Нұркен Әбдіровтың 100 жылдығына орай танымдық шара өтті

Әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтың 100 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Мәңгілік елдің мұрагерлері» атты танымдық шара өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені» ұйымдастырған танымдық дөңгелек үстел жұмысына белгілі зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

- Кештің мақсаты туған жері мен елін жаудан қорғап, туған халқына суықта пана, ыстықта сая болған, Ұлы Отан соғысының батыры Нұркен Әбдіров сынды есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер өмірімен танысып, өнеге алу. Батырлар ерлігі арқылы жас ұрпақ бойындағы отан сүйгіштік және патриоттық сезімдерін ояту, - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Нұркен Әбдіров 1919 жылы Қарқаралы өңірінде бұрынғы 5-ші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы шаруашылық аумағында шаруа отбасында дүниеге келген. Кейін ата–анасымен бірге Қарағандыға қоныс аударып, қалада әуе клубында ұшқыш мамандығын игерген. Соғыс басталғанда Нұркен Орынбор әуе училищесінде оқитын. Оны алдымен Ташкенттегі, одан кейін Сібір қалаларының біріндегі шабуылшы әскери ұшқыш дайындайтын курстарға жіберді.

Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нұркен жаудың 18 танкісін, 46 жүк көлігін, оның ішінде оқ дәрі тасыған 18 керуенді, жанар май құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын, көптеген жаяу әскерді жойды.