БАРЫМТАШЫЛАР БҰҒАУЛАНДЫ
2019 ж. 02 мамыр
2240
3
Алматы облысының полицейлері 45 күн ішінде мал ұрлығына қатысы бар 110 күдіктіні ұстады. Тәртіп сақшылары «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 150 деректі әшкереледі.
Жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде бір жарым ай ішінде мал ұрлығына қатысты 93 қылмыс ізі суымай ашылды. Бұған дейін жасалған өзгенің малын қолды етудің 56 дерегінің мән-жайы анықталып, күдіктілер ұсталды. Оның 37 қылмысы «бұрынғы жылдар» санатына жатады. Қолды болған малды іздестіру барысында полицейлер 177 малды өз иелеріне қайтарды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары облыс аумағында мал және ет өнімдерін тасымалдауға талапты күшейткен. Облыстағы барлық автожолдарда бекеттер ұйымдастырып, іс-шара кезінде 3300 көліктің құжаттары тексеріліп, мал тасымалдау тәртібін бұзған 440-тан астам жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Өз кезегінде, тәртіп сақшылары мал иелеріне өз малдарына мұқият болуға шақырады. Жайылымнан жоғалған малды өздері іздеп, көп уақыт жоғалтатынын және ол малды жедел іздестіруге кері ықпал ететінін ескертеді.
qazaquni.kz