Азат ПЕРУАШЕВ: БІЗДЕ ШАШ АЛ ДЕСЕ, БАС АЛАТЫН ШЕНЕУНІКТЕР БАР
Бюджет саясаты индикаторлардың әдістемелік тұрақты жүйесін қажет етеді. Бұл туралы жақында Мәжілістің пленарлық отырысында Азат Перуашев мәлімдеді.
«Егер нәтижеге бағытталған бюджеттендіру туралы айтылатын болса, онда әлеуметтік-экономикалық дамуға дәлме-дәл талдау жасау үшін және бұл міндеттердің қалайша орындалып жатқандығы туралы шынайы көріністі көру үшін индикаторлардың әдістемелік тұрақты жүйесін қолдану қажет. Оның орнына еркін ауысушы параметрлер беріліп отыр. Оларды өзара салыстыру және болып отыратын өзгерістерді дұрыс бағалау мүмкін емес. Мәселен, бір жағдайларда «өңдеуші өнеркәсіптің» ұғымы қолданылады, оған басқа салалармен бірге металлургия өндірісі кіреді,бірақ тау-кен өндіруші кәсіпорындар кірмейді. Енді бізге «мұнайлы емес сектордың» индикаторлары ұсынылып отыр, оған өңдеуші салалардан бөлек тау-кен өндіруші кәсіпорындар, сондай-ақ құм, ұсақ тас, әк тас сияқты және т.б. көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды өндіру бойынша айналымдар кіреді» – деп атап өтті Азат Перуашев.
Парламент фракциясының басшысы өз сөзінде тағы бірқатар проблемалық мәселелерге көңіл аударды.
Бірінші. Бюджет кірісінің қысқару себептерінің бірі болып мұнайлы емес сектордағы жалпы қосылған құн өсімі қарқынының 131 пайыздан 116 пайызға дейін төмендеуі есебінен корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша түсімдерді түзету көрсетілген. Сонымен, негізгі бөлігі (53%) ЖҚҚ-ның өсуі тау-кен кәсіпорындарымен қамтамасыз етіледі. Бұл жағдай біздің экономикамыздың шикізаттық бағытының сақталуының және тіпті күшеюінің дәлелі болып отыр, сондай-ақ іске асырылып отырған индустрияландыру бағдарламасының (ҮИИДБ) өңдеу өнеркәсібінің өсіміне алып келмегендігін көрсетеді.
Сондықтан, депутаттардың ойынша іске асырылып жатқан бағдарламалардың да түзетілуі қажет.
Екінші. Бюджет саясаты экономиканы ынталандыру құралы болудан қалып, тұтынушылық бағыт алып барады.
«Қаржы министрлігінің баяндамасына сәйкес, қысқарту ең алдымен экономикалық белсенділікті ынталандыратын шығындарға қатысты болады. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің (20 млрд.), көлік министрлігінің (34 млрд.) немесе индустрия министрлігінің (3 млрд.) салалары бойынша.
Мұндай шығындар жұмыс орындарын ашу, еңбекақы төлеу, салықтар арқылы оң нәтижеге ие болушы еді, экономикамызға және бюджетке жаңа түсімдер әкеліп, еселеп қайта оралушы еді. Мұның орнына шығынға әкелетін бағдарламалар басым қаржыландырылуда» – деп атап өтті Азат Перуашев.
Үшінші. Бұдан бұрын берілген қаражаттың 70 және тіпті 100 пайызға игерілмеуі себебінен бірқатар бағдарламалар бойынша жүргізіліп отырған түзетулер іс жүзінде барлық операторлар бойынша бюджеттік жоспарлаудың орындалу тәртібінің төменгі деңгейін көрсетеді.
Қазіргі жағдайда, «ақжолдықтар» бұл кемшілікті айрықша маңызды деп санайды және үкіметке осы салада тәртіп орнату бойынша шаралар қабылдауды ұсынады.
«Ақ жол» фракциясы сонымен бірге, бюджет жобасына айыппұл бойынша 13 млрд. теңгені құрайтын түсімдер жоспары кіргеніне де назар аударды. «Түрлі тексеруші органдар осынша көлемдегі айыппұлдарды жинауға міндетті болады және кәсіпкерлерге қысым көрсетуді күшейтеді деген қауіп туындайды» – деп ерекше атап өтті депутат. Бұған қарамастан, Қаржы министрі Жәмішев мұның жаңа айыппұлдарды жинау жоспары емес, өткен кезде түскен айыппұлдар екендігін бұрын да түсіндірген болатын. Азат Перуашев мұндай түсімдерді жоспарлауды бастап кетпеу үшін, бұл түсіндірмені тексеруші органдарға жеткізуін сұрады. «Әйтпесе, біздің шенеуніктеріміздің шағын және орта бизнеске қатысты кейде шаш ал десе, бас алатын жағдайлары бар», – деді А.Перуашев.
Бюджеттік процедураларды орындауға белгіленген уақыттың тығыздығын ескере отырып, «Ақ жол» фракциясының депутаттары ұсынылған бюджеттің жобасын қолдады.
«Бүгін парламентке бұрынғыдан шынайылау және прагматикалық бюджет ұсынылды. Ол үкіметтің бюджеттік саясатын тек ізгі тілектерден емес, нақты жағдайлардың және қолда бар қаражаттың негізінде анықтайды. Бұдан басқа, бюджеттік кіріс бөлігінің 382 млрд-дан астам теңгеге айтарлықтай қысқаруына қарамастан, 72 млрд. теңгені қайта бөлу есебінен кейбір әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруды ұлғайту ұсынылып отыр. Бәлкім, бұл дұрыс және керек шешім шығар. Ескертпелерді ескере отырып, осы жобаны қолдауға болады деп есептейміз», – деп сөзін қорытындылады А.Перуашев.
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі