Министрлердің жер шетелдіктерге сатылмайды дегені халықты алдау
2016 ж. 16 сәуір
5086
7
МИНИСТРЛІК БАСШЫЛАРЫНЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕРЛЕРІ ШЕТ ЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫ ДЕГЕН МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙДЫ ЖӘНЕ ОЛ ХАЛЫҚТЫ АЛДАУ
«Жер мәселесі бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ және қабылданбайды да. Өйткені, жер негізінен сол жерді пайдаланушыларға сатылады. Қазақстанның Жер туралы кодексінде, заңдарында ешқандай шетелдікке ауыл шаруашылығы саласындағы жерлер сатылмайды деп жазылған. Сондықтан жер өзіміздің азаматтарға және жергілікті компанияларға ғана тиесілі болады», - деді ҚР Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
«Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге уақытша жер пайдалану құқығымен 25 жыл мерзімге ғана беріледі»,- дейді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев өзінің жауабында.
Енді лауазымды мырзалардың осы мәлімдемелерін талқыға салып көрейік.ҚР Жер кодексінің 20-бабының 2-тармағында «Меншiк құқығының субъектiлерi: Республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы; Осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады» деп көрсетілген.
Ал осы кодекстің 23-бабының 4-тармағында «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді»,- дейді.
Сілтеме жасалып отырған осы баптың 3-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, ҮЙЛЕРДI (ҚҰРЫЛЫСТАРДЫ, ҒИМАРАТТАРДЫ) ОЛАРДЫҢ МАҚСАТЫНА СӘЙКЕС ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ АРНАЛҒАН ЖЕРДI ҚОСА АЛҒАНДА, ӨНДIРIСТIК ЖӘНЕ ӨНДIРIСТIК ЕМЕС, ОНЫҢ IШIНДЕ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР (ҚҰРЫЛЫСТАР, ҒИМАРАТТАР) МЕН ОЛАРДЫҢ КЕШЕНДЕРIН САЛУ ҮШIН берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.»
Осы екі баптың өзі шетелдіктердің қазақ жерін, оның ішінде ауылшаруашылық жерін жеке меншігіне алуына жол ашады. Ол жерде шет елдік жеке немесе заңды тұлғалар, азаматтығы жоқтар тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзіп және орман өсiрмесе де қалауынша жер алып, қала салуына мүмкіндік алады. Бұл дегеніңіз елімізде Чайна-таунның пайда болуына жасалған заңды мүмкіндік. Оның арғы жағы неге соқтыратынын бәріміздің ішіміз сезеді.
Осы кодекстің 6-бабының 6-тармағында «Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР ЖЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚАТЫНАСТАРЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТАРЫМЕН ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРЫМЕН ТЕҢ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ПАЙДАЛАНАДЫ және сондай мiндеттер атқарады»,- деп жазылған.
Демек, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдалана алады.
Сонымен бірге кодекстің 13- бабының 43-тармағына сәйкес ұлттық жер пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, СОНЫҢ ІШІНДЕ ШЕТЕЛДІК ҚАТЫСУШЫСЫ БАР КӘСІПОРЫНДАР болып табылады. ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңының 6-бабының 6-абзацында «Орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiсіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттiк тіркеу кезiнде өтiнiшке құрылтайшы немесе құрылтайшылардың бiреуi не шетелдiк немесе шетелдік заңды тұлға, Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе мемлекеттiк органдар не Ұлттық Банк жалғыз құрылтайшы не құрылтайшылардың бірі болып табылатын жағдайларда, құрылтайшының уәкiлеттiк берген адамы қол қояды және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда нотариаттық тәртiппен куәландырылған құрылтай құжаттарын қоса отырып, оны тiркеуші органға бередi»,- деп көрсетілген.
Олай болса осы бапқа сәйкес шет елдік жеке немесе заңды тұлға Қазақстанда орта және ірі кәсіпкерлік субъектісін ашып, оны заңды тұлға ретінде тіркей алады және ол ҰЛТТЫҚ ЖЕР ПАЙДАЛАНУШЫ бола алады. Бұл шетелдіктерге қатысты мәселе.
Екіншіден, қаншалықты шындық екені белгісіз, сонда да Қазақстанның Конституциясының 10-бабы бойынша басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайтын болса да қазақстандық кейбір олигархтардың екі немесе үш мемлекеттің азаматы екені туралы түрлі әңгіме бар. Жемқорлық жайлаған елімізде Қазақстанның және басқа елдің азаматтығы бар олигархтардың да миллиондаған гектер жерге ие болуы мүмкін ғой деген ой келеді.
Үшіншіден, біздің қуыршақ Парламент ертең жер кодексіне тағы да өзгеріс енгізіп, шет елдіктердің кез-келген жерді қалауынша сатып алуына рұқсат ететін өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп жіберсе таң қалмаймыз.
Төртіншіден, Жер кодексін жүзеге асыру жөніндегі заңға тәуелді нормативтік актілер (подзаконные нормативные акты) қандай болатыны тағы да белгісіз. Әдетте Үкіметтің қаулыларын, министрлердің бұйрықтарын ешкім қадағалап жатқан жоқ. Олардың басым бөлігі баспасөзде жарияланбайды да.
Бесіншіден, қазақстандық олигархтардың арзан бағаға ауылшаруашылық жерді сатып алып, нысанын өзгертіп, шетелдіктерге қымбатқа сатып жіберуіне де мүмкіндік бар деп ойлаймын. Себебі, бұл жағдай заңда мүлде қарастырылмаған немесе қазақстандықтардың жерді шетелдіктерге сатуына тиым салу кодексте көзделмеген.
Сондықтан ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Ауылшаруашылығы министрлігі басшыларының ауылшаруашылық жерлері шет елдіктерге сатылмайды деген мәлімдемелері шындыққа жанаспайды және ол халықты алдау деп түсінемін.
Естеріңізде болса жақында ғана Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ауылшаруашылығына тиесілі жерлер шет елдіктерге емес, сол жерді пайдаланушыларға ғана сатылатынын ескерткен еді.
Мақсат Ілиясұлы
qazaquni.kz