Елордада «Жеңіс ленталары» таратылып жатыр
2019 ж. 08 мамыр
3936
0
Отан қорғаушылар күнін мерекелеу аясында елордада «Жеңіс лентасы» патриоттық акциясы өтуде. Аталмыш шара ІІ дүниежүзілік соғыстың қаһарлы жылдарын еске алуға бағытталған, деп хабарлады елорда әкімдігінің сайты.
Қоғамдық даму істері басқармасының хабарлауынша, акцияның бірінші күнінде 20 мыңнан астам лента таратылды.
«Мен өте қуаныштымын. Балалар, оқушылар мен студенттердің біздің ашық аспанымыз үшін қан төккен ардагерлерге деген ықыластарына ризамын», - деп пікірін білдірді Ұлы Отан соғысы ардегерінің қызы Софья Павлова.
«Жеңіс лентасы» көк аспан түсті, ортасында алтын түсте ұлттық оюлы жолағы бар. Шеттерінде ІІ дүниежүзілік соғыстың ордендері безендірілген. Бұл соғыста қазақстандықтардың көрсеткен қайраты мен қайсарлығын бейнелейді. Лента «9 Мамыр - Жеңіс күні, 1941-1945 жылдар» жазуы бар төсбелгімен бекітілген.
«Патриоттық акция жыл сайын ұйымдастырылады. Жылдан жылға тұрғындар тарапынан шараға деген қызығушылық артып келеді. Себебі лента жеңіс символына айналды. Ленталарды алуға келген адамдар саны уақыт өткен сайын көбеюде», - дейді еріктілер.
Еске сала кетейік, жеңіс символын 3 жерден алуға болады: «Бәйтерек» монументі алаңында, «Ғашықтар бағында» (Хан Шатыр ОСО) және Қалалық алаңда. Сонымен бірге, ленталар 9 мамырға арналған барлық мерекелік іс-шарада таратылады. 9 мамырға дейін өтетін патриоттық акция аясында 100 мың «Жеңіс лентасын» тарату жоспарланған.