Сенатордың пікірінше, Қазақстанның ЕАЭО аясында және ДСҰ-ға кіруіне байланысты ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Бұл бағыттағы жұмысқа мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары қажет. «Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің бірқатар бағытын қолдауы керек деп есептейміз. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, ауыл шаруашылығы банкін ашу, коперацияны дамыту арқылы агросектордың өнімділігі мен тиімділігін арттыру өзекті. Бұдан бөлек, өндірілген өнімді дайындау, сақтау, тасымалдау, сату мәселесі де маңызды. Тамақ өнеркәсібін дамыту арқылы азық-түлік өнімдерінің молшылығын жасап, оны экспорттау арқылы ел қазынасын толтыруға тиіспіз. Осы бағытта кешенді бағдарлама қабылданса игі», - дейді Айтаханов.
Бұдан бөлек, депутат ауыл шаруашылығының әлеуеті болып есептелетін суармалы жерлерді толық әрі тиімді пайдалану мәселесін де алға тартты. Оның айтуынша, бұл мақсатта республикалық бюджет пен халықаралық қаржы институттарынан қаражат тартып, айналымнан шығып қалған жерлерді, қолданыстағы жерлерді қалпына келтіру қажет. «Ауылда халқымыздың 43 пайызы тұрады. Ауылды дамытпай, ауыл шаруашылығын дамыту да мүмкін емес. Сондықтан да, елді мекендерді дамыту бағдарламасын қабылдап, іске асырған ләзім. Ауылдағылардың өмір сапасының ең төменгі мемлекеттік стандарттары туралы заң қабылдауды ұсынамыз», - деді сенатор.
Бұдан басқа, депутат Қ.Айтаханов азық-түлік бағасының өсуі мен елімізге сапасыз өнімдердің келуіне тосқауыл қойып, халықты сапалы өніммен қамту мәселесіне де Үкіметтің назарын аударды. «Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігіне тамақ өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, сату, экспорттау, бағасын үйлестіру секілді мәселелерді жүзеге асыру үшін толық құзырет берілуі қажет. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігін Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігі етіп қайта құру мәселесі қарастырылса», деді сенатор. Бұл ретте депутат аталған жұмыс бірқатар шараларды, қаржыны талап ететінін айта келе, экономиканың күретамыры саналатын ауыл шаруашылығын дамыту елдің шикізатқа тәуелсіздігін арттыратынына сеніммен қарайтынын жеткізді. Депутаттың көтерген мәселесіне сенатор Т.Абайділдин, И.Адырбеков, Е.Астаев, Б.Әйтімова, М.Бортник, М. Бақтиярұлы, Н.Оразалин, Ж.Нұрғалиев және тағы да басқалары қолдау білдірді.
Дерек көзі: oinet.kz