«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды»

0
1339

Дана қазағымнан сөз артылған ба? «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді. Ал осы біз кеңесіп жүрміз бе әлде керісіп жүрміз бе? Бұл бүгінгі қоғам алдындағы түйіні тарқамаған күрделі сауал. Осы сұрақтың жауабын табуға тырысып, әрі күресіп жүргендердің бірі әрі бірегейі Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев. Оның басты ұстанымы қай нәрсені, қай мәселені болсын кеңесіп, келісіп шешу. Осы мақсатпен Азат Тұрлыбекұлы көпшілік талқысынан көптеген көкейкесті, күрделі мәселелер қойып жүр. Сондықтан оның пікірлері мен ұсыныстары көбіне-көп діттеген жеріне дөп тиіп жатады. Айталық, ол 2012 жылғы 31 шілдеде «Казахстанская правда» газетінде «Әділеттілік экономкасы» атты мақала жариялады. «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал, күшті болуға бірлік керек» деп мақаласының басты ұстанымы етіп Ахмет Байтұрсыновтың даналық сөзін келтіре отырып жариялаған құнды құжатта қоғамды ұйқыдан оятатын кесек-кесек ой-пікірлер бар. 

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фрак­циясының жетекшісі Азат Тұрлыбекұлы­ның Оңтүстік Қазақстан облысының ор­талығында өткен кездесуінде, міне, осы ой-пікірлерді дамыта отырып, тың ұсы­ныстар, ауқымды ойлар айтылды. Әрине, кез-келген пікірге қарсы айтылар уәж та­былып та жатады. Зайырлы қоғамда мұн­дай пікірлер білімді, саналы, өзіндік ой-пікірі бар азаматтардың аузымен түрлене әсерлі жеткізілері белгілі. Сонда ғана, ол ықпалды болады. Дуалы ауыздың аты қа­шанда дуалы. Жұртшылық жақсы жаңа­лықты жаппай қолдайды. Айталық, бай және кедей азаматтардың өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты қысқарту керек деген пікір дәл қазір барлық азаматтар та­рапынан қолдау табары сөзсіз. «Бұл ал­шақтық кәспікерлерді жолдантайдырып, жастардың санасына кері әсерін тигізеді, әлеуметтік инфартилизм секілді құбы­лыстың пайда болуына себепші болады» дейді партия жетекшісі. Бізде осы алшақ­тықтан шығар жол қайсы? Әңгіме аза­маттарды еңбекке жай ғана тартып қой­май, оларды осы еңбекке баулу жолымен ұлттық табысты ұлғайту керек дегені көңілге қонымды. Осы ретте ауылдық жерлерде кәсіптік лицейлерді көбейтудің ма­ңызы ерекше. Жоғары оқу орындарына түсе алмаған жастарға ғұмырлық азық боларлық кәсіптер беруіміз керек. Олар өз мамандығын сүйіп қана қоймай, ертең осы кәсібінен нәсіп табарына сенімді болғанда ғана Еңбекке деген құрмет өзгереді. Үкімет кәсіптік лицейлерде оқитындарың шәкірт ақысын, тамағы мен киімін, оқулықтарын өз мойнына алса, бұл жеңілдік болып қана қоймайды, осы қамқорлықтың қайтарымы еселене түсеріне берік сенім бар.
Байлар мен кедейлер табыстарының арасында 30 еседей айырмашылық бар екен. Бұл жерде қайта үлестіру жүйесінің ашық әрі әділ болуы шешуші мәнге ие. Алайда, заңсыз баюдың тамырына балта шаппай, кедейшіліктен тиімді күрес жүр­гізбей, жаппай жаңа жұмыс орындарын ашпай және басқа да мәселелерді шешіп алмай алшақтықтан құтылу мүмкін емес.
Банктердің апан ауыздарына шектеу қою қажет. Кәсіпкерлер банк мүддесі үшін ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Кәсіпкерлер­дің өзіне әрі кетсе тек күнелтуге ғана қар­жы қалады. Сондықтан банктердің аранын Үкімет болып басу жолдары іздестірілсе. Табыстардың теңдей қайта үлестірілуіне жол бермейтін, әлеуметтік әділетсіздікке апаратын басты себеп – сыбайлас жем­қорлық. Белгілі экономист К.Берентаев «Мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы 2-3 млрд долларға дейінгі қаржы пара ретінде жоғалады» деп отыр. Осындай пара түріндегі қаржы мемлекетімізді гүлден­ді­руге немесе кедейлердің тұрмыстық дең­гейін көтеруге жұмсалса, қазақстандық әрбір тұрғын орташа дәрежедегі тұрмыс­қа қол жеткізбес пе?
Сайлаушылармен кездесуде депутат
А.Перуашев бұрын да көтеріп келе жатқан маңызды мәселелері – техникалық бай­қауды алып тастау, ҰБТ жүйесін жаңғырту, мектептерге 100 метрге жақын дүкендерді жабуды тоқтату, салықты 2-3 есеге дейін қысқарту, жұмыссыздықты жою, ана мен бала құқықтарын қорғау, қолжетімді баспана мәселесі, сотталған азаматтардың құ­қық­тарын қорғау балалар бақшасын көбейту сияқты көкейтесті проблемаларға жан-жақты жауап берді. Шындап келгенде Азат Тұрлыбекұлының жоғарыдағы мәселелерге қатысты өз ұстанымдары бар. Сайлаушылар партия жетекшісінің көте­ріп жүрген мәселелеріне үлкен қолдау білдірді. Осы ретте ойлар жүйесінің бірізділігі сайлаушылар мен партияның бірлігін көрсетеді. Ойлар арнасы бір бағытқа то­ғыс­қанда ғана үлкен жетістіктерге қол жетеді. «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС-ның үлкен мәжіліс залында өткен депутатпен кездесуде, міне осы жайт жан-жақты көрініс берді. Сұрақ – жауап ретінде өткен кездесу өте тартымды болды. Сайлаушылар сенімін арқалаған Азат Перуашевқа көпте­ген пікір, ұсыныстар айтылды. Өз кезегінде Азат Тұрлыбекұлы сайлаушылар ама­натын Парламент мәжілісіне ұсынатынын жеткізді.
Осы күні түс ауа «Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалында «Кәсіпкерлік. Фискальдық органдар. Жалған кәсіпкерлік» тақыры­бында республикалық конференция өтті.
Конференцияны ҚР Парламент Мәжі­лісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев ашып, ашық пікірталас айтуға шақырды. Жалған кәсіпкерліктің көп жағдайда табысты еңбек етіп келе жат­қан фирмалардың аяғына тұсау болатын нақты мысалдармен жеткізді. Біздегі тексеруші органдар салық комитетінің қыз­мет­керлері кәсіпкерлерге жазалаушы орган ретінде емес, әдістемелік, теориялық тұрғыда көмек көрсететін әріптес ретінде келсе ғой. Мемлекеттік сатып алуда кездесетін келеңсіздіктерді жоюдың мерзімі әлдеқашан жетті. Ішкі жалпы өнімді кө­бейту жолдарын іздестіргеніміз жөн. Сырт­қы шығарылатын қаржылар қайта оралмайды, сондықтан олардың жолын кесу керек-ақ. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның оффшорларға барлығы 138 миллиардтан астам АҚШ доллары шығарылыпты. Бұл дегеніңіз ресейлік «әріп­тестерден » 2,5 есе асып түсті деген сөз! Міне біздің қаржыларымыз қайда кетіп жатыр? А.Перуашевтың пайымдауын­ша, парасаттылық пен пайымгершілік, көпшілікпен ақылдасып, кеңесіп жасалған істің ауыртпалығы аз.
Ашық айдындағы пікірталас Айдың бетін бүркемелесе де көптеген көкейтесті мәселелердің бар екенін анық көрсетті. Жарыссөзді тыңдап көрелік.
Анарбек Орман, «Ақ жол» ҚДП ОҚОФ төрағасы:
– Бiз партия активі және партия мүше­лерi еліміздің саяси және экономикалық өмiріндегi демократиялық процесстерге бөгет жасайтын барлық кедергілерді жою­ға ұмтылуымыз керек.
Бүгiн талқыланатын сұрақтар өте кө­кейкестi және күрделі мәселе. Бiз декриминилизация реформасына жан-жақты ойланып, мәселенің мәнісіне мән бере отырып жақындауымыз керек. Бұл мәсе­лелер бойынша бiзде бірқатар ұсыныстар бар.
Бiрiншi. Біз экономика саласына зиян келтіретін алаяқтық пен жалған кәсiпкер­лiктің өршіп тұрған кезінде, орта және шағын кәсiпкерлiктi дамытуға, әлеуметтiк жаңғырту бағдарламасының iске асырула­рына кері әсерін тигізетінін айқын ұғына­мыз. Сонымен бiрге, бiз алаяқтық пен жалған кәсіпкерліктің арасында үлкен айырмашылықтар барын түсiнеміз. Егер алаяқтар алдау жолымен бөгденің дүние­лерін иемденсе, ал жалған кәсiпкерлер жалған кәсiпорындарын қасақана құру арқылы, жеке азаматтарға ғана емес, ұйымдарға, мемлекетке материалдық шы­ғын­дар әкеледі. Бүгiн Азат Тұрлыбекұлы­ның сөзіне қосыла отырып, кәсiпкерді жазалау шараларына шектеу ұсынамын.
Екiншi. Жалған кәсiпкерлер әдеттегiдей, қолдары таза емес шенеунiктердiң қол­дауын пайдалана отырып өз әрекеттерiн жасайды:
1. Несиелер алу арқылы;
2. Салықтан босатылу;
3. Басқаның мүлкін иелену арқылы пай­да табу;
4. Тыйым салынған қызметтерді жасыру.
Мен бұған мыналарды қосар едiм:
– заңсыз ойын-сауық кәсiпкерлiгiн ұйымдастыру;
– жалған маркаларды қолдануы арқылы шығарылған арақ-шарап өнiмдерi;
– iс жүзiнде жұмыс iстемейтiн қызмет­керлерге еңбекақының есептеліп заңсыз аударылуы;
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы сон­дай-ақ, бiздiң облыстағы жалған кәсiпкер­лiк – бұл салықтардан құтылу жолы, өзінің табыстарын түрлі жолдармен бүркемелеу, жалған есеп-фактуралар беру, басқа да бухгалтерлік құжаттар жасау.
Үшiншi. Таңқаларлық жайт! Бiз өткен және алдағы дағдарыс туралы көбiрек айтқан сайын, әсіресе қаржы саласында жалған кәсіпкерлер мен жалған кә­­сіп­орын­дар көбейе түсуде. Мұндай кә­сiп­орын­дардың пайда болуына барлық жағ­дай жасалған. Мекемені тіркеу мерзімі бiр-ақ күн, жарғысы бар болғаны – 100 тең­ге.
Құрметтi әрiптестер!
Бiз жалған кәсiпорындардың ашық нарық шарттарындағы пайда болу се­бептерi мен олардың жансебiлдiгiн мұқият зертеуіміз керек.
Жалған кәсiпорындар салықтан жалтару және үлкен қаржыларды айналдыру үшiн құрылатыны белгілі. Салық түсiм­дерi­нен келетін зияны жыл сайын 70 пен 100 миллиард теңге аралығын құрайды. Осыған байланысты мен, сарапшылар мен депутаттардың қылмыстық жаза орынына заттай залалдың екi есе құнын толтыруын қолдаймын.
Төртiншi. Жалған деп танылған кә­сіпорын­дар басқа ұйымдармен iскерлiк байланыс жасағанда салық мiндеттемелерi бойынша кәсіпорындарға жауап беру міндеттемелерін толық зерттеп, фирмалардың салықтан жалтаруына ешқандай жағдайда орын алуына жол бермеуіміз керек.
Бесiншi. ҚР Бас прокурорының бiрiншi орынбасары Меркельдің экономикалық қылмыс жасаған тұлғалар келтірген за­лалдың орнын ерiктi түрде толтырған жағ­дайда қылмыстық жауапкершiлiктен және олардың бас бостандығынан айыруды алып тастау туралы ұсынысын қолдаймыз.
Осы жерде Азат Тұрлыбекұлы бiрнеше рет тоқталып өткен 192-шi баптың қыл­мыс­тық кодекстен алып тастау туралы пiкiрiн қолдаймын.
Алтыншы. Жалған кәсіпкерліктің құ­руына кедергі бола отырып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік беру керек. Осыған байланысты құрылған үлкен кәсіпорындарды салық органдары тіркелген күннен бастап бір жыл бойы салықтан босатуды, ал шағын кәсіпорын­дарды үш жыл салықтан босатуды, ал кейіннен түспеген табыстарға салық салудан босатуды ұсынамын.
Жетінші. Құрметті Азат Тұрлыбекұлы! Біздің актив Сіздің «Әділетілік эконо­ми­касы принципіне тарту» атты мақалаңыз­бен мұқият танысты.
Бүгін Елбасының «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағ­дарламасының негізіне шыққан мақа­ла­ның кейбір пікірлеріне орай біздің әріп­тестер сондай-ақ, облыстық кәсіподақ ұйымы елдегі кедейлер мен байлар ара­сындағы алшақтықты қысқарту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы тұру, әділ сот төрелігін қам­тамасыз ету сияқты маңызды мәселелер бойынша өз пікірлерін ұсынатын болады.
Өмірәлі Ералиев, «Ақ жол» ҚДП ОҚОФ төрағасының орынбасары:
Қолданыстағы қылмыстық кодекстің 192-ші баптағы жалған кәсіпкерлік су­бъектілері, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген жағдайда қолданылатын шаралармен келісе алмаймын. Жалған кәсіпкерлік тек экономикасы жоғарғы дамыған елдерде, халықаралық бизнес жүйесінде болуы мүмкін, ал біздің мемлекет – жас мемлекет. Бізде бұл, яғни 192-ші бапқа келетін мекемелер жоқтың қасы. Сондықтан, Қылмыстық Кодекстің 192-ші бабын қайта қарау керек сияқты.
Салық комитеттеріне шағын және ірі кәсіпкерлерді жаппай тексеруге тыйым салынған. Сондықтан салық комитеті өз әрекеттері бойынша есептерін дұрыс жүргізетін мекемелердің тізімін анықтай отырып, бағыт-бағдар беру жұмыстарымен бірге салық кодексінің баптары бұзылмауы үшін практикалық көмек көрсетулері тиіс. Ал салық комитеті есеп берудiң қосымша формаларын бұзып ұсынатын кәсіпорын­дарға бақылау мен салық қатаңдығын күшейтіп, алдағы тексеру мерзiмдерiнде ол кәсіпорындарды жоспарға енгiзуге мiн­деттi.
Талқыланатын сұрақтар мен заңнама өзгерістеріне байланысты, 192-ші баптың «Жалған кәсіпкерлік» бөлімі бойынша жауапқа тартылатын кәсіпкерлердің қолы­мен нақты дәлелденетін болса ол кә­сiпорын­дарды жауапкершiлiкке шақыруға ұсынамын.
Ең бастысы, мұндай ұйымдармен келісімге отырған және сот шешімі бойынша «жалған кәсіпорын» немесе жалған кә­сіпкерлер деп танылған компания, фир­малардың жұмысын ретке келтіруі керек. Қорытып айтқанда, шынайы кәсіпкерлер мен кәсiпорындар, жалған кәсіпкерлер мен кәсiпорындардың кесірінен зардап шекпеуі керек. Өйткені ҚҚС төлем талап­тары айыппұлдар және өсiм банкроттыққа әкеліп соқтырады. Сондықтан, бизнес пен жалған кәсіпкерлік саласында құқықтық базаны күшейту қажет.
Құдияр Ыбыраев, «Ақ жол» ҚДП ОҚОФ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– «Қазақстанның басты байлығы – мұ­най, газ, металл, тіпті бидай да емес. Біздің басты дәулетіміз – ақылды, мейірімді, сұлу әрі білімді халқымыз» деген Кеңес үкіметі құлағаннан кейін ұмытылып бара жатқан тың пікір ортаға салынып отыр.
Кез келген мемлекеттің түпкі саясаты халыққа барынша жағдай жасау бағытында құрылуы тиіс. Соңғы кездегі халыққа қар­сы жиі қару қолдану фактілерінің жақ­сылыққа апармайтыны бізді ойландыруы тиіс.
Біздің қоғамға қауіп төндіріп тұрған екі мәселеге жете мән беруіміз қажет сияқты. Ол – діни радикализм мен сыбайлас жем­қорлық. Екі дерттің де елді дендеп алғаны соншалық – жас азаматтарымызды тәр­биелеуге дәрменсіз болып діни секта­лар­дың ықпалына жіберіп алдық. Енді оларға қарсы қару қолдануға мәжбүр болып отыр­мыз. Идеологияда ақау бар.
Сыбайлас жемқорлық деген атадан қалған әдет-ғұрпымыз сияқты күнделікті өмірімізге әбден сіңіп қалыптасып, күннен күнге түрленіп, жетіліп келе жатыр. Азат Тұрлыбекұлының мақаласында көрсе­тілген шетелге 138 миллиард доллар асы­рылды немесе тендер өткізу барысында берілетін параның мөлшері 2-3 миллиард доллларға жетті (нақты дерек аталған сандардан көп болып жатса таңқалмаймыз, себебі мемлекетте мұндай есеп жүргізіл­мейді) деген көрсеткіштер еліміздің тұ­рақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Байлар мен кедейлердің арасындағы 30 па­-
­йыз­дық айырмашылықтың себебін де осы төңіректерден іздеу керек.
Тендердегі сорақылықтарға тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Билікті уысында ұстап отырған азаматтарды осындай жағдай қанағаттандырады ма деген күдік ойға келеді. Қабылданған және қабылданатын заңдарды халықаралық экс­пертизадан өткізу қажет. Біздегі «лоб­би­дің» дамығаны соншалық «күсті қолдар» бәрін де қолдан жасай алады. Кез келген төмен бағада тендерді жеңіп алған мекеме біраз уақыт өткен соң оған өзгеріс (корректировка) енгізуге тырысады. Тендер алғашқы басталған кезде алдын ала берілетін сыйақының көлемі 10 пайызды құрай­тын, қазір одан да жоғарылап кетті деген сөз бар. Алғашқыда сыйақы (пара) бюджеттен қаржы аударылғаннан кейін, қазір алдын ала берілетін болды. Тендерді жеңіп алған мекеме жұмыс процесі аяқталғанға дейін билікке тәуелді болып отырады. Тендер деген институт қайта қарауға сұранып тұр.
Атамыз «жеті өлшеп, бір кес» деген қа­ғидамен өмір сүрген. Мемлекеттің, билік­те­гілердің қабылдаған заңдары мен ше­шімдерінің халыққа тиімділігі негізгі ұс­­-
таным болуға тиіс. Біздегі кейбір шешімдер жеке адамдардың қажетін қанағаттан­ды­руға бейімделетіні жасырын емес. «Бекжан» базарында өрт шықты деп шулап, шара қолданған болып та жатырмыз. Ең бастысы сол базардың сол жерге салыну қажеттілігі бар ма еді? Не үшін халықара­лық трассаның (Шымкент – Самара, Ал­маты – Ташкент) үстіне базар орналастыру керек болды? Жолаушылардың қажетін шығару үшін еместігі барлығымызға белгілі. Осындай солақай, қылмыспен шектесіп жатқан шешімді қабылдаған аза­мат­тардың жауапкершілігі туралы ауыз ашып жатқандар көрінбейді. Себебі билікке бұ­ның қажеті жоқ. «Лақтырған таяқ сорлы­ның басына тиеді» дегендей тағы да сорлап отырған нәпақасын зорға тауып жүрген қарапайым адамдар.
Біздегі келеңсіздіктердің барлығының түпкі себебі жауапкершіліктің жоқтығы, қабылданған шешімге ешкімнің жауап бер­мейтіндігі. Қарағандыда «Бесобада» бір шағын аудан жаңа салынған үйлер бұ­зылып жатыр, Алматыда күнде өрттен қыруар қаржы желге ұшуда, қаншама үлес­керлер не үйлерін, не қаржыларын ала алмай сандалып жүр. Бұндай деректер көп. Бұлай жалғаса беруге болмайтыны бар­шамызға белгілі. Қоғамды сауықтыру шараларын кешіктірмеу керек.
Оразалы Омаров, «Ақ жол» ҚДП ОҚОФ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:
– Президентіміз Н.Назарбаев ұсынған Әлеуметтік жаңғырту бағдарламасына байланысты Сіздің биылғы 31 шілдедегі «Казахстанская правда» газетіндегі «Әді­леттілік экономикасы» атты мақалаңыз көптеген қазақстандықтардың ойынан шығып, қызу пікірталастар туғызуда десек артық болмайды. Шындығында да жұрт­шылықтың ойынан шыққан, ашық әрі батыл айтылған, біз өмір сүріп жатқан қоғамның «жараларын» атап көрсеткен мақала екені даусыз. Қазақта бұрыннан келе жатқан «ауруын жасырған арам өледі» деген ыңғайсыз да болса ащы айтылған сөз бар. Қоғамымыз бен мемлекеттегі кемшіліктерді ашып көрсетіп, оны дер кезінде түзеп отырмаса , арты насырға шауып кетеді емес пе?
Сіз өзіңіздің мақалаңызда «Ақ Жол» партиясы үшін әлеуметтік әділдік және азаматтардың тең құқылы болуы мәсе­лелері өзекті болып табылады деп өте дұрыс айтқансыз. Осы әділдік үшін, тең правалы болуы үшін қаншама азматтары­мыз күреске түсіп, жанын құрбан етті емес пе? Қоғамымызда осындай принциптер көптеген жағдайда сақтала бермейтінін көзіміз көріп жүр. Қолында мансабы бар азаматтарымыз өзін өсіріп сондай дәре­жеге жеткізген еліне, халқына менсінбей қарап, олардың мұң-мұқтаждарына атүсті қараса не дерсің. Бір мысал: Әр азамат тиісті мемлекеттік мекемелерге, оның бас­шы­ларына кіріп, мұң-мұқтаждарын, арыз-шағым айтуға құқылы. Алайда қарапайым адамдарға қазір мекемелерге кіру мүмкін болмай қалды. Көптеген мекемелер кімнен екені белгісіз қорғанып алған, есігінің алдына темірден кедергі қойылған, алдында тұрған күзетшілер әртүрлі себеппен келген азаматты кіргізбеуге тырысады. Әрине, ешкім тыңдамағаннан кейін, арыз шағымын шешпеген соң, ол адамда билікке іштей наразылық пайда болатыны заң­ды. Осыдан барып билікке деген көзқарас өзгеріп, оны құрметтемеу, сыртынан әң­гіме айту басталады. Лауазым иелерінің халыққа жақын болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап отыруы күнделікті жұ­мысы болуы керек, әділеттілік осы жерде де орын алуы керек деп ойлаймын.
Екінші мәселе, қазіргі уақытта көп айтылып жүрген «әлеуметтік лифті» мә­селесі. Бұрынғы уақытта айтатын еді: «кадр золотой фонд партии» – деп. Ме­ніңше сол кездегі осы қағида қазір де ма­ңызды болып тұр деп есептеймін. Ауылда да, ауданда да, облыста да әрбір жақсы кадр есепте тұратын. Оларды білімділігіне, іскерлігіне, қабілетіне қарап сатылап өсіріп отыратын. Жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметкерлермен, жастармен кездесіп, пікірлесіп отырамыз. Қазіргі уақытта ол принцип қалды. Кімнің көкесі болса, солар өседі, ал білімді, қолынан іс келетін азаматтарымыз, өмір бойы еленбей, тапжылмай бір орында өспей отырған жағдайлар кездеседі. Командамен жұмыс істеу әлі жалғасуда. Бір команда кетеді, басқа команда келеді. Бірі келіп, бірі кетіп жатады. Ал командаға кірмеген небір азаматтар не өспейді, не өшпейді. Осындай жағдай тек қана жергілікті жерлерде ғана емес, орталықтарда да кездесетінін көріп жүрміз. Сонда білімді, білікті, тәжірибесі бар азаматтар қоғамға қажет емес пе? Жастарымыз болашағына сенбесе, әділ­дікке сенбесе не болмақ? Осындай мәсе­лелер қоғамға, мемлекетке орасан зор нұқсан келтіруде. Меніңше, «Ақ Жол» партиясы осы мәселелерді көтеріп те жүр­ген болу керек, шешу жолдарын іздеуіміз керек деп ойлаймын.
Сіздің мақалада көтерген жалпы қыл­мыстық заңнаманы ізгілендіру бағдар­ламасы болуы тиіс деген ұсыныңызға біз толық қолдау білдіреміз. Адам болған соң қателеседі. Ал кей уақытта заңды білмегендіктен, жеңілтектікпен, соңын ойламай шоқ басып қалған жағдайлар кездеседі. Ол аза­маттарды кәнігі қылмыскер деп айтуға аузың бармайды. Алайда түрмеден ол адамның бұзылып, қоғамымызға жақсы көзқараспен шықпайтыны айдан анық. Сол себепті сіздің түрмеге қамамай, келтірген зиянды орнын толтыру арқылы жазасын өтеу керек дегеніңізге қосыламыз. Оның үстіне түрмеде отырғандардың саны азайып, бюджеттің қаржысы үнемделеді.
Сіз өзіңіздің мақалаңызда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау банктік несиелер арқылы жүргізілгенімен, одан тек банктер ғана пайда тауып отырғанын өте жақсы дәлелдеп, айтып өткен екенсіз. Менің оған қосатыным: ауыл шаруашы­лығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер республикалық «Казагроның» облыстағы бөлімшелері «Агрокредит-корпарация» арқылы бө­лінетіні белгілі. Бірақ ол несиені алу үшін шаруаларға қаншама әуре-сарсаңға түсуге тура келетінін білсеңіз: қолыңызға алды­мен 20-ға тарта әр түрлі мекемелерден жинап алып келетін анықтамалар мен құ­жаттардың тізімін береді. Ал ол құжаттарды алу үшін тағы 100-ден аса құжат жинауың керек. Осылардың бәріне әжептеуір қаржы жұмсап (көп уақытта шаруалардың қал­тасы көтермейді), жинап алып келуің керек. Оның үстіне несие алу үшін үлкен көлемде кепілдік қоюы керек, оған ауыл­дағы шаруалардың шамасы тағы жетпейді. Ал кепілдігіне қоятын ауылдағы үйін, тех­никасын түкке арзымайтын бағаға баға­лайды. Сонымен 5-6 ай әуре болғанмен, Үкіметтің берген несиелерін ала алмай сандалып жүрген ауыл еңбеккерлерін көп кездестіреміз. Сондықтан Үкіметтің ал­дында осы маңызды мәселені көтере оты­рып, шаруалардың несие алуына жеңілде­туге жәрдем көрсетілсе абзал болар еді.
Құрметті Азат Тұрлыбекұлы!
Сіздің бүгінгі күндері көтеріп жүрген мәселелеріңіз халықтың ойынан шығып отыр. Сіз басқарып отырған «Ақ Жол» партиясы болашақта да республикамыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қоса береді деп сенеміз.
Мамадияр Қадырбеков, «Дана» ЖШС-ның бас директоры:
– Біздің облыста 120 ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Әйткенмен ортақ тіліміз – мемлекеттік тіл. Біз соған қуанамыз. Бірақ кейде орталарындағы жалғыз өзге ұлт өкілі үшін тілін бұрайтындардың көптігі қын­жыл­тады. Басқа елдерде мемлекеттік тілді білмейтіндер жұмыстарынан босатылады. Бізде ше? Жалпы, патриоттық сезімсіз келешегіміз қандай болмақ? Өреміз өркеш құрлы болмаса өзгелерге қандай өрнек көрсетеміз? Бұл ретте біздің басты байлы­ғымыз бірлік болуы керек. Біздегі басқару жүйесінің механизмдері дұрыс жұмыс істемейді. Айталық, біз Германия маманда­ры­мен бірлесіп шыны зауытын салмақ бол­дық. 1 млн теңгені экспертизаға төледік. Жоба үшін 6-7 млн теңге тағы құйдық. Сөйтіп жүргенде тиісті мекемелер құжатта­ры­мызды тағы да созды. Осындай қолдан ұйымдастырылған кедергілер мен ұзақ күтуге неміс әріптестеріміз төзе алмады. Шыны зауыты осылай шарана күйінде шетінеді. Сондықтан кәсіпкерлікке кесірін тигізетін көлеңкелі жәйттерді тұсаулаудың жолдарын бірге іздестірейік. Осы тұста «Ақ жол» ҚДП өзекті мәселелерді талқылап, жүйелеп, зерделеп отыратын бір
Кеңес немесе жұмысшы тобын ұйым­дас­­тыруы керек-ақ.
Досыбай Шерімқұлов, облыстық кә­сіподақтар кеңесінің төрағасы:
– «Ақ жол» өзінің саяси бағыт-бағда­рын айқындап алған, көш-керуені түзу партия. Бүгінгі көтерілген мәселелердің барлығымен келісемін. Бай мен кедей арасындағы айырмашылықтарды жою жөніндегі ұсыныс дер кезінде көтеріліп отыр. Адамдар неге ала-құла өмір сүруі тиіс? Мәселен, біздің кәсіподақта жүрген­дердің айлық жалақысы аз. Осындай тең­гермешіліктер тиылса адамдардың бола­шағына деген сенімі артар еді.
Қилыбек Тұрлыбек, «Құрылыс» ЖШС-ның бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Кез-келген кәсіпкердің пайда тап­қысы келетіні жасырын емес. Алайда, оның қолын салық байлайды. Бізде салық түрлері көп. Көптеген кәсіпкерлер табы­сына орай салықты көп төлейді. Бұдан құтылу үшін жалған кәсіпкерлікке амалсыз барады. Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бір күннің шаруасы емес. Бүгінгідей басқосулар баянды бағдарламаның дү­ниеге келуіне мұрындық болары сөзсіз.
Сөйлеушілердің бірі облыстағы салық басқармасы бастығының орынбасары жалған кәсіпкерлікте қыруар қателіктер жібергені үшін ұсталғанын жеткізді. Ал салық басқармасының бастығы орынында әлі отыр. А.Перуашев бұл мәселені Қаржы министрлігінің алдына қоятынынын қа­дап айтты.
Конференцияда көптеген келелі әңгі­ме­лер қозғалды. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын басқосу тағы да бір дәлелдеп берді. Өйткені, айтылған пікірлер жүйеленіп, жоғары жақа жөнелтілді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Ақ жол» ҚДП ОҚОФ
баспасөз қызметінің жетекшісі

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз