Қоғамдық қабылдау көкейдегі мәселені талқылады

  «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалының кеңсесінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, «Ақ жол» фракциясының мүшелері – Меруерт Қазыбекова мен Нұрлан Жазылбеков қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдау барысында қала тұрғындарының түрлі мәселелерді көтерген, көптеген арыздары қаралды. Олардың ішінде Алматы қаласындағы музыкалық мектептің оқытушысы Олег Левушиннің тұрғын үй бағдарламасының кезегі жөнінде арызы, Ахметкеримов Нұрболдың Тұрғын үй бағдарламасында 2006 жылдан бергі кезегінің жүрмеуі жөніндегі арызы, Алматы студенттер қауымының 80 техникалық мамандығында мемлекеттік грант есебінде оқып жүрген студенттердің техникалық мамандықпен жұмыспен қамтылу жүйесін реттеу туралы шағымын, шағын және орта кәсіпкерлікте банкроттық ахуал, салалық тексеру, дағдарыстық қалыпты оңтайландыру шараларын жетілдіру жөніндегі арыздары жете қарастырылды. Қоғамдық қабылдау аясында «Ақ жол» фракциясының депутаттары өздерінің тарапынан заң шығарушылық жұмыстарында қаперлеріне алатындығын, арнайы жұмыс топтарында құқықтық сүйемелдеумен қажетті дәрежеде көтеретіндігін, партияның күнделікті жұмыс­тарында белсенді жүргізетіндігін жеткізді. Барлық тұрғындардың арыз-шағымдары депутаттардың жұмыс топтарында, депутаттық сұрауларда көрініс табатындығы айтылды. Қабылдау жұмысындағы өзекті мәселелер арнайы заң мамандарының қатысуымен талқыланды. Сондай-ақ осы күні «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен Парламент депутаттары, қаладағы кәсіпкерлік қауым және қалалық кеңес активі қатысқан «ҚР-ғы кәсіпкерліктің келешегі мен өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Ұлттық Пала­та­ның Кадрлардың біліктілігін арттыру Орталығының директоры Г. Шәуенова, «МАГ» ЖШС директоры А. Құжбанов, «Альфа-гарант» Консалтинг» ЖШС бас директоры Д. Беков, Ұлттық Палатаның Алматыдағы өкілі Д. Какілбаев, Алматы қаласындағы Халықаралық аэропорттың тасымалдау жөніндегі директор орынбасары Қ. Шакенов, «KAZPAC-LTD» ЖШС құқық қызметінің басшысы Н. Кузнецов, «SHABAN» ЖШС директоры С. Шабанов, «Кәсіпкер әйелдер­дің одағы» Алматыдағы өкілі А. Қоңырбаева, «Отаным – Елім» Халықаралық Заң компаниясының атқарушы директоры Р.Мингазов, «Жетісуда кәсіби басқарушылардың банкроттық процедуралары Одағының» президенті М. Қабікенова, аталған ұйымның Алматы филиалының директоры К. Жамықанова, Абай атындағы ҚазҰПУ экономика магистранты А. Жарқынбаевалар қатысты. Филиал төрағасы Андрей Линник пікір-алмасу талқысының модераторы ретінде, Парламенттегі «Ақ жол» фракциясының депутаттарына сөз беріп, іс-шара бағдарламасы негізінде жүргізді. Сарапшылық ой-пікірлерді жандандырған депуттардың аймақтағы кәсіпкерліктің ахуалы, әсіресе, заңнамалық тұрғыдағы жалған кәсіпкерліктің проблемасы, салықтық салымдардың ауыртпалығы, салалық тек­серулердің реттеліп келе жатқандығы, жас кәсіпкерлердің нарықтағы орны мен рөлі, оларға жасалатын жеңілдіктер мен көмектің қажеттілігі және т.с.с өткір дүниелердің депутаттық жұмыстарда өз шешімдерінің табылып жатқан сөздері тыңдаушыларды қызықтырды. Кәсіпкерлер де өздерінің тың сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жүйелі түрде өткен дөңгелек үстелдің қатысушылары ортақ мәселені шешуге атсалысып жатқан депутаттық фракция мүшелеріне қажырлы еңбек тілеп, алдағы уақытта ынтымақтаса әрекет етуге ниет білдірді. «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы