Азат ПЕРУАШЕВ: Отандық көлік жолдарында қазақстандықтарға қарсы жарияланбаған соғыс жүруде

0
966

Отандық көлік жолдарында қазақстан­дық­тарға қарсы жарияланбаған соғыс жүруде, оның құрбандарының саны Ауған соғысындағы Кеңес әскерінің шығынынан екі есе көп – бұл туралы Азат Перуашев бүгінгі Мәжілістің пле­нарлық отырысында «Ақ жол» партиясы фрак­циясының атынан жарияланған депутаттық сауалда айтып өтті.
«Әңгіме көптеген адам өліміне себепші, жиі болатын ірі жол-көлік оқиғалары туралы бо­-
лып отыр. Ресми мәліметтер бойынша, соңғы
10 жыл ішінде біздің елімізде жол-көлік оқиға­ларынан балаларды қоса алғанда 32 мыңнан астам адам көз жұмған; 166 мыңнан астамы жа­рақаттар алып, мертіккен.
Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан қазақ­стандықтардың саны Ауған соғысындағы Ке­ңес әскерінің шығынынан екі еседен астам көп, салыстырсақ: онда осындай уақыт аралығында (10 жыл) әскери әрекеттерден 14 мыңдай адам көз жұмған.
Сонда Қазақстан жолдарында көптеген адам­дардың өліміне алып келіп жатқан күн­делікті тоқтаусыз майдан жүріп жатыр деп айтуға болады» – деп атап өтті депутат және келесі мәліметтерді мысалға келтірді:
Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың едәуір үлесі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарға келеді. Мәселен, 2011 жылы жол-көлік оқиғаларынан 2707 адамның 1113-і немесе 41 %-ы осындай жолдарда қаза тапқан.
Олардың арасында еліміздегі екі ірі мегаполисті ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін, бізбен көршілес мемлекеттерді байланыстырушы жалғыз жол болып табылатын республикалық маңызы бар «Алматы-Астана» трассасы аса ерекшеленіп отыр.
– 2010 жылғы 13 қазанда осы трассада бол­ған жол-көлік оқиғасы кезінде 11 автобус жо­лау­шысы қаза тапқан;
– 2011 жылғы 8 мамыр күні сонда, минивэн мен КамАЗдың соқтығысуы кезінде 16 адам қаза тапқан;
– Биылғы жылдың тамыз айында осы трассада болған жол-көлік оқиғасынан 16 адам көз жұмды.
Жол-көлік оқиғаларының басты себеп­те­рінің ішінде қарсы бағыттағы қозғалыс жола­ғына шығып кету жағдайы елеулі орын алып отыр, ал адамдардың жарақат алуы мен құр­бандарының саны бойынша ереже бұзудың бұл түрі алда тұр.
Аталған трасса негізгі бөлігі бойынша екі жолақты болып табылады, ол жол төсемінің енсіздігімен және бөліп тұратын тосқауылдың жоқтығымен ерекшеленеді. Ал бұл жағдай кө­лік құралдарының жоғары тығыздығы мен әртүрлі қозғалыс жылдамдығы кезінде көлік­тердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетуіне және ауыр апаттарға әкеліп со­ғады.
Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттары Үкіметтен трассаны 4 жолаққа дейін кеңейту және қарама-қарсы бағыттағы қоз­ғалыс жолақтарының арасына бөліп тұратын тосқауыл қою жолымен «Алматы-Астана» трассасын жаңғыртуды талап етеді.
«Біз мұндай жобаның шығынды болатын­дығын түсінеміз, алайда Ата Заңымыздың 1 ба­бына сәйкес адам және оның өмірі Қазақстан Республикасындағы жоғары құндылықтар болып табылады. Және дәл осы ұсынылып отырған жаңғырту көптеген отандастары­мыз­дың өмірін сақтап қала алады», – деп атап өтті Азат Перуашев.

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз