ЖУСАН. ҚЫЗҒАЛДАҚ. ШАЙЫР.
2020 ж. 12 мамыр
4241
0
Мұрын жарып, тыныс ашар жусан иісімен қатар дәл қазір біздің елде қызғалдақ пен шайырдың уақыты.
Жусанның қазақ даласының символы, қастерлі өсімдігі екені баршаға аян. Мамандар Қазақстанда жусанның 80 астам түрі өсетінін айтады. Қазақ "Жусансыз жерді от деме" деп, бір жағынан оның мал азығы ретінде құндылығын айтса, ежелден емдік қасиетін де білген. Жаңа заманда ғалымдарымыз жусаннан Арглабин секілді дәрі жасап, қатерлі ісіктерді емдеуге пайдалануда.
Кез келген өсімдіктің сипат,қасиеттеріне топырақ құрамы, су мөлшері, күн қызуы, ландшафт және басқа факторлар әсер ететіні белгілі. (Біздің өңірдің жусаны ащы болатынын 5-6 жасымда нағашы әжем тісіме басқанда бірден түсінгенмін.)
Сол табиғи факторларға байланысты Ұлытау, Жезқазған, Қарсақпай, Білеуті, Бұланты даласының қызғалдағы да ерекше болады. Кей өңірдің қызғалдағындай биік емес, тұтас кілемдей болып жайқалардай бітік те шықпайды,бірақ өте әсем және керемет хош иісті. Бір талын ғана әкелсеңіз үйіңізде күні бойы ғажап жұпар иісі аңқып тұрады.
Қызғалдақ та жусан секілді баршаға таныс, даламыздағы сұлулық пен махаббат символының бірі. " Қызыл гүлдер қырмызы Желге бетін бұрғандай. Бейне сұлу қыр қызы Қолын бұлғап тұрғандай", - деп басталатын, қазір өкінішке орай сирек орындалатын ән қысқа ғұмыры көктемде өтетін қызғалдақтың дала жастары өміріндегі орнын әдемі суреттегендей. Ал енді сол біздің өлкеде қызғалдақпен тұстас, шамамен бір кезеңде өсетін, сол секілді қысқа ғүмырлы, басқа өңір тұрғындарына беймәлім өсімдік - шайыр. Осы мәтінді жазарда мен терминком сайтынан, интернеттен іздеп, шайыр туралы мағлұмат жоқ екеніне көз жеткіздім. Терминкомда тіпті шайыр сөзінің өсімдік атауы ретінде де мағынасы бар екені көрсетілмеген. Бір жағынан бұл қазақ тілі сөздік қорын жүйелі толықтырып, ізденуде әлі талай іс бар екенінің тағы бір дәлелі. Біздің ауылда шайырдың орны бөлек. Өзі жетiлген соң оншақты күн ғана өсіп тұратындықтан дәл осы күндері, яғни мамырдың орта кезінде ,мал ұстайтындар шайыр жинауға шығады. Балалық шақта асыға күтетін кұннің бірі сол шайыр жинау болатын. Ертемен жүк мәшинелеріне мініп, жер білетіндердің басшылығымен бірнеше отбасы шайыр бітік жерді іздейді. Әдетте баялышты жер шайырлы да болады.Табылған соң жапатармағай шайыр жинауға кірісетінбіз. Әдетте бір үй бірер мәшине тиеп әкеліп, төбеге жайып кептіреді. Кептірген соң көлемі кішірейіп, шағын шөмеле болып қалады. Сол шөмеле шайырдың бетін жауып, мал төлдегенше, яғни 8-9 айдай сақтайды. Біздің жақта мал төлдей бастағанда күн әлі де ызғарлы, суық болады. Міне сол кезде аналықтарға шөпке араластырып шайыр береді. Шайыр отының қуаты сондай, оны жеген соң аналық мал күн суықтың өзінде буырқанып,терлей бастайды. Шайырдың басқа өңірлерде өспеу себебін сұрағанымда, біраз жыл Кеңгір мал шаруашылығы ғылыми тәжірибелік орталығын басқарған Хамидолла Сылқымбеков ағамыз "Шайыр индикатор өсімдікке жатады. Ол тек қойнауында мысы бар жерде ғана өседі", деп түсіндірді. Шынында, суреттен байқасаңыз шайырдың түсі де мыс рудасы бар жермен реңдес келеді. Оның жасылдығы басқа шөптен бөлек. Сонымен шайырдың негізгі түрі өте құнды және құнарлы, арнайы мақсаттағы мал азығы. Оның аталығын бізде "Айғыр шайыр" деп атайды (суретте сарғыш түсті бүрі бар). Сонымен қатар мал жемейтін "Құлан шайыр" да бар. Оның түсі кәдімгі жап жасыл шөптей де, жапырағы шайыр секілді бұйралау емес, тегіс ұзынша болып келеді. Осы үш өсімдіктің де ерекшеліктері табиғи факторлармен анықталатынын жоғарыда айтып кеттік. Біздің мысты өңір, алтын аймағымыздың жер қойнауы түрлі минералдарға бай болуы, су тапшылығы, күн қызуы бірлесе осындай ерекше қасиеті бар өсімдіктер туындатады. Ауылды сағынғанда жусан, қызғалдақ, шайыр да еске түседі. Аспирант кезімде Мәскеуден ұшып келіп, ұшақтан түсе жусан иісіне қанық туған елдің ауасын рахаттана сіміретін мезет бір ғанибет болатын. Қазір де бір айдан астам карантин ауылдың да, жусан, қызғалдақ, шайырдың да, жалпы табиғаттың да қадірін жаңаша түсіндіргендей.
Әлихан Баймен, Қазақ үні