Түйткілді мәселелер талқыланды

      ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев пен Нұрлан Жазылбеков Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау барысында түрлі мәселелерге негізделген арыз-шағымдар, әсіресе, әлеуметтік әділетсіздік пен баспана кезегі жөнінде, жер телімдері мен үлескерлік құрылыс жөніндегі өзектіліктер заң маманының қатысуымен талқыланды. Мәселен, менеджер Татьяна Пактың үлескерлік құрылыс жөніндегі арызы бойынша 2006 жылдан бергі «Бес Тұлға» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңындағы жұмысы мардымсыз жүруінен, амалдары таусылған үлескерлердің шарасыз күй кешіп, әділеттілік іздеп келуіне фракция депутаттары қолдарынан келгенінше көмектесіп, тиісті баспаналарына қол жеткізуге себепші болуға уәде берді. Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Сіргебаева Ақмаралдың жеке жер телімдерінің жергілікті ауыл әкімдерінің бассыздықпен заңсыз пайдалану фактілері жөніндегі арызы аймақтық басшылардың жауапкершілігін қайта қарауға, ҚР Аймақтық даму министрлігіне депутаттық сұраулар салатындығы мен тиісті құқықтық қолдау көрсетілетін болды. Ал, музыкалық мектептің оқытушысы Олег Левушиннің жас отбасы санаты бойынша кезектегі тұрғын үй бағдарламасының мәселесі жөніндегі арызы жергілікті құзырлы басқармалардың деңгейінде шешіліп, қажет болса, ҚР Тұрғын үй агенттігіне фракциялық сұраулар салынатындығы көрініс тапты. Алатау ауданының тұрғындары зейнеткер Т. Көшімбаев және кәсіпкер Т.А.Рахманқұлов сынды азаматтардың құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі жөніндегі арызы жете заңгерлік көмекпен қарастырылып, өз шешімін тиісті Бас прокуратураға шағым түсіру арқылы, Алматы қаласының соңғы жылдары қылмыстық фактілер жөнінен алдыңғы орындарынан табылуы, аймақтағы қылмыс атауының ретсіздігіне, құқыққорғау органдарының жеткіліксіз түрде жұмыс жасауларына қатысты Ішкі істер министрлігінің басшылығына депутаттық сұрау салатындығы белгілі болды. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауда ҚХР азаматы, оралман қандасымыз Жанар Нәситанның жолдасы оралман қазақ жігітінің елге оралған кезінен нақақтан-нақақ қылмыстық іске душар болып, 16 жылға бас бостандығынан айрылуы жөніндегі арызы бойынша, Сот шешімінің қатал үкім шығарылуы қайта қаралып, жеңілдік мәселесін қарастыруы немесе Елбасының рақымшылық тізіміне енгізуге әрекет жасайтындығы анықталды. Сондай-ақ, Азат Перуашев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң факультетінің ұйымдастыруымен өзінің «Көшбасшылық дәрісін» өткізді. Дәріс барысында «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясының заңнамалық жұмыстарының мәселелері кеңінен талқыланып, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғалу салалары және т.б. өзекті мәселелер жөніндегі ұстанымдарын ортаға салды. Жиын барысында студенттердің латын әліпбиіне байланысты қойған сұрақтарына «Ақ жол» партиясының төраға орынбасары Қазыбек Иса: «Қазақтың ұлт ретінде жойылып кету қаупі латынға көшуде емес, көшпеуде, яғни кириллица отарында қала беруде күшейе береді. Иә, «Өлімнен басқаның барлығының ертесі жақсы» деген жағымды сөз бар. Демек, қоғам дайын болса, ертерек өте берудің зияны жоқ. Өйткені, суға неғұрлым ерте түссең, соғұрлым жүзуді ерте үйренесің. Меніңше, 2015 жылы бастап, 2025 жылға дейін орыс кирилицасы қатар жүріп, латын әліпбиінде мектеп бітіретін кезең – 2025 жылдан бастап, латын әліпбиі Қазақ мемлекеті үшін жекедара мемлекеттік әліпби болуы тиіс. Қысқасы, Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, мемлекеттік әліпби- латын әліпбиі болуы керек. Ал орыс әліпбиі қосымша рөл ғана атқаруы тиіс. Онда да 2025 жылға дейін», – деп жауап берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтық мүдделері мен құқықтарының қорғалуындағы фракциялық қызметтерінің нәтижелері көтеріліп, студенттер тарапынан қызу пікірталастар орын алды. Партия басшысына қойылған сауалдардың жауаптары жиылған жұрттың көңілінен шықты. Керемет тартымды өткен осы жиында ҚазҰУ заң факультетінің деканы Дәулет Байділдинов Азат Перуашевтың ел білмейтін қырын ашып, оның 1996 жылы орыс тілінде шыққан жыр жинағынан өлеңдер оқып беріп, оны студентттер сұрауымен Азат Перуашевтың өзі жалғастырып алып кетті. Сөйтіп саяси басталған жиын поэзия кешіне ұласып, әдеби аяқталды. Қуаныш РЫСҚҰЛОВ