Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы» бағдарламасынан туындайтын міндеттер
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуының ұзақ мерзімді бағдарларын белгілеп берді. «Бүгінде Әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы өмірге дайындаудан, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен кең көлемді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табудан, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекітуден тұрады. Осыған орай әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік өрлеуге бағытталған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам атты тапсырмалар жиынтығы анықталған. Мұнда күн тәртібінде келесі бағыттарда бес мәселе бар. Олардың біріншісі – әлеуметтік заңнаманың жаңартылуы, екіншісі – әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісінің қалыптастырылуы, үшіншісі – қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жоғары стандарттарының қамтамасыз етілуі, бұған еңбекке қатыстылықты тиянақты ету, төртінші-
сі –әлеуметтік жаңғыртудың ақпараттық-мәдени бөлігін дамыту, бесіншісі – әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Ал осы бес бағыттағы 20 тапсырманың орындалуы бес басты қағидаттардың, атап айтқанда, эволюциялық, ортақ жауапкершілік, әріптестік қатысу, ынталандыру және кәсібилік талаптар негізге алынып, іске асырылады. Шын мәнінде, Президенттің Үкіметке берген тапсырмалары осы шарттарды жасауға бағытталған. Әр тапсырманың орындалуы-
ның жолдары нақты, жүйелі көрсе-
тілген.
Ел болашағының бағытын түзеген 20 кешенді бағдарламалық тапсырманың әрқайсысы және тұтастай алғанда барлығы да әрбір отандасымыздың көкейтесті мәселесі деп атауға болады. Сонымен бірге бұл жолдау бүкіл қазақстандықтарды қоғамда шынымен орын алып отырған біреудің есебінен күн көретін масылдық пен әлеуметтік инфантилизмді еңсеріп, еңбек қызметі мен игілікке ұмтылуға шақырады. Елбасы халқымызға жаңа идеологияны – «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» құру идеясын ұсынды. Ол тұтынушылық сананың зияны туралы баса айтты. Дамыған елдердің өзі осындай ой-сана мен өмір салтының кесірінен қазіргі күні дағдарыс күндерін бастан өткізіп жатыр. Қазақстан дағдарысты айналып өту үшін де Президент идеясына ден қоюы керек. Бұл идеяның мазмұны және мағыналық жүктемесі жағынан алғанда ұлттық тренд деп атауға тұрарлық. Біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбек қойылатын болды. «Бүгінде еңбек – ХХ1 ғасыр жағдайындағы ШЕШУШІ ҰЛТТЫҚ ФАКТОР». Шындық біреу: болашақта тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Бабалар аманаты да осы. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп адал еңбек насихатталды емес пе? Данышпан Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деді емес пе? Біз жолын қуған Алаш қайраткерлері де Абайды оқып, Абайды анық ұстаз тұтты. Еңбекпен қоса білімнің күш-қуатын насихаттаған ойшыл Абайдың үндеуін Алаш зиялылары ұлттық идея дәрежесіне көтерді. Бүгінде бабаларымыз аңсаған еңселі ел болудың жалғыз жолы да – еселі еңбек. Біздің мемлекетіміз ендігі жерде азаматтарының жақсы өмір сүруіне донор есебінде емес, әріптес ретінде жағдай жасамақ. Бағдарламада еңбекті, еңбек адамын қорғауға маңыз беріліп отыр. Елімізге еңбек пен білімнің абыройын, құрметін қайтару керек. Еңбек еш болған жерде теңдік жоқ, әділдік жоқ. Әділеттілік жоқ жерде менің Конституциям мені қорғайды деген кеудені кернейтін Ата Заңды сыйлаугершілік сезімге бой алдыру қиын.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасына азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету арқылы олардың әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасаған мемлекет қана бәсекеге қабілетті әрі ұзақ мерзімдік кезеңде күшті бола алатындығы туралы ой арқау болған. Бізге «Алға өрлететін – өзгерістер» деген сайлауалды ұранымызға өзекті сипат беруіміз керек. Сондағы айтылған ұсыныстарымыздың өміршең болып отырғанын сезінудің өзі біздің партиямыз үшін мақтаныш. Парламентке өтіп, алдағы 5 жылда шешеміз деп атап көрсеткен 10 басым міндетіміздің жартысынан астамы Президенттің бағдарламалық мақаласымен үндестік тауып жатуының өзі көп жәйтті аңғартады. Біздің ұстанымдарымыз қоғам ішінде сол кезде де қолдау тапты, ал енді Президенттің аса маңызды бағдарламалық құжатынан кейін әлеуметтік жаңғыру біздің болашақта қуатты мемлекетке айналуымызға жа-
салған алғышарттар деп қабылдауымыз керек.
Елбасы осы сөзінде «Бұл орайда, мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек. Өз үйінен, өз қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес» дей келіп, әлеуметтік үлгі-қалыптың өлшемдерін орындау үшін отандық бизнестің ғана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік бизнестің жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартады. Елде орта таптың қалыптасуына қолайлы жағдай жасалмақ. Орта тапқа орта және шағын бизнес өкілдері, кәсіпкерлер де кіреді. Бизнестің жазылмаған заңы бойынша оның иесі тек өзіне, біліктілігі мен кәсіби деңгейіне, қажыр-қайратына сенуге тиіс. Тек сонда ғана ол тиісті нәтиже бере алады. Әрі өмір сүрудің белгілі бір үлгі қалыптарын орнықтыруға да қажетті фактор қалыптастырады. Сонымен бірге, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы барлық жерде – ірі қалалармен бірге алыстағы ауылдарда орындалуы қажет екендігі жөнінде тиісті міндеттер қойды. Қазақта білімді мыңды жығады деген сөз бар, ал ақпараттық технологияның өркендеген жағдайында білімнің алатын орнын ештеңемен салыстыруға болмаса керек. Енді өзі-
міздің біліміміз бен өндірістің ара-
сындағы байланысты тиімділікпен жақсарта білуіміз керек. Біздің адамдарымыздың, кеңес кезіндегідей, өндірістің жәй ғана тетігі саналмай, бизнестің аса маңызды бөлігі болуына барлық қабілеттері бар. Осындай жолға дамыған елдер баяғыда-ақ көшіп алды. Қазақстан олардағы тәжірибенің ең озық деген үлгілерін екшеп, қабылдап алуы тиіс және өзінің дербес технологияларын жасауы керек. Жалпы бизнестің әлеуметтік жаңғыртуға елеулі үлес қосуы қажеттілігі туралы Елбасының баса айтуы кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнестің партиясы саналатын біздің партияға да тікелей қатысты. Біздің филиалдардың басым көпшілігін бизнес өкілдері басқарып отыр. Бірқатар облыстарда жергілікті мәслихаттарда ақжолдық депутаттарымыз бар. Менімше аймақтағы жұмыс екі бағытта, бірінші өңірлерде әкімдер инфляцияны толық ауыздықтауы үшін күресіп, екінші бағытта әркімнің еңбекпен қамтылуын қадағалауы, тіпті ұйымдастыруы тиіс. Мұны айтып отырған себебім: енді бәрі атқарушы биліктің білім білігіне, Президент тапсырмаларын орындау деңгейіне тікелей байланысты. Байқасаңыз-
дар, Президент өзінің Жолдауын жүзеге асу қарқыны мен сапасына көңілі толмайтынын тура айтып қалды ғой. Осы жағдай, мүмкін, мақаладағы тапсырмалардың нақты болуының себебі де болған шығар. Президенттің тапсырмалары ешкім бұлтарып кетпейтіндей тап-тұйнақтай етіп берілген. Бірақ, мұнда тек биліктің жауаптылығы ғана емес, екінші жақ – бұқараның да жауаптылығы көзделген. Әрбір азамат өзі және өзінің асырауындағылар үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғам мен мемлекет үшін үшін жауапты екенін түсінуі басты қажеттілік. Ендігі жерде билік пен бұхара алға бірге жылжуы қажет. Демек, ұлтты жаңа қоғам жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуді, әсіресе жас ұрпақтың – жас азаматтардың тәрбиесін ең бірінші қолға алу керек. Бұл идеологиялық, қоғамдық-саяси мәні зор іс. Сондықтан да филиалдар жетекшілері осы төңіректе қатты ойланып, өңірлерде қоғам өміріне белсене араласып, тиісті шаралар қабылдап, іске асыруы қажет.
Адам – елдің басты байлығы. Жеке адамдарды тұлға деп қарамай, тек қана тұрғын деп санау қателік. Біз осы ұғымның мәнін өзгертуіміз керек. Біздің елдің әр тұрғыны бірінші кезекте үлкен әріппен жазылатын азамат. Әр адам өзін осылай сезінуі керек, өйткені, азамат – мемлекеттіліктің негізі. Тек өзін еркін сезінетін және жауапкершілігі бар азаматтар ғана елді ерікті, ал билікті жауапты ете алады. Қазіргі кезде адамдардың дамуына айрықша мән беріп отырған мемлекеттер сол арқылы зор тиімділікке қол жеткізіп отыр. Президент әлеуметтік дүбаралыққа жол бермеу және өмір сапасын ұдайы арттыру үшін әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктер туралы заңнама жасауды ұсынды. Ақжолдық депутаттардың партияның сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген өмір сапасының негізделген ең аз өлшемдері мен көрсеткіштері, жалақының, зейнетақы мен жәрдемақылардың деңгейі, кепілді медициналық қызметтің ауқымы, әр тұрғынға шаққандағы төменгі тұтыну кәрзеңкесін қалыптастыру туралы, мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстарын заңға енгізуге күш жұмсайтын мүмкіндігі еселеп артты. Сондай-ақ, қолжетімді тұрғын үй, білім алу, медициналық көмек, мәдени-рухани салалары бойынша тұғырнамадағы ұсыныстарының көбісін тиісті заңдарға енгізу бағытында да қолдары ұзарды деп санаймын. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын орнықтыру үшін ең алдымен заңдардың жаңа топтамасы өмірге келуі тиіс. Заңнамалық нормативтік актілерге де толып жатқан өзгерістер мен толықтырулар енуі қажет. Әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүргізілейін деп отыр. Оның ішінде жұмысқа ынталылықты артыру үшін, еңбек адамдарына кедергі келтіру, құрметпен қарамауға тыйым салу үшін еңбек туралы заңнамаға түбегейлі өзгертулер енгізіледі. Еңбек дауларын мейлінше азайтудың маңыздылығы ерекше аталады. Оның алдын алу, ескеру және реттеу шараларын бір мезетте Еңбек, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге еңбек дауларын әдейілеп туындатқаны үшін жауапкершілік жөніндегі ережені енгізе отырып іске асыру ұсынылады. «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы Еңбек туралы Кодекске елеулі ұсыныстар түсіріп, еңбек адамдарының құқықтарын мейлінше қорғаудың, кең мағынасында «еңбекке табыну» мүмкіндіктерін пайдаланып қалатын сәті туып отыр. Ақжолдықтардың сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі ұлттық органның рөлін күшейту бойынша Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне қатысты заңнаманы әзірлеуге немесе қазіргі заңнамаға толықтырулар енгізуге белсене қатысуын қалар едім. Осы саланың қызметін халықаралық үлгі-қалыптарға сәйкестендіру, сол арқылы адам құқықтарын қорғау саласының тетіктерін жандандыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгені жөн. «Ақ жол» партиясының парламенттегі фракциясы тек Үкімет енгізген жобаларды күтіп отырмай, қолданыстағы заңнамаға халықты әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша түзетулерді енгізу жөніндегі жұмысшы тобын құрып, бірқатар ұсыныстарды қазірден бастап әзірлеп, күзгі сессияға сақадай сай болып баруды ойластыру керек шығар. Қалай болғанда да Президент бастамаларына байланысты тиянақты пысықтаулар жүргізілуі қажет. Бұл істен партия филиалдары да қалыс қалмауы тиіс. Кез келген заң жобаларына өз ұсыныстарыңызды беріп жатсаңыздар Сіздердің қолдарыңызды ешкім де қақпайды ғой деп ойлаймын. Оның үстіне бүгінгі он-лайн режиміндегі жұмыс формасы тұрақты түрде пайдаланатын боламыз. Бұл сіздердің апта сайын өтетін фракция мәжілістеріне Астанаға келмей-ақ қатысуларыңызға мүмкіндік береді. Біз өз арамызда «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» ұстанымын үстем ұстасақ ұтысқа шығамыз. Қай партияның да негізгі басшылыққа алатын қағида-
сы – өзін және билікті ғана көретін менмендіктен арылып, қоғамды көруге, халықтың қамын ойлауға тірелгені абзал. Бұл әрбірден соң саяси мәдениеттіліктің де мәселесі. Жалпы Президенттің осы бағдарламасынан кейін жаңа саяси цикл басталатын секілді. Жұмыс жүргізудің мазмұны мен әдістеріне өзгерістер, тіпті жаңа бетбұрыстар енгізудің қажеттігі туындады.
Қазақстандық азаматтың әрқайсысы еңбек пен білімінің, біліктілігінің арқасында өз саласында алдыңғы қатарлы орынға жетіп, өзінің және отбасының жақсы өмірін қамтамасыз ететіндей болуы тиіс. Ол үшін, әрине, жұрттың бәріне тең мүмкіндіктер, тең жағдай жасалуы керек. Сондықтан, менің ойымша, қазіргі кезеңдегі Партияның негізгі ұрандарының бірі – Еңбек, Білім және Теңдік болуы керек деп ойлаймын. Бұлар ұлттық мүддемізге сай келетін тұжырымдар. Патриоттығымыздың негізі болып саналатын мемлекетшілдік деген де осы. Қазақ мемлекеттілігін нығайтудың да ең басты кепілі – Партияның тәуелсіздік, демократия, бостандық, әділеттілік деп атап көрсетілген іргелі құндылықтарының қатарына еңбек, білім, теңдік ұғымдарын да қосып, біздің Партияның бағдарламасына енгізу керек. Партиямыздың құрылғанына 10 жыл толса, Партия бағдарламасына соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеніне 12 қазанда 10 жыл болады екен. Сөз жоқ, партия бағдарламасын ақылды адамдар жасаған, оның көптеген қағидаттары қазірге дейін маңызын жоймаған. Дегенмен де біз ойлаған ойларымызды, жоспарларымызды іске асыра алатын, өзімізге толық сене алатын саяси күшке айналдық емес пе? Ендеше Партияның өз бағдарламасын еліміздің стратегиялық бағыттарына, бағдарламалық талаптарына сәйкестендіретін кез жетті. Өздеріңізге мәлім, Партияның Орталық кеңесінің хатшылығы Партияның қазіргі кезеңдегі идеологиялық қызметінің стратегиясы мен тактикасының Тұжырымдамасын жасап, Партия позицияларын жаңа көзқарастармен айқындай түскен. Ол барлық филиалдарда бар. Онда біз өзімізді бірінші – өркениетті оппозициялық, екінші – кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнестің, үшінші – нақты істердің, төртінші – ұлттық мүдделерді ілгері жылжытатын және қорғайтын, бесінші – «Алаш» қозғалысы ізбасарларының бірі болып табылатын партия екенімізді айттық. Осыларды және сайлауалды саяси тұғырнаманы ескере отырып, партия бағдарламасына елеулі өзгерістер енгізіп, Партия бағдарламасының жаңа редакциясын жасайтын Партия лидері Азат Перуашевтің басқаруында редакциялық комиссия құрылып, бұл жұмысты 2013-інші жаңа жылға дейін аяқтауды қамтамасыз етсін деген ұсыныс енгіземін. Партия бағдарламасының жаңа редакциясының жауапты шығарушысы ретінде қызмет ету жауапкершілігін өз мойныма алуға дайынмын.
Елбасы іс жүзінде дағдарыстарға төтеп беретін заманауи экономикаға негіз бола алатын «Ел дамуының жаңа идеологиясын» жариялап отыр. Президент тапсырмаларына байланысты үкімет жалпыұлттық жоспар жасамақшы. Мемлекеттің идеология мәселесіне енді үлкен мән беретіндігі анықталды. Күзге қарай Президенттің төрағалығымен республикалық үлкен идеологиялық кеңес өткізілетіні белгілі болып отыр. Мұндай кеңестер барлық өңірлерде де ұйымдастырылады. Сол тұста біз де идеологиялық жұмыс жөніндегі өзіміздің сіздердің қолдарыңыздағы Тұжырымдамамызға, 2012-2013 жылдарға арналған үгіт-насихат, саяси ағартушылық жұмыстарымыздың Негізгі бағыттарына түзетулер мен толықтырулар енгізетін боламыз.
Бірақ біз оған дейін де қол қусырып қарап отырмауымыз керек. Елбасы идеологиясы әр қазақстандықтың жүрегіне жол табуы керек. Партия халық арасында Елбасының бағдарламалық мақаласын түсіндіру және насихаттау бойынша жұмыстарға белсенді атсалысуы қажет. Біздің өкілдеріміздің мақалалары жергілікті газеттерге шыға бастады. БАҚ-ымен жұмыс, баспасөз қызметінің жұмысын үйлестіру жалғаса береді. Сонымен қатар саяси ауызша үгіттің, жұртшылықпен бетпе-бет кездесулердің маңызы орасан зор. Мұнда әсіресе Партия филиалдарының, аудандық, қалалық партия ұйымдарының рөлі үлкен, ауылдардардағы, басқа да елді мекендерде жиындар өткізіп, оларда бастауыш партия ұйымдарын көптеп құрып, іске тарту керек. Көпшілік алдына шығып сөйлей алатын, ауызша саяси үгітке тарта алатын идеологиялық актив құру кезек күттірмейтін іс. Барлық филиалдардың жанынан ақпараттық-насихаттық топтар құрылуы тиіс. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан жақтастар тауып, лекторлар тобын құрып, оларды ақпараттық, үгіт-насихат, саяси ағартушылық жұмыстарға лекторлар ретінде де, сарапшылар ретінде партия істеріне қатыстыра алсақ абырой болар еді. Бұдан басқа аймақтардағы елге танымал адамдарды тарту қарастырылса дұрыс болар еді. Қазіргі кезде өңірлерде халықпен кездесулер өткізуді бастап та кеткен Парламент Мәжілісінің депутаттары – «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелерінің потенциалын пайдалану қажет. Олар жұмыс жоспарларына сәйкес ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, халықпен кері байланыс орнатып, филиалдар жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыстарын жандандыруға атсалысқандары абзал. Түйіндеп айтсақ, Партияның парламенттік фракциясының қызметімен қатар қазіргі таңда үгіт-насихат, саяси ағарту жұмыстарын Партия қызметінің басты басымдығы деп есептеуіміз керек. Осыған жүйелілік сипат беру үшін республика бойынша айына бір рет партияның бірыңғай ақпарат күнін өткізуді тәжірибеге енгізуіміз қажет.
Өз мақсаттарымызды іске асыру үшін партия және партияның орталық аппараты өзінің зияткерлік қабілетін арттыра түсу тиіс. Олар партияның елдегі әрбір саяси кезеңдерде партияішілік саяси жаңғырудың негіздемелерін әзірлеуге қабілетті болуы керек, және оны ағымдағы оқиғалар мен елді дамыту мақсаттары контексінде алып шығу маңызды. Партияның Орталық аппараты, оның филиалдарының да аппараты ақпараттық-талдамалық, сараптамалық әлеуеті мықты болып, қоғамдық-саяси үдерістерге мониторинг жүргізудің тиімді жүйесі түзілуі қажет. Орталық аппарат партияның идеологиялық активі үшін методикалық әдістемелік көмекші құралдар шығарып тұруы тиіс. Жалпы орталықтың да, облыстың да аппаратының кез келген қызметкері қоғамның тамыр соғысын бақылап, сезіп отыратын аналитикалық ақыл-ойдың иесі болып, қоғамдық-саяси ахуалды талдай алатын, газеттерге мақалалар да шығаратын, мінберлерде жұрт алдында сөйлей де алатын бесаспап мамандар болса нұр үстіне нұр болар еді. Филиалдар төрағалары Партия төрағасының облыстардағы тікелей өкілдері Осымен бәрі айтылып тұр. Бұл мәселені қазбалап отырған себебім, құрметті әріптестер, бізге «Нұр Отанмен» ойдағыдай бәсекелестікке түсіп, конструктивті, оппонент болу үшін өзіміздің интеллектуалдық қабілетімізді еселеп арттыруымыз керек. Олардан санымыз әлдеқайда аз, сондықтан да біздің мамандар үнемі білімін жетілдіріп, ізденісте болуы керек. Президент әрбір қазақстандықтың еңбекқор болғанын дұрыс көріп отырса, ол бізге де тікелей қатысты. Аз адаммен көп жұмыс істеу оңай емес. Бірақ, біз Қазақстанның саяси аренасына келгенімізге 10 жыл толған партиямыз және ұзақ мерзімге келген өміршең партия екенімізді айтып жүрміз ғой, ендеше соны өне бойы дәлелдеп отыруымыз үшін де білім керек, парасат керек, көп тер төгу керек. Еңбектену керек.
Жалпы бұл бағдарламалық құжаттағы ойлар мен тұжырымдарды бір-екі адамның баяндамаларымен тарқатып айтып шығуы мүмкін емес. Мақаланың тереңдігі сондай, көптеген тұжырымдар егжей-тегжейлі зерделенуі қажет. Оны әрбір адам оқып, өз жүрегінен өткізуі керек. Менен кейін сөйлейтін шешендердің арасында әртүрлі саланың мамандары болса, олар өздерін толғантқан жекелеген мәселелер бойынша толықтырып, нақты ұсыныстар айтып, баяндаманы байыта түседі деп үміттенемін.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым: Елбасы қазақстандықтарға өз еңбегінің жемісін көруге мүмкіндік беретін нақты істер бағдарламасын ұсынған. Егер біз еліміз иеленетін зор потенциалымен, яғни, бай табиғи ре-
сурстарымызбен, кәсіби шеберлігі жоғары кадрларымызбен, қолда бар нарықтық институттарымызбен, еңбекті басты құндылық санап, бүкіл қоғамның идеясына айналдыра алсақ, осыған сәйкес ортақ күш-жігерімізді біріктіретін болсақ, алдымызға қойған кең ауқымды мақсаттарымызға жететінімізге дау жоқ. Ендеше іске сәт болсын! АҚ ЖОЛ!