Қарағандыда "Достық шаңырағы" этномәдени фестивалі өтті
2019 ж. 02 мамыр
2672
0
1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл бір отбасының мүшелеріндей болған Қазақстан халқының татулығы мен рухани бірлігін, ынтымағы мен түрлі мәдениетінің тоғысуын бейнелейтін ғажап мереке. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Осы себеппен Достық үйінде Қазақстан халықтарының бірлігі күніне және Қазақстан Республикасының Жастар жылына арналған "Достық шаңырағы " атты XXIV облыстық этномәдениет фестивалі өтті.
Ел бірлігі мен этносаралық келісімді нығайтып, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық үлгісін көрсеткен шара этномәдени бірлестіктердің музыкасын, дәстүрін, тілі мен мәдениетін жаңғырту, сақтау және дамыту мақсатында ұйымдастырылған.
Тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікке қол жеткізудің негізін қалайтын фактор: халықтың бірлігі, бейбітшілігі мен татулығы, достығы мен этносаралық келісімі екені анық. Бүгінгі игі шара тұрғындарға Қазақстандық патриотизм идеяларын насихаттап, мейірімділік, өзара құрмет, ұрпақтар сабақтастығы сияқты жалпы рухани құндылықтарды түсіндірді. Қазақстан халқына тән қонақжайлылық пен мейірім үлгісін көрсетті.
Бірлікті тәу еткен айтулы мерекеге Ұлы Отан соғысы ардагерлері, облыстық Қазақстан халқа Ассамблеясының этномәдени бірлестік өкілдері, жастар қанаты мүшелері, «Жаңғыру жолы» жобасының белсенділері және қала тұрғындары қатысты.
Фестиваль қонақтары келгеннен «Бір шаңырақ астында» этноауылының көз тартар көрмесін тамашалады. Көрмеге этностардың ұлттық қолөнері, қолданбалы тұрмыстық заттары мен әр ұлттың өзіне тән тағамдары қойылды.
Көрмеден соң фестиваль «Біз бір отбасымыз» атты мерелік шарамен өз жалғасын тапты. Концерт Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайынның құттықтау сөзімен басталды. Сайыс шарты бойынша әр этномәдени бірлестік туған тілінде және мемлекеттік тілде өз өнерлерін ортаға салды. Конкурсқа облыстық этномәдени бірлестіктердің 28 шығармашылық ұжымы қатысты.Қатысушылар ұлттық әуендерін әуелетіп, мың бұрала би биледі,
домбыра да тартты. Достық үйінде тұңғыш рет өткізіліп тұрған фестивальдің ерекшелігі қатысушылардың қазақ тілінде өнер көрсетуі болды. Ән–күйден шашу шашқан шара келген көрерменнің көңілін көтерді.
Конкурс соңында барлық қатысушы этномәдени бірлестіктер мақтау қағаздарымен марапатталды. Шара қатысушылары бірлесіп «Атамекен» әнін шырқады.