Азат ПЕРУАШЕВ: БІЗДЕ ШАШ АЛ ДЕСЕ, БАС АЛАТЫН ШЕНЕУНІКТЕР БАР

  Бюджет саясаты индикаторлардың әдістемелік тұрақты жүйесін қажет етеді. Бұл туралы жақында Мәжі­ліс­тің пленарлық отырысында Азат Пе­руа­шев мәлімдеді. «Егер нәтижеге бағытталған бюд­жеттендіру туралы айтылатын болса, онда әлеуметтік-экономикалық дамуға дәлме-дәл талдау жасау үшін және бұл міндеттердің қалайша орындалып жатқандығы туралы шынайы көріністі көру үшін индикаторлардың әдісте­мелік тұрақты жүйесін қолдану қажет. Оның орнына еркін ауысушы пара­метрлер беріліп отыр. Оларды өзара салыстыру және болып отыратын өзгерістерді дұрыс бағалау мүмкін емес. Мәселен, бір жағдайларда «өң­деуші өнеркәсіптің» ұғымы қолданы­лады, оған басқа салалармен бірге металлургия өндірісі кіреді,бірақ тау-кен өндіруші кәсіпорындар кірмейді. Енді бізге «мұнайлы емес сектордың» индикаторлары ұсынылып отыр, оған өңдеуші салалардан бөлек тау-кен өн­діруші кәсіпорындар, сондай-ақ құм, ұсақ тас, әк тас сияқты және т.б. көп­шілікке таралған пайдалы қазбаларды өндіру бойынша айналымдар кіреді» – деп атап өтті Азат Перуашев. Парламент фракциясының басшы­сы өз сөзінде тағы бірқатар пробле­ма­лық мәселелерге көңіл аударды. Бірінші. Бюджет кірісінің қысқару себептерінің бірі болып мұнайлы емес сектордағы жалпы қосылған құн өсімі қарқынының 131 пайыздан 116 пайыз­ға дейін төмендеуі есебінен корпора­тив­тік табыс салығы (КТС) бойынша түсімдерді түзету көрсетілген. Соны­мен, негізгі бөлігі (53%) ЖҚҚ-ның өсуі тау-кен кәсіпорындарымен қамтама­сыз етіледі. Бұл жағдай біздің эконо­ми­камыздың шикізаттық бағытының сақталуының және тіпті күшеюінің дәлелі болып отыр, сондай-ақ іске асы­рылып отырған индустрияландыру бағ­дарламасының (ҮИИДБ) өңдеу өнер­кәсібінің өсіміне алып келмеген­дігін көрсетеді. Сондықтан, депутаттардың ойынша іске асырылып жатқан бағдарлама­лар­дың да түзетілуі қажет. Екінші. Бюджет саясаты экономи­каны ынталандыру құралы болудан қалып, тұтынушылық бағыт алып ба­рады. «Қаржы министрлігінің баянда­масына сәйкес, қысқарту ең алдымен экономикалық белсенділікті ынталан­ды­ратын шығындарға қатысты бола­ды. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің (20 млрд.), көлік ми­нистрлігінің (34 млрд.) немесе ин­дустрия министрлігінің (3 млрд.) сала­лары бойынша. Мұндай шығындар жұмыс орын­дарын ашу, еңбекақы төлеу, салықтар арқылы оң нәтижеге ие болушы еді, экономикамызға және бюджетке жаңа түсімдер әкеліп, еселеп қайта оралушы еді. Мұның орнына шығынға әкелетін бағдарламалар басым қаржыландыры­луда» – деп атап өтті Азат Перуашев. Үшінші. Бұдан бұрын берілген қаражаттың 70 және тіпті 100 пайызға игерілмеуі себебінен бірқатар бағдар­ламалар бойынша жүргізіліп отырған түзетулер іс жүзінде барлық опера­тор­лар бойынша бюджеттік жоспар­лау­дың орындалу тәртібінің төменгі дең­гейін көрсетеді. Қазіргі жағдайда, «ақжолдықтар» бұл кемшілікті айрықша маңызды деп санайды және үкіметке осы салада тәр­тіп орнату бойынша шаралар қабыл­дауды ұсынады. «Ақ жол» фракциясы сонымен бір­ге, бюджет жобасына айыппұл бо­йын­ша 13 млрд. теңгені құрайтын түсімдер жоспары кіргеніне де назар аударды. «Түрлі тексеруші органдар осынша көлемдегі айыппұлдарды жи­науға міндетті болады және кәсіпкер­лерге қысым көрсетуді күшейтеді де­ген қауіп туындайды» – деп ерекше атап өтті депутат. Бұған қарамастан, Қаржы министрі Жәмішев мұның жаңа айып­пұлдарды жинау жоспары емес, өткен кезде түскен айыппұлдар екендігін бұрын да түсіндірген бола­тын. Азат Перуашев мұндай түсімдерді жоспар­лауды бастап кетпеу үшін, бұл тү­сін­дірмені тексеруші органдарға жет­кізуін сұрады. «Әйтпесе, біздің шенеу­ніктеріміздің шағын және орта биз­неске қатысты кейде шаш ал десе, бас алатын жағдайлары бар», – деді А.Пе­руашев. Бюджеттік процедураларды орын­дауға белгіленген уақыттың тығыз­дығын ескере отырып, «Ақ жол» фрак­циясының депутаттары ұсынылған бюджеттің жобасын қолдады. «Бүгін парламентке бұрынғыдан шынайылау және прагматикалық бюд­жет ұсынылды. Ол үкіметтің бюджеттік саясатын тек ізгі тілектерден емес, нақты жағдайлардың және қолда бар қаражаттың негізінде анықтайды. Бұдан басқа, бюджеттік кіріс бөлігінің 382 млрд-дан астам теңгеге айтар­лық­тай қысқаруына қарамастан, 72 млрд. теңгені қайта бөлу есебінен кейбір әлеуметтік бағдарламаларды қаржы­ландыруды ұлғайту ұсынылып отыр. Бәлкім, бұл дұрыс және керек шешім шығар.   Ескертпелерді ескере отырып, осы жобаны қолдауға болады деп есеп­тейміз», – деп сөзін қорытын­дылады А.Перуашев.                                              Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі