ЖАУАПСЫЗ АТА-АНАЛАР ЕСЕПКЕ АЛЫНАДЫ

Қазақстанда балаларына жауапсыз қарайтын ата-аналар бойынша жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік-медициналық есеп жүргізетін болады. Бұл туралы елордада жасөспірімдер құқығын қорғауға арналған республикалық жиында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов хабарлады. «Қазіргі таңда көп жағдайда аз қамтылған отбасындағы ата-аналар балаларына тиісті дәрежеде қарай алмай, жазаға тартылып жатады. Өкінішке қарай, полиция ондай отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарта алмайды. Ал сондай санаттағы ата-аналарға заң бойынша көбінесе жазалау шаралары қолданылып жатады. Біріншіден, жауапсыз ата-аналарға кеңес берілсе, екінші жағдайда қылмыстық жауап­кершілікке тарту тетігі қол­данылады. Одан пайда болмаса, ата-ана баланы өсіру, тәрбиелеу құқығынан айырылып, оның баласы арнайы мектепке жолданады. Бірақ, өкінішке қарай балалардың құқығын қорғаймыз деп отырып, біз «әлеуметтік жетімдік» мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз», – дейді Әсет Оспанов. Оның келтірген деректеріне сәйкес, бір ғана елордада жыл сайын сот мыңға тарта әке-шешені ата-ана құқығынан айырады. Бұл жағдайда ата-ана өзімен өзі оңаша қалып, бала үшін ешқандай жауапкершілік болмайды. Ал баласы арнайы мекемеде тәрбиеленіп, ақыры бұның бәрі мемлекеттік бюджетке салмақ түсіреді. Ата-аналар әрі қарай ішімдіктен бас көтермей, салдарынан ешқандай оң нәтиже шықпайды. Сол себепті, халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, әлеуметтік-медициналық есепті жүргізу жұмысы жергілікті атқа­рушы органдардың назарын аз қамтылған отбасыларға аудару қажеттігі туындап отыр. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, бұдан былай жергілікті атқарушы органдар ішкі істер органдарының мәліметтері негі­зінде медициналық-әлеуметтік есеп жүргізуге міндеттеледі. qazaquni.kz