«АЛПАМЫСТЫҢ» АДАСЫП-ТАБЫСУЫ

Нью-Йорк. Манхеттен. 2018 жылғы желтоқсан. Жаңа жыл қарсаңы. Қараңғы түсіп кетсе де көше күндізгідей. Құжынаған халық. Қазақстандық делегация мүшелерінің төбесін әр жерден бір көріп келе жатыр едім, бір кезде көз жазып қалдым. Сол жақтағы қиылыстың алыс түкпірінен жарқырған мыңдаған ләмпішкелермен безендірілген шыршаны көзім шалды. Не болса да осы 48 стритпен тура тарта берейін, таппасам осы тұсқа қайтып оралармын деп қоям іштей. Ұзақ жүрдім. Жанымда қалтафон болғанмен вай-файсыз пайдасы жоқ. Алмайды. Отелде интернет бар, бәрімен сөйлесе бересің. Ал көшеде біреумен хабарласу мүмкін емес. Әлем астанасы болғанмен бөтен қалада жалғыз қалу деген сұмдық! Сенің тіліңді ешкім түсінбейді. Ағылшыншамыздың жетісіп тұрғаны шамалы. Сасайын дедім. Күні бойғы сабылыстан аяқ та шаршаған. Кері бұрылып манағы жаңажылдық шырша жаққа келе жатқанмын. Кенет тура алдымнан жарқ етіп Қазыбек Иса шыға келгені. Мені көріп ол да қуанып кетті. Құшақтасып екеуміз де мәз боп жатырмыз. Ол да тура менің жағдайымда екен... Отыз млн халқы бар қалада адасқан екі қазақтың жолығу шын мәнінде фантастика болатын. Сөйтіп ағалы-інілі әріптестер бір бірімізді тауып алдық. «Екеумізді Алла тағала жолықтырды» деп қоямыз. Ол шынымен солай еді... Біздің топ қызық болғанда, сол шырша маңында болып шықты. Шөмішбай Сариев ағамыздың қызыл телпегі анадайдан көзімізге оттай басылды. Адасқан әңгімемізді айтып күлісіп жатырмыз. Бүгін сол «Алла тағала жолықтырған» Қазыбек інімнің туған күні екен. Құтты болсын! Екеуміз 48-стритте кездейсоқ жолыққанға дейін де, кейін де талай сапарларда, қазақ үшін қиқылдасқан талай «тусовкаларда» бірге болдық. Ұлт мүддесі қорғалатын жердің бәрінде Қазыбектің үні естіліп жатады. Сөзі дәлелді, тегеурінді. Ақынның арқасында «Ақ жол» партиясының да беті қазақ тіліне бұрылды. Қазыбекті бүгінгі күннің Алпамысы дер едім! Нағыз қайраткер! Бүкіл журналистік, ақындық, саясаткерлік қызметі Алашының жолында. Тынбайды! Тыншымайды! Тоқтамайды! Сондай азаматтың жүрегі де жүзге дейін тоқтамасын! Марат Байділдаұлы, Фейсбук парақшасынан