Азат ПЕРУАШЕВ: Отандық көлік жолдарында қазақстандықтарға қарсы жарияланбаған соғыс жүруде
2012 ж. 24 қыркүйек
1382
0
Отандық көлік жолдарында қазақстандықтарға қарсы жарияланбаған соғыс жүруде, оның құрбандарының саны Ауған соғысындағы Кеңес әскерінің шығынынан екі есе көп – бұл туралы Азат Перуашев бүгінгі Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» партиясы фракциясының атынан жарияланған депутаттық сауалда айтып өтті.
«Әңгіме көптеген адам өліміне себепші, жиі болатын ірі жол-көлік оқиғалары туралы бо-
лып отыр. Ресми мәліметтер бойынша, соңғы
10 жыл ішінде біздің елімізде жол-көлік оқиғаларынан балаларды қоса алғанда 32 мыңнан астам адам көз жұмған; 166 мыңнан астамы жарақаттар алып, мертіккен.
Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан қазақстандықтардың саны Ауған соғысындағы Кеңес әскерінің шығынынан екі еседен астам көп, салыстырсақ: онда осындай уақыт аралығында (10 жыл) әскери әрекеттерден 14 мыңдай адам көз жұмған.
Сонда Қазақстан жолдарында көптеген адамдардың өліміне алып келіп жатқан күнделікті тоқтаусыз майдан жүріп жатыр деп айтуға болады» - деп атап өтті депутат және келесі мәліметтерді мысалға келтірді:
Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың едәуір үлесі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарға келеді. Мәселен, 2011 жылы жол-көлік оқиғаларынан 2707 адамның 1113-і немесе 41 %-ы осындай жолдарда қаза тапқан.
Олардың арасында еліміздегі екі ірі мегаполисті ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін, бізбен көршілес мемлекеттерді байланыстырушы жалғыз жол болып табылатын республикалық маңызы бар «Алматы-Астана» трассасы аса ерекшеленіп отыр.
- 2010 жылғы 13 қазанда осы трассада болған жол-көлік оқиғасы кезінде 11 автобус жолаушысы қаза тапқан;
- 2011 жылғы 8 мамыр күні сонда, минивэн мен КамАЗдың соқтығысуы кезінде 16 адам қаза тапқан;
- Биылғы жылдың тамыз айында осы трассада болған жол-көлік оқиғасынан 16 адам көз жұмды.
Жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің ішінде қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кету жағдайы елеулі орын алып отыр, ал адамдардың жарақат алуы мен құрбандарының саны бойынша ереже бұзудың бұл түрі алда тұр.
Аталған трасса негізгі бөлігі бойынша екі жолақты болып табылады, ол жол төсемінің енсіздігімен және бөліп тұратын тосқауылдың жоқтығымен ерекшеленеді. Ал бұл жағдай көлік құралдарының жоғары тығыздығы мен әртүрлі қозғалыс жылдамдығы кезінде көліктердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетуіне және ауыр апаттарға әкеліп соғады.
Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттары Үкіметтен трассаны 4 жолаққа дейін кеңейту және қарама-қарсы бағыттағы қозғалыс жолақтарының арасына бөліп тұратын тосқауыл қою жолымен «Алматы-Астана» трассасын жаңғыртуды талап етеді.
«Біз мұндай жобаның шығынды болатындығын түсінеміз, алайда Ата Заңымыздың 1 бабына сәйкес адам және оның өмірі Қазақстан Республикасындағы жоғары құндылықтар болып табылады. Және дәл осы ұсынылып отырған жаңғырту көптеген отандастарымыздың өмірін сақтап қала алады», - деп атап өтті Азат Перуашев.
Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясының баспасөз қызметі