БІЗДЕ ЗАҢ АЛДЫМЕН ҚАБЫЛДАНАДЫ, СОСЫН ТАЛҚЫЛАНАДЫ

11 Жаңа жылдағы бір жұмалық демалыстан соң күш жинаған біздің Мәжіліс депутаттары жаңа қарқынмен қызметке кірісіп кетті. Айта кетейік, бір жұмада біздің депутаттар демалыста емес, біліктіліктерін арттырып, демократиясы дамыған шетелден оқып келгендей әсер қалдырды. Сөйтсек, бізде заң шығару саласында қордаланған мәселе көп екен. Оны биылғы жылдың осы бірінші отырысы-ақ көрсетіп берді. Содан да болар, алғашқы отырыста бірнеше мәселе қаралды. Жоқ, жаңа жылда ешқандай жаңалық ашылған жоқ, бәрі сол баяғы айта-айта жауыр болған, бұрынғы қабылданып кеткен заңдар төңірегіндегі таптаурын әңгіме қозғалды. Әдеттегідей депутат Азат Перуашев қана кәсіпкерлердің қамын қарастырудан бастады. Оның айтуынша, Еуразиялық одаққа кіруімізге байланысты біздің кәсіпкерлер тағы да оңбай ұтылмақшы. Себебі, Ресей өздерінің тауарларын, әсіресе, алкаголь өнімдерін оңды-солды жарнамалап өткізуде. Ал, біз болсақ оған тиым салып, өз қолымызды өзіміз байлап қойдық. Сондықтан бұл мәселені қайта қарау керектігін алға тартты. Галина Баймаханова 12 жылдық білім берудің арнаулы дайындалған мамандарсыз, материалдық дайындықсыз жақын арада қолға алудың қажеті жоқтығын жариялады. Бұл екі пікірді де орынсыз деп айта алмайсыз. Ең қызу әңгіме соңғы кезде телеар­налардан түспей қойған, қарапайым халықтың наразылығын тудырған жол жүру ережелеріне қатысты өрбіді. Сырттан қарағанда депутаттарымызды біреу ауыстырып қойғандай көрініс орын алды. Алдында өздері қабылдаған заңның жүн-жұрқасын шығарып, іске алғысыз еткенін көрудің өзі неге тұрады десеңізші. Осыншама белсенділікті бұрын олар неге көрсетпей келген екен? Сайлаушыларымен кездескен болу керек, Меруерт Қазыбекова бастады бұл пікірталасты. Депутаттар осы заңның қисынсыз екенін түсініп, балаларға арналған автоорындық туралы ережені кіргізуге тағы бір жыл уақыт беру керек деген ұсыныстарын да айтты. Басқасын былай қойғанда, Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов жаңадан қабылданған жол жүру ережесін қатаң сынап, өздерінің жіберген кемшіліктерін ашық мойындады. Осыған қарап, біздің депутаттарымыз халықтың әлеуметтік жағдайынан мүлдем бейхабар деген ойға келесіз. Жалпы, біздің шенеуніктерді шетелге ақша шығындап оқуға жіберудің орнына, қарапайым халықтың ортасына өмірдің ащы дәмін татып, тәжірибе жинақтауға жіберген дұрыс сияқты. Біз қандай елміз, неге бәрін керісінше жасаймыз? Алдымен заңды қабылдап алып, сосын талқылаймыз, тіпті сын айтамыз. Бәріміз бас иіп орындауға тиісті киелі заңымызды ойыншыққа айналдырып жібердік. Жазылған заң «екіліктен» көз ашпайтын ұқыпсыз оқушының дәптері емес қой, қайта-қайта сызып, шимайлайтын. Бұл халықтың арқасында жоғары орынға жайғасқан депутат­тарымыздың жауапсыздығы дер едік. Сіздер билікке емес, алдымен халыққа қызмет етуге тиістісіздер ғой. Әлде шала заңды қабылдауға жоғары жақтан біреулер мәжбүрледі ме? Олай болса сайлаушыларға түсіндіріп, дәрменсіздіктеріңізді ашық айтпайсыздар ма? «Ештен кеш жақсы» демекші, кеш те болса өз қателіктерін түсінгеніне шүкір дейміз. Тіл-көзден сақтап, осы бағыттарынан таймаса деген тілегімізді жеткізу ғана қалған сияқты халық қалаулы­ларына. Айтпақшы, енді өздеріңіз қабылдаған тұрғындарды тіркеу туралы заңды да тағы бір қарап шықсаңыздар артық болмас. Өйткені бұл ереже де ертең үлкен мәселе тудыратыны бүгіннің өзінде белгілі болып отыр. Зейнолла АБАЖАН