БҮГІНГІНІҢ ҚАҺАРМАНЫ

Қадірлі Қазыбек аға! Жарық жалғанды жалпағынан басып келген арайлы күніңіз құтты болсын! Бүгін Сізге не тілесек те жарасады. Құдіреті күшті Құдайым екі дүниенің де қызығын көруге жазсын! Мен сізді қатты сыйлаймын, қадірлеймін, құрметтеймін! Неге? Әрине, жас кезден келе жатқан жақындығымыз бар. Ежелден етене таныспыз, аралас-құраластығымызға, сыйластығымызға ешқашан сызат түскен жоқ. Сонау «Жас қазақ үні» газетіңізді алғаш ашқан кезіңізде ең бірінші Әмірхан (Балқыбек) досым екеумізді қызметке шақырғаныңыздың өзі сол кездің өзінде бізге деген қандай көзқараста болғаныңызды білдірмей ме?! Жаны жәннатта болсын, марқұм Әмірхан досым: «Думан, Қаз-ағам айтты, сен бірінші орынбасар, мен жай орынбасар боламын!» деп еді. Мен ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Проза» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүргенмін. Әмірхан досым көп үгіттеді... Бармадым, әрине. Енді шынымды айта беруге болатын шығар. Қиын кезең... Жаңа басылымның болашағына сенбедім. Жап-жақсы істеп жүрген қызметімнен айырылып қалмайын деген ой-қауіп болғанын енді несіне жасырамын?! Сол кезде өмір есігін ашқан басылымдардың басым көпшілігі бір-екі саны шыққаннан кейін-ақ жабылып қалып жатты. Бірақ, сіз газетіңізді дөңгелетіп әкеттіңіз! Міне, әлі шығып келеді. Қазақ баспасөзінде өз орнын ойып тұрып еншіледі. Бұл Сіздің жеңісіңіз, газетіңіздің жетістігі. Газеттің – саяси майданда үлкен қару екенін бәріміз білеміз. Сіз оны қарақан басыңызға пайдаланған жоқсыз. Елге, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп келе жатырсыз. Артыңыздан ілесіп келе жатқан бауырларыңыз – біз, Сізге дән ризамыз! Кез-келген адамның, оның ішінде шығармашылық иесінің алдында әу баста екі жол жатады. Бірі – қарақан басын күйттеп, билікке қызмет етіп, мәнсапқа, атақ-дәрежеге ие болып, өзінің жағдайын жасау... Екіншісі халықтың жағында болып, ақ-адал қызмет ету. Екінші жолды таңдайтындар сирек. Сол сиректің бірі ғана емес, бірегейі – Өзіңіз, Қаз-аға! Сіз екінші жолды таңдап, о бастан Құдайдың түзу жолына түстіңіз! Бұл жол, әрине, қауіпті, қатерлі, шырғалаң-бұралаңы мен қиындығы мол жол. Бірақ, қасиетті жол. Бұл кешегі «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!" дейтін Әлихандардың, Ахметтердің, Міржақыптардың, Мағжандардың, Мұстафалардың жолы. Міне, мен сізді неге сыйлаймын, қадірлеймін, құрметтеймін?! Сіздің маған бөліп беріп жатқан ештеңеңіз жоқ. Бірақ, дәл қазіргі кезде қаламымен ұлтқа қызмет етіп келе жатқан Сіздей үлкен жүректі ҚАҺАРМАНДАР сирек! Оны мойындауымыз керек! Қашанда ұлттық, елдің мәселелерді ту етіп көтеріп келесіз! Ұлтымызға, елімізге тас атқандармен ымырасыз күресіп келесіз! Ұлтыңыз, халқыңыз үшін шырылдап отқа да, суға да түсіп, есебін түгендеп, есесін қайтару үшін жанталасып жүрсіз! Ал біз Қаз-ағаң бар ғой деп, үйімізде алаңсыз көркем шығарма жазып жатырмыз. Міне, сондықтан сіздің еліңізге, халқыңызға жасаған жақсылықтардың бәрі маған да, менің ұрпағыма да жасалып жатқан жақсылықтар мен игіліктер деп түсінемін, солай қабылдаймын! Сол себепті қолымнан келгенше қолдап жүремін, қолпаштап отырамын! Сондай жақсы көретінім де сол!.. Сіздің де біз сияқты алаңсыз шығармашылықпен айналысып жүре беруіңізге болар еді... Жоқ, сіз қасиетті жолды таңдадыңыз! Бағыңыз да сонда! Әлі-ақ сіздің бағыңыз жанар, күніңіз жарқырап туар кез келеріне имандай сенемін! Ештеңе ұмытылмайды! Халқыңыз Сізді көкке көтеретін болады. Біз жанымызда жүргендіктен де қаһармандарды көре бермейміз, бағалай алмаймыз! Сіздің еңбегіңізді айтар да, бағаңызды берер де – келер ұрпақ!.. Мен Сізді ақын ретінде де, журналист ретінде де жоғары бағалаймын! Еңбегіңізге табыс тілеймін! Шыңырағыңыз шаттыққа толсын, шабытыңыз шарықтай берсін! Өзіңіз жаныңыздай жақсы көретін ұлы халқыңызға қалтқысыз қызмет ете беріңіз! ҚАДІРЛІ ҚАЗЫБЕК АҒА , қашанда мерейіңіз үстем, мәртебеңіз жоғары, абыройыңыз асқақ болсын! Думан Рамазан, Фейсбук парақшасынан