Заңды асығыс қабылдауға болмайды

пар Парламент Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Заң жобасы табиғи монополиялар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, құжатта табиғи монополияларға қатысты негізсіз шығындарды болдырмау, тарифтік үдерістерді оңтайландыру, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері қамтылып отыр. Атап айтқанда, тариф қалыптастыру және монополистер қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында сараптама жасау үшін Сараптамалық кеңес құруды заңдық негізде бекіту көзделеді. Бұдан бөлек, энергетика саласындағы доминанттарға бұқаралық тыңдаулар өткізу міндеті енгізіледі, есеп берулер мен бұқаралық тыңдаулар бойынша талаптар күшейтіледі. Ал негізсіз шығындар мен тарифтік үрдістерді оңтайландыру мақсатында одан қаржылық және техникалық сараптама шығындарын алып тастау қарастырылған. Бұл ретте техникалық сараптама тек қана өңірлік электрлік компаниялар үшін жасалады, ал аудит акционерлік қоғам болып табылатын субъектілерге енгізіледі. Сонымен қатар, тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында табиғи монополиялар субъектілері тарапынан қолданыстағы активтерді жаңғырту мен қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларға қаражат бағытталатын болады. Сол сияқты, монополистер сыртқы ауа температурасы бойынша қайта есептелген қаражаттарды тікелей тұтынушыларға қайтаруға немесе оларды тарифтерді төмендету арқылы өтеуге міндетті болады. Екінші оқылымда талқылау барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары көлік құралдарын тоқтату мен ақылы тұраққа қою ережелерін бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынды. Қалалық қоғамдық көлікте сараланған тарифтер белгілеуде «Автомобиль көліктері туралы» заңды қайта қарау ұсынылып отыр. Осы өзгерістерден соң заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Тіл-көзден сақтасын, заң қабылдау жүйесі тың жолға түскен секілді. Кез келген жобаны сол күйінде қабылдай салатын күндер артта қалғандай. Соңғы кезде Сенаттың талқылауынан соң бірнеше заң жобасы кейін қайтарылды. Расында заң қабылдауда асығыстықпен пәленбай заң қабылдауымыз қажет деген міндеттеме жоспардың керегі жоқ. Бір заң қабылданса да сапалы, өміршең болғаны дұрыс қой.       Зейнолла АБАЖАН   "Қазақ үні" газеті