Депутат өлім жазасына қойылған мораторийдiң күшiн жоюды ұсынды
2016 ж. 14 маусым
2150
3
Ақтөбедегi лаңкестiкке байланысты ату жазасына қойылған мораторийдiң күшiн жойған жөн. Сенат депутаты, конституциялық заңнама, сот жүйесi және құқық қорғау органдары комитетiнiң төрағасы Серiк Ақылбай осындай пiкiр бiлдiрдi, деп хабарлайды bnews.kz.
«Ақтөбеде болған жағдай, әрине, елiмiз үшiн ауыр қайғы. Қаншама кiнәсiз азаматтар қайтыс болды, жараланды. Ал террористердi құрықтаған құқық қорғау органдары – Iшкi iстер министрлiгi мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi бұл жолы өте жақсы жұмыс iстедi. Дер кезiнде қимылдап, оларды тоқтатты. 2011-2012 және осы жылы болған оқиғаларды саралап қарасақ, бiздiң құқық қорғау органдары елiмiздегi басқа ағымдарда жүрген адамдардың iс-қимылын, әрекетiн алдын ала бiлiп отыруы тиiс деп санаймын», - дейдi депутат.
Оның пайымдауынша, елiмiзде iшкi барлау жұмысы әлi де жеткiлiксiз. Бұл жұмысты нығайта түсу қажет.
«Олардың арасында түсiндiру жұмыстарын жүргiзу керек. Дiни басқармаларымыз жұмыс iстемеген секiлдi. Яғни, алдымызда үлкен жұмыс бар», - дейдi Серік Ақылбай.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, экстремистерге қатысты жауапкершiлiктi күшейткен абзал.
«Елбасы кейiнгi сөйлеген сөзiнде оларды атуға дейiн бару керек деп айтты. Бiзде қазiр мораторий, оның күшiн жою керек. Терроризм жасаған адам, кiнәсiз адамдарды қырған адамға бiр ғана жаза – ату жазасы қолданылуы тиiс», - деген пiкiрде депутат.
Дерек көзі: bnews.kz