Н.Сәбильянов: Мен өзім де 31 жасқа дейін үйленбей жүрдім... Жастарды 22 жастан үй болуға үйрету керек.

Бүгін Парламент Мәжілісінде талқыланған “Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына байланысты пікір білдірген депутат Нұртай Сәбильянов жастарды ертерек үйленуге ынталандыру керектігі жайындаұсыныс айтты. «Қазір жастар саясатымен айналысып жүргендердің өзі – 30 жасқа келсе де, тұрмыс құрмаған не үйленбеген адамдар. Сондықтан олар жас отбасылардың жағдайын көп біле бермейді» деп бастады өз ойын депутат. Оның ойынша, адамды 22 жасынан бастап үйлендіруге ынталандыра беру керек. Н.Сәбильянов дәл 22 жасты жоғары оқу орнын бітірген шаққа байланыстырып айтып отырғанын жеткізді. «Ал қажет деп тапса, 20 жасында да үйлене берсін» дейді халық қалаулысы. Депутаттың пайымынша, жастарға сол институт бітірген кезінен бастап қолдау көрсеткен жөн. Мысалы, міндетті түрде жұмыспен, сосын баспанамен қамтамасыз ету керек. «Біреуі кейін оқимын десе, неге грант бөлмеске? Біреулер магистратурада оқығысы келеді. Олардың көбі ақылы. Бала туса, ол жағынан да қамтамасыз еткен жөн. Баласы көп туылған сайын пәтерді тегін жекешелендіріп берсе, артық болмайды. Алайда бұл бәрін солардың аузына тоса беру керек деген сөз емес. Әрі қарай балаларын өсіп жетілдіру үшін өздері-ақ жүгіріп жүріп еңбек ететін болады» дейді Н.Сәбильянов. Ол осының бәрін жүзеге асыру үшін бірнеше заңға өзгерістер енгізу қажет деп есептейді. Тек мұны Үкімет те дұрыс түсініп, қолдауы тиіс. «Осындай ауқымды шаралар жүзеге асырылмаса, көптеген жастар қу тізесін құшақтап қала береді. Мен өзім де 31-ге дейін үйленбей жүрдім. Жүрген адам жүре береді екен. «Бәріміз де кезінде үйсіз-күйсіз жүрдік қой. Жағдайымыз кейін түзелді» дейтіндер бар. Бірақ ол кезде заман басқа болатын» деп түйді ойын депутат.

                                                                                                                                                                                                                                      Оразәлі Баймұрат

                                                                                                                                                                                                                            Еуразия бірінші  арнасы