Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы» бағдарламасынан туындайтын міндеттер

2
1204

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуының ұзақ мерзімді бағдарларын белгілеп берді. «Бүгінде Әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайын­дағы өмірге дайындаудан, Қазақстан­ның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен кең көлемді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табудан, құқық пен әді­леттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекітуден тұрады. Осыған орай әлеуметтік қор­ғаудан әлеуметтік өрлеуге бағытталған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам атты тапсырмалар жиынтығы анықталған. Мұнда күн тәртібінде келесі бағыттарда бес мәсе­ле бар. Олардың біріншісі – әлеуметтік заңнаманың жаңартылуы, екіншісі – әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісінің қалыптастырылуы, үшін­шісі – қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жоғары стандарттарының қамтамасыз етілуі, бұған еңбекке қа­тыс­тылықты тиянақты ету, төртінші­-
сі –әлеуметтік жаңғыртудың ақпа­раттық-мәдени бөлігін дамыту, бесіншісі – әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Ал осы бес бағыттағы 20 тапсырманың орындалуы бес басты қағидаттардың, атап айтқанда, эво­лю­циялық, ортақ жауапкершілік, әріп­тестік қатысу, ынталандыру және кәсібилік талаптар негізге алынып, іске асырылады. Шын мәнінде, Пре­зиденттің Үкіметке берген тапсыр­ма­лары осы шарттарды жасауға бағыт­талған. Әр тапсырманың орында­луы-
ның жолдары нақты, жүйелі көрсе­-
тілген.
Ел болашағының бағытын түзеген 20 кешенді бағдарламалық тапсыр­маның әрқайсысы және тұтастай ал­ғанда барлығы да әрбір отандасы­мыз­дың көкейтесті мәселесі деп атауға бо­лады. Сонымен бірге бұл жолдау бүкіл қазақстандықтарды қоғамда шынымен орын алып отырған біреудің есебінен күн көретін масылдық пен әлеуметтік инфантилизмді еңсеріп, еңбек қызметі мен игілікке ұмтылуға шақырады. Елбасы халқымызға жаңа идеологияны – «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» құру идеясын ұсын­ды. Ол тұтынушылық сананың зияны туралы баса айтты. Дамыған елдердің өзі осындай ой-сана мен өмір салтының кесірінен қазіргі күні дағдарыс күн­дерін бастан өткізіп жатыр. Қазақстан дағдарысты айналып өту үшін де Президент идеясына ден қоюы керек. Бұл идеяның мазмұны және мағыналық жүктемесі жағынан алғанда ұлттық тренд деп атауға тұрарлық. Біздің әлеу­меттік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбек қойылатын болды. «Бүгінде еңбек – ХХ1 ғасыр жағдайындағы ШЕШУШІ ҰЛТТЫҚ ФАКТОР». Шындық біреу: болашақта тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстан­дықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Бабалар аманаты да осы. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп адал еңбек насихатталды емес пе? Данышпан Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деді емес пе? Біз жолын қуған Алаш қайраткерлері де Абайды оқып, Абайды анық ұстаз тұтты. Ең­бекпен қоса білімнің күш-қуатын насихаттаған ойшыл Абайдың үндеуін Алаш зиялылары ұлттық идея дәре­жесіне көтерді. Бүгінде бабаларымыз аңсаған еңселі ел болудың жалғыз жолы да – еселі еңбек. Біздің мемлекетіміз ендігі жерде азаматтарының жақсы өмір сүруіне донор есебінде емес, әріптес ретінде жағдай жасамақ. Бағдарламада еңбекті, еңбек адамын қорғауға маңыз беріліп отыр. Елімізге еңбек пен білімнің абыройын, құр­метін қайтару керек. Еңбек еш болған жерде теңдік жоқ, әділдік жоқ. Әді­леттілік жоқ жерде менің Конституциям мені қорғайды деген кеудені кернейтін Ата Заңды сыйлаугершілік сезімге бой алдыру қиын.
Қазақстанның «Ақ жол» демокра­тиялық партиясының сайлауалды тұ­ғырнамасына азаматтарының құқық­тары мен бостандықтарын қамтамасыз ету арқылы олардың әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасаған мемлекет қана бәсекеге қабілетті әрі ұзақ мерзімдік кезеңде күшті бола алатындығы туралы ой арқау болған. Бізге «Алға өрлететін – өзгерістер» деген сай­лауалды ұранымызға өзекті сипат беруіміз керек. Сондағы айтылған ұсыныстарымыздың өміршең болып отырғанын сезінудің өзі біздің партия­мыз үшін мақтаныш. Парламентке өтіп, алдағы 5 жылда шешеміз деп атап көрсеткен 10 басым міндетіміздің жартысынан астамы Президенттің бағдарламалық мақаласымен үндестік тауып жатуының өзі көп жәйтті аңғар­тады. Біздің ұстанымдарымыз қоғам ішінде сол кезде де қолдау тапты, ал ен­ді Президенттің аса маңызды бағ­дар­ламалық құжатынан кейін әлеу­меттік жаңғыру біздің болашақта қуат­ты мемлекетке айналуымызға жа­-
сал­ған алғышарттар деп қабылдауымыз керек.
Елбасы осы сөзінде «Бұл орайда, мен әрбір қазақстандық өзінен бас­тауы керек. Өз үйінен, өз қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес» дей келіп, әлеуметтік үлгі-қалыптың өлшемдерін орындау үшін отандық бизнестің ғана емес, Қа­зақстанда жұмыс істейтін шетелдік бизнестің жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартады. Елде орта таптың қалыптасуына қолайлы жағдай жасалмақ. Орта тапқа орта және шағын бизнес өкілдері, кәсіпкерлер де кіреді. Бизнестің жазылмаған заңы бойынша оның иесі тек өзіне, біліктілігі мен кәсіби деңгейіне, қажыр-қай­ратына сенуге тиіс. Тек сонда ғана ол тиісті нәтиже бере алады. Әрі өмір сүрудің белгілі бір үлгі қалыптарын орнықтыруға да қажетті фактор қалыптастырады. Сонымен бірге, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы барлық жерде – ірі қалалармен бірге алыстағы ауылдарда орындалуы қажет екендігі жөнінде тиісті міндеттер қойды. Қазақта білімді мыңды жығады деген сөз бар, ал ақпараттық техноло­гияның өркендеген жағдайында бі­лімнің алатын орнын ештеңемен са­лыс­тыруға болмаса керек. Енді өзі­-
міздің біліміміз бен өндірістің ара­-
­сындағы байланысты тиімділікпен жақсарта білуіміз керек. Біздің адам­дарымыздың, кеңес кезіндегідей, өн­дірістің жәй ғана тетігі саналмай, бизнестің аса маңызды бөлігі болуына барлық қабілеттері бар. Осындай жол­ға дамыған елдер баяғыда-ақ көшіп алды. Қазақстан олардағы тәжірибенің ең озық деген үлгілерін екшеп, қабыл­дап алуы тиіс және өзінің дербес тех­нологияларын жасауы керек. Жалпы бизнестің әлеуметтік жаңғыртуға елеулі үлес қосуы қажеттілігі туралы Ел­басы­ның баса айтуы кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнестің партиясы саналатын біздің партияға да тікелей қатысты. Біздің филиалдардың басым көпшілігін бизнес өкілдері басқарып отыр. Бірқатар облыстарда жергілікті мәслихаттарда ақжолдық депутатта­рымыз бар. Менімше аймақтағы жұ­мыс екі бағытта, бірінші өңірлерде әкім­дер инфляцияны толық ауыздық­тауы үшін күресіп, екінші бағытта әр­кімнің еңбекпен қамтылуын қадаға­лауы, тіпті ұйымдастыруы тиіс. Мұны айтып отырған себебім: енді бәрі ат­қарушы биліктің білім білігіне, Президент тапсырмаларын орындау деңгейі­не тікелей байланысты. Байқаса­ңыз­-
дар, Президент өзінің Жолдауын жүзеге асу қарқыны мен сапасына көңілі толмайтынын тура айтып қалды ғой. Осы жағдай, мүмкін, мақаладағы тапсырмалардың нақты болуының себебі де болған шығар. Президенттің тапсырмалары ешкім бұлтарып кетпейтіндей тап-тұйнақтай етіп берілген. Бірақ, мұнда тек биліктің жауаптылығы ғана емес, екінші жақ – бұқараның да жауаптылығы көзделген. Әрбір азамат өзі және өзінің асырауындағылар үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғам мен мемлекет үшін үшін жауапты екенін түсінуі басты қажеттілік. Ендігі жерде билік пен бұхара алға бірге жыл­жуы қажет. Демек, ұлтты жаңа қоғам жағдайында өмір сүруге тәр­биелеуді, әсіресе жас ұрпақтың – жас азаматтардың тәрбиесін ең бірінші қолға алу керек. Бұл идеологиялық, қоғамдық-саяси мәні зор іс. Сондықтан да филиалдар жетекшілері осы төңі­ректе қатты ойланып, өңірлерде қоғам өміріне белсене араласып, тиісті шаралар қабылдап, іске асыруы қажет.
Адам – елдің басты байлығы. Жеке адамдарды тұлға деп қарамай, тек қана тұрғын деп санау қателік. Біз осы ұғым­ның мәнін өзгертуіміз керек. Біздің елдің әр тұрғыны бірінші кезекте үлкен әріппен жазылатын азамат. Әр адам өзін осылай сезінуі керек, өйткені, азамат – мемлекеттіліктің негізі. Тек өзін еркін сезінетін және жауапкершілігі бар азаматтар ғана елді ерікті, ал билікті жауапты ете алады. Қазіргі кезде адамдардың дамуына айрықша мән беріп отырған мемлекеттер сол арқылы зор тиімділікке қол жеткізіп отыр. Президент әлеуметтік дүбаралыққа жол бермеу және өмір сапасын ұдайы арттыру үшін әлеу­меттік үлгі-қалыптар мен кепілдіктер туралы заңнама жасауды ұсынды. Ақжолдық депутаттардың партияның сайлауалды тұғырнамасында көрсе­тілген өмір сапасының негізделген ең аз өлшемдері мен көрсеткіштері, жа­лақының, зейнетақы мен жәрдемақы­лардың деңгейі, кепілді медициналық қызметтің ауқымы, әр тұрғынға шақ­қандағы төменгі тұтыну кәрзеңкесін қалыптастыру туралы, мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету бағытын­дағы ұсыныстарын заңға енгізуге күш жұмсайтын мүмкіндігі еселеп артты. Сондай-ақ, қолжетімді тұрғын үй, білім алу, медициналық көмек, мәдени-рухани салалары бойынша тұғыр­на­мадағы ұсыныстарының көбісін тиісті заңдарға енгізу бағытында да қолдары ұзарды деп санаймын. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын орнықтыру үшін ең ал­дымен заңдардың жаңа топтамасы өмірге келуі тиіс. Заңнамалық нормативтік актілерге де толып жатқан өз­герістер мен толықтырулар енуі қажет. Әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүргізілейін деп отыр. Оның ішінде жұмысқа ынталылықты артыру үшін, еңбек адамдарына кедергі келтіру, құрметпен қарамауға тыйым салу үшін еңбек туралы заңнамаға түбегейлі өзгертулер енгізіледі. Еңбек дауларын мейлінше азайтудың маңыздылығы ерекше аталады. Оның алдын алу, ескеру және реттеу шараларын бір мезетте Еңбек, Әкімшілік және Қыл­мыстық кодекстерге еңбек дауларын әдейілеп туындатқаны үшін жауапкершілік жөніндегі ережені енгізе отырып іске асыру ұсынылады. «Ақ жол» пар­тиясының депутаттық фракциясы Еңбек туралы Кодекске елеулі ұсы­ныс­тар түсіріп, еңбек адамдарының құқықтарын мейлінше қорғаудың, кең мағынасында «еңбекке табыну» мүм­кіндіктерін пайдаланып қалатын сәті туып отыр. Ақжолдықтардың сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі ұлт­тық органның рөлін күшейту бойынша Қазақстандағы Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл қызметіне қатысты заң­наманы әзірлеуге немесе қазіргі заң­намаға толықтырулар енгізуге белсене қатысуын қалар едім. Осы саланың қызметін халықаралық үлгі-қалып­тарға сәйкестендіру, сол арқылы адам құқықтарын қорғау саласының тетіктерін жандандыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгені жөн. «Ақ жол» партиясының парламенттегі фракциясы тек Үкімет енгізген жоба­ларды күтіп отырмай, қолданыстағы заңнамаға халықты әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша түзетулерді енгізу жөніндегі жұмысшы тобын құрып, бірқатар ұсыныстарды қазірден бастап әзірлеп, күзгі сессияға сақадай сай болып баруды ойластыру керек шығар. Қалай болғанда да Президент баста­маларына байланысты тиянақты пысықтаулар жүргізілуі қажет. Бұл істен партия филиалдары да қалыс қал­мауы тиіс. Кез келген заң жобаларына өз ұсыныстарыңызды беріп жатса­ңыздар Сіздердің қолдарыңызды ешкім де қақпайды ғой деп ойлаймын. Оның үстіне бүгінгі он-лайн режиміндегі жұмыс формасы тұрақты түрде пайдаланатын боламыз. Бұл сіздердің апта сайын өтетін фракция мәжіліс­теріне Астанаға келмей-ақ қатысула­рыңызға мүмкіндік береді. Біз өз арамызда «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» ұстанымын үстем ұстасақ ұтысқа шығамыз. Қай партияның да негізгі басшылыққа алатын қағида­-
сы – өзін және билікті ғана көретін менмендіктен арылып, қоғамды көру­ге, халықтың қамын ойлауға тірелгені абзал. Бұл әрбірден соң саяси мәде­ниет­тіліктің де мәселесі. Жалпы Пре­зи­денттің осы бағдарламасынан кейін жаңа саяси цикл басталатын секілді. Жұмыс жүргізудің мазмұны мен әдіс­теріне өзгерістер, тіпті жаңа бетбұ­рыстар енгізудің қажеттігі туындады.
Қазақстандық азаматтың әрқай­сысы еңбек пен білімінің, біліктілігінің арқасында өз саласында алдыңғы қа­тарлы орынға жетіп, өзінің және отбасының жақсы өмірін қамтамасыз ететіндей болуы тиіс. Ол үшін, әрине, жұрттың бәріне тең мүмкіндіктер, тең жағдай жасалуы керек. Сондықтан, ме­нің ойымша, қазіргі кезеңдегі Пар­тияның негізгі ұрандарының бірі – Еңбек, Білім және Теңдік болуы керек деп ойлаймын. Бұлар ұлттық мүдде­мізге сай келетін тұжырымдар. Па­триот­тығымыздың негізі болып са­налатын мемлекетшілдік деген де осы. Қазақ мемлекеттілігін нығайтудың да ең басты кепілі – Партияның тәуелсіз­дік, демократия, бостандық, әділеттілік деп атап көрсетілген іргелі құндылық­тарының қатарына еңбек, білім, теңдік ұғымдарын да қосып, біздің Партияның бағдарламасына енгізу керек. Пар­тиямыздың құрылғанына 10 жыл толса, Партия бағдарламасына соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеніне 12 қазанда 10 жыл болады екен. Сөз жоқ, партия бағдарламасын ақыл­ды адамдар жасаған, оның көптеген қағидаттары қазірге дейін маңызын жоймаған. Дегенмен де біз ойлаған ойларымызды, жоспарларымызды іске асыра алатын, өзімізге толық сене алатын саяси күшке айналдық емес пе? Ендеше Партияның өз бағдарла­масын еліміздің стратегиялық бағыт­тарына, бағдарламалық талаптарына сәйкестендіретін кез жетті. Өздері­ңіз­ге мәлім, Партияның Орталық кеңесі­нің хатшылығы Партияның қазіргі кезеңдегі идеологиялық қызметінің стратегиясы мен тактикасының Тұ­жырымдамасын жасап, Партия пози­цияларын жаңа көзқарастармен айқындай түскен. Ол барлық филиалдарда бар. Онда біз өзімізді бірінші – өркениетті оппозициялық, екінші – кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнестің, үшінші – нақты істердің, төртінші – ұлттық мүдделерді ілгері жылжытатын және қорғайтын, бесінші – «Алаш» қозғалысы ізбасарла­рының бірі болып табылатын партия екенімізді айттық. Осыларды және сайлауалды саяси тұғырнаманы ескере отырып, партия бағдарламасына елеулі өзгерістер енгізіп, Партия бағдарла­масының жаңа редакциясын жасайтын Партия лидері Азат Перуашевтің басқаруында редакциялық комиссия құрылып, бұл жұмысты 2013-інші жаңа жылға дейін аяқтауды қамта­масыз етсін деген ұсыныс енгіземін. Партия бағдарламасының жаңа ре­дакциясының жауапты шығару­шысы ретінде қызмет ету жауапкершілігін өз мойныма алуға дайынмын.
Елбасы іс жүзінде дағдарыстарға төтеп беретін заманауи экономикаға негіз бола алатын «Ел дамуының жаңа идеологиясын» жариялап отыр. Президент тапсырмаларына байланысты үкімет жалпыұлттық жоспар жасамақ­шы. Мемлекеттің идеология мәселе­сіне енді үлкен мән беретіндігі анық­талды. Күзге қарай Президенттің төраға­лығымен республикалық үлкен идеологиялық кеңес өткізілетіні белгілі болып отыр. Мұндай кеңестер бар­лық өңірлерде де ұйымдастырылады. Сол тұста біз де идеологиялық жұмыс жөніндегі өзіміздің сіздердің қол­дарыңыздағы Тұжырымдамамызға, 2012-2013 жылдарға арналған үгіт-насихат, саяси ағартушылық жұмыс­тарымыздың Негізгі бағыттарына түзетулер мен толықтырулар енгізетін боламыз.
Бірақ біз оған дейін де қол қусырып қарап отырмауымыз керек. Елбасы идеологиясы әр қазақстандықтың жү­регіне жол табуы керек. Партия халық арасында Елбасының бағдарламалық мақаласын түсіндіру және насихаттау бойынша жұмыстарға белсенді атса­лысуы қажет. Біздің өкілдеріміздің мақалалары жергілікті газеттерге шыға бастады. БАҚ-ымен жұмыс, баспасөз қызметінің жұмысын үйлес­тіру жалғаса береді. Сонымен қатар саяси ауызша үгіттің, жұртшылықпен бетпе-бет кездесулердің маңызы орасан зор. Мұнда әсіресе Партия фи­лиалдарының, аудандық, қалалық партия ұйымдарының рөлі үлкен, ауыл­­дардардағы, басқа да елді мекендерде жиындар өткізіп, оларда бас­тауыш партия ұйымдарын көптеп құрып, іске тарту керек. Көпшілік алдына шығып сөйлей алатын, ауызша саяси үгітке тарта алатын идеологиялық актив құру кезек күттірмейтін іс. Барлық филиалдардың жанынан ақпараттық-насихаттық топтар құ­рылуы тиіс. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан жақтастар тауып, лекторлар тобын құрып, оларды ақпараттық, үгіт-на­сихат, саяси ағартушылық жұмыстарға лекторлар ретінде де, сарапшылар ретінде партия істеріне қатыстыра алсақ абырой болар еді. Бұдан басқа аймақ­тардағы елге танымал адамдарды тарту қарастырылса дұрыс болар еді. Қазіргі кезде өңірлерде халықпен кездесулер өткізуді бастап та кеткен Парламент Мәжілісінің депутаттары – «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелерінің потенциалын пайдалану қажет. Олар жұмыс жоспарларына сәйкес ақпа­раттық, түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп қана қоймай, халықпен кері бай­ланыс орнатып, филиалдар жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұ­мыстарын жандандыруға атсалыс­қан­дары абзал. Түйіндеп айтсақ, Партия­ның парламенттік фракциясының қызметімен қатар қазіргі таңда үгіт-насихат, саяси ағарту жұмыстарын Партия қызметінің басты басымдығы деп есептеуіміз керек. Осыған жүйелі­лік сипат беру үшін республика бо­йынша айына бір рет партияның бірың­ғай ақпарат күнін өткізуді тә­жірибеге енгізуіміз қажет.
Өз мақсаттарымызды іске асыру үшін партия және партияның орталық аппараты өзінің зияткерлік қабілетін арттыра түсу тиіс. Олар партияның елдегі әрбір саяси кезеңдерде партияішілік саяси жаңғырудың негіздемелерін әзірлеуге қабілетті болуы керек, және оны ағымдағы оқиғалар мен елді да­мыту мақсаттары контексінде алып шығу маңызды. Партияның Орталық аппараты, оның филиалдарының да аппараты ақпараттық-талдамалық, сараптамалық әлеуеті мықты болып, қоғамдық-саяси үдерістерге мониторинг жүргізудің тиімді жүйесі түзілуі қажет. Орталық аппарат партияның идеологиялық активі үшін методи­калық әдістемелік көмекші құралдар шығарып тұруы тиіс. Жалпы орталық­тың да, облыстың да аппаратының кез келген қызметкері қоғамның тамыр соғысын бақылап, сезіп отыратын аналитикалық ақыл-ойдың иесі болып, қоғамдық-саяси ахуалды талдай ала­тын, газеттерге мақалалар да шыға­ратын, мінберлерде жұрт алдында сөйлей де алатын бесаспап мамандар болса нұр үстіне нұр болар еді. Филиалдар төрағалары Партия төрағасының облыстардағы тікелей өкілдері Осымен бәрі айтылып тұр. Бұл мәселені қаз­балап отырған себебім, құрметті әріп­тестер, бізге «Нұр Отанмен» ойдағыдай бәсекелестікке түсіп, конструктивті, оппонент болу үшін өзіміздің интел­лектуалдық қабілетімізді еселеп артты­руымыз керек. Олардан санымыз әлдеқайда аз, сондықтан да біздің мамандар үнемі білімін жетілдіріп, ізденісте болуы керек. Президент әрбір қазақстандықтың еңбекқор болғанын дұрыс көріп отырса, ол бізге де тікелей қатысты. Аз адаммен көп жұмыс істеу оңай емес. Бірақ, біз Қазақстанның саяси аренасына келгенімізге 10 жыл толған партиямыз және ұзақ мерзімге келген өміршең партия екенімізді айтып жүрміз ғой, ендеше соны өне бойы дәлелдеп отыруымыз үшін де білім керек, парасат керек, көп тер төгу керек. Еңбектену керек.
Жалпы бұл бағдарламалық құжат­тағы ойлар мен тұжырымдарды бір-екі адамның баяндамаларымен тарқатып айтып шығуы мүмкін емес. Мақаланың тереңдігі сондай, көптеген тұжырым­дар егжей-тегжейлі зерделенуі қажет. Оны әрбір адам оқып, өз жүрегінен өткізуі керек. Менен кейін сөйлейтін шешендердің арасында әртүрлі сала­ның мамандары болса, олар өздерін тол­ғантқан жекелеген мәселелер бо­йын­ша толықтырып, нақты ұсыныстар айтып, баяндаманы байыта түседі деп үміттенемін.
Сөзімді қорытындылай келе айта­рым: Елбасы қазақстандықтарға өз еңбегінің жемісін көруге мүмкіндік беретін нақты істер бағдарламасын ұсын­ған. Егер біз еліміз иеленетін зор по­тен­циалымен, яғни, бай табиғи ре-­
сурс­тарымызбен, кәсіби шеберлігі жоғары кадрларымызбен, қолда бар нарықтық институттарымызбен, еңбекті басты құндылық санап, бүкіл қоғамның идеясына айналдыра алсақ, осыған сәйкес ортақ күш-жігерімізді біріктіретін болсақ, алдымызға қойған кең ауқымды мақсаттарымызға жететінімізге дау жоқ. Ендеше іске сәт болсын! АҚ ЖОЛ!

2 ПІКІРЛЕР

  1. ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай,бақырмай, шақырмай іс бітіретін,терісі қалың,көнбіс,табанды қызметкер табылуы қиын.»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз