Парламент Cенатының жалпы отырысында сенатор Серік Ақылбай алимент өндіру мәселесін көтере отырып, алимент төлемейтіндерді бір жылға дейін жүргізуші құқығынан айыруды ұсынды.
Сенатордың айтуынша, қазіргі таңда алимент өндiрiп алу өзектi мәселенің біріне айналған. Мәселен, сот атқарушыларында алимент өндiру бойынша 213 мың шешiм болса, соның iшiнде, 14 мыңнан астамы өтелмей келеді. С.Ақылбай кейбір борышкерлердiң өз мiндеттемелерiн атқаруға толық мүмкiндiгi бар екендiгiн де ескертті.
«Қазіргі таңда қолданыстағы механизмдер алимент өндіру мәселесін толыққанды шеше алмайды. Осыған орай, сот белгiлеген мiндеттемені атқармайтын борышкердiң көлiк жүргізу құқығын уақытша шектеу мәселесi туындап отыр. Шектеу борышкер өз мiндетiн атқармайынша бекiтiлуi тиiс, бiрақ бiр жылдан аспауы керек. Бұл ретте мүгедектiгi немесе табыс табудың жалғыз көзi болған жағдайда олардың көлiк жүргізуіне тыйым салынбауы керек. Сонымен қатар, алимент қарызы 3 айлық жалақыдан аспайтын болса, мұндай шектеудi қолданбауға болады», – дейді Серік Ақылбай.
Сонда қалай, үш ай алимент төлемесе баланың анасы арыз берген жағдайда әкені екі жылға бас бостандығынан айыратын заңның да қауқарсыз болғаны ма? Кім баласына көмектескісі келмейді дейсіз, көбісі жұмыссыз қалғандықтан қол ұшын бере алмайды. Балаларына көмектесуге мүмкіндігі жоқтарға бұл ұсыныс жығылған үстіне жұдырық болып жүрмей ме?
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті