Азат ПЕРУАШЕВ: БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ҰТЫМСЫЗ ПАЙДАЛАНУҒА ЖОЛ БЕРМЕУ ҚАЖЕТ
2012 ж. 23 қазан
1482
0
Кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік органдардың функцияларының қайталануы іс жүзінде бюджет қаражаттарының ұтымсыз пайдаланылуы мен тиімсіздікке әкеледі. Бұл туралы Азат Перуашев Мәжілістің пленарлық отырысындағы 2013-2015 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау кезінде мәлімдеді. Сондай-ақ А.Перуашев өз сөзінде бюджет қаржысын ұтымсыз пайдалануға жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Парламенттік фракция жетекшісі қаржы министрі Болат Жәмішевке келесідей сауал жолдады.
Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган – Экономика және сауда министрлігінің профильдік Комитеті болып табылады.
Оның үстіне «Даму» қоры кәсіпкерлерге практикалық көмек көрсету бойынша мемлекеттік оператор ретінде белгіленген.
Аталған органдар кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік саясатын іске асыруға бағытталған барлық кешенді іс-шараларды жүргізеді, оқыту және қаржылық шараларын қоса алғанда.
Мысалы, «Даму» қоры іске асырып жатқан «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасында «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау» (бірінші бағыты) тікелей қарастырылған. Ал «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» атты төртінші бағытында «Назарбаев – Университеті» базасында шағын және орта бизнесті, бастаушы кәсіпкерлерді оқыту сияқты шаралар белгіленген.
Экономика және сауда министрлігінің бюджетіне осы бағдарламаның тек үшінші және төртінші бағыттарына 2013-2015 жылдарға 16 млрд-тан астам теңге қарастырылған.
Оның үстіне облыстардың бюджеттеріне «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына тағы 40 млрд-тан астам теңге бөлінген.
Оған қарамастан, «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасының аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне кәсіпкерлікке үйрету үшін (яғни, аталмыш мақсаттарға) тағы да 1 млрд 100 млн теңге бөлініп отыр.
Кәсіпкерлікке оқыту сөзсіз маңызды және керек жұмыс, – деп санайды «Ақ жол» партиясы. Алайда әлеуметтік органдардың қызметкерлері бизнеске оқыта ала ма және нақты қандай бизнеске?
«Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей болмасын. Сонымен кәсіпкерлерді оқытуға кім жауапты екенін бізге анық айтсаңыз?» – деп Азат Перуашев өз сауалын жеткізді.
Депутаттың сауалына жауап бере отырып, Б.Жәмішев мұндай қайталаудың бар екендігін мойындады және оны жою бойынша мемлекеттік органдардың жұмыс жасайтындығын айтты.
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі