлықтың және алтын медалінің иегері. Ол абыройлы еңбегі арқылы көпке үлгі болып, өмірлік тәжірибесі мен еліне жасаған қалтқысыз қызметінің арқасында белгілі тұлғаға айналды. Үмбетаев Ибадулла өзінің артына өшпес, мейірімге толы ізгі іс қалдырды.